Назарбаев орталығында тарихи құжаттардың көрмесі өтті

25 Тамыз 2022, 17:58 2750

Елордада «Конституция – мемлекеттіліктің негізі» көрмесі өтті.

Назарбаев орталығының ғимаратында Конституция күніне арналған «Конституция – мемлекеттіліктің негізі» көрмесі ашылды, деп хабарлайды El.kz.  

Көрменің ашылу салтанатына депутаттар мен мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты.

  

«Көрмеге «Конституция – мемлекеттіліктің негізі» деген атау кездейсоқ қойылған жоқ. 1990 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін мемлекетіміздің әрбір маңызды кезеңін Ата заңымыз арқылы зерттеп, даралауымыз керек. Бұл тұрғыда көрменің маңызы зор. Себебі, көрмеде еліміздегі барлық қабылданған маңызды оқиғаларды баяндайтын құжаттар бар», – деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйшә Ақтаева. 

Көрме Қазақстан тарихын қамтитын 3 негізгі кезеңге бөліп қарастырылған.  

Көрменің бірінші кезеңінде Ұлы даланың Ұлағатты заңдары туралы баяндайтын экспозиция ұсынылған. Онда тарихымыздағы хандардың қабылдаған заңдары баяндалған. Мысалы, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы», Шоқан Уәлихановтың «Сот жүйесі реформасы», Абайдың «Қарамола ережелері» және Алаш Орда кезіндегі саясаттық билік бағдарламалары ұсынылған.  




Екінші кезеңінде «Конституция – тәуелсіздік тірегі» аясындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қорындағы Қазақстан егемендік алып, тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңді бейнелейтін мұрағаттық құжаттар мен фотосуреттерді ұсынған. Сондай-ақ 1993 жылдан бастап 1995 жылға дейінгі Ата заңымыздағы өзгерістерді таныстыратын экспозиция қойылған. 




Көрменің үшінші кезеңінде биыл маусым айында өткен референдумдағы соңғы құжаттар да таныстырылды.   Орталық комиссияның қолдауымен бұл құжаттар алғаш рет көпшілікке таныстырылды.





Миражан Махан
Бөлісу: