Наурыз мерекесінің тарихы мен бүгінгі ерекшеліктері

31 Наурыз 2023, 12:22 2880

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамын тойлаудың алғашқы күні ретінде Көрісу күнімен құттықтағаны белгілі. Бұл ҚР Президентінің тәуелсіздіктің отыз жылында қазақстандықтарды Көрісу күнімен құттықтауының бірінші сәті болды. Осылайша Көрісу күні наурыз мерекесінің басталуы ретінде қабылданғанын байқауға болады. Демек, еліміз қазіргі сәтте наурыз мерекесін тойлау үстінде.

Тарихтың тереңінен

Қар көбесі сөгіліп, даламызға қыз көктемнің келген кезі, ел аузының аққа тиген шағы, күн мен түннің теңелген күні саналатын бүкіл исі түркі жұртына ортақ ұлы дүбір мереке әз наурыздың қай кезден бастап тойланғанын тап басып айту қиын. Бұл туралы қилы жорамалдар аңызға бергісіз әфсаналар бар. Қазіргі Ақпарат және қоғамдық даму министріміз, белгілі түркітанушы Дархан Қыдырәлі осыдан үш-төрт жыл бұрынғы фейсбуктағы жазбасында бұл мерекенің ықылым заманнан бері тойланып келе жатқандығына бір жорамал жасады: «Наурыз мерекесінің шығу тарихы туралы деректер көп. Рашид ад-Диннің «Жәмиғат-тауарих» кітабындағы аңызға сүйінсек, әйгілі Оғыз ханнан тараған Ел ханның елі шапқыншылыққа түсіп, ұрпағы Ергенеқон шатқалына тығылып, аман қалады. Тар шатқалда өсіп-өніп, көбейген халық наурызда көрік қыздырып, тауды темірмен ерітіп, көк бөрінің жол көрсетуімен етекке түседі. Сөйтіп, олар жауын жеңіп Отанын азат етеді. Осылайша, Ергенеқоннан шыққан күнін жыл сайын наурызда тойлай бастайды. Жаңғыру мен жаңарудың бұл мейрамы сол заманнан бастап Ұлыстың ұлы күні деп аталады. Темірді қамырша илеген батыр бабаларымыздың Наурыз күні балғамен төс соғып, көрік қыздырып, темір соғу салты осы аңызға байланысты қалыптасқан дәстүр деседі» деп жазыпты.

Егер Рашид ад-Диннің ХІІІ ғасырда өмір сүргенің еске алсақ, оның өзі наурыздың басталуын аңызға сүйеніп айтып отырса, онда бұл мерекенің сол заманнан да бірнеше ғасырлар бұрын пайда болғандығын бағамдауға болады.

Беллгілі журналист, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Омаров өзінің осыдан екі жыл бұрын  «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген«Ұлы күнді ұлықтау («Қазақ» газетінің Наурыз мейрамын қалай дәріптегені хақында)» атты мақаласында: «Наурыздың ықылым заманнан бері келе жатқан ұғым екені, әр дәуірде сипаты біршама өзгеріп отыр­ғаны тура­лы деректер жеткілікті. Оның атауы ең көне деген рухани құнды­лық­тарымызда да ұшырасады. Бұл – айтулы мейрамның ғұмырының ұзақтығының дәлелі» дейді. 

Жалпы осындай пікірлер мен тұжырымдарды көптеген тарихшылар мен ғалымдар, этнографтар тарапынан кездестіруге болады.

Наурыз табиғатымызға тән мереке

Қазақ тарихының білгірлерінің бірі, ғұлама ғалым Халифа Алтай ақсақал да кезінде наурыз мерекесінің тарихы туралы өз пікірлерін қалдырған. Ұлттардың ұлт болып қалыптасуында дін, тіл, тарих, отанның тұтастығы; әдет-ғұрып және мәдениет сияқты элементтер орын алатындығын,ал мәдениеттің ұлттарды майданға келтірген ең маңызды элементтердің бірі болып табылатындығын, ұлттардың бүкіл өнерлік іс-әрекеттерінің, сенімдерінің, салт-дәстүрлерінің, ой-пікірлерінің, тіршіліктерінің және жүріс-тұрыстарының барлығы сол ұлттың мәдениетінен нәр алатындығын айта келіп: «Адам баласының жаратылуымен басталған мәдениеттің ортаға шығуында бүкіл адам атаулының үлесі және орны бар. Ұлттардың пайда болуында және жетілуінде өте маңызды орны болған әдет-ғұрыптар, тарихы білінбеген кезеңдерден бастап, қазіргі күнімізге дейін дамып жалғасып келе жатыр. Осы ерекшелігінің себебімен де ұлттың өзара байланысын нығайтқан ең маңызды элемент болып табылады. Тарихтың ең көне дәуірінен бастап, түрік халықтарында көктем мерекесіне байланысты салт-саналардың мейлінше көптеген түрі және жалпылай қалыптасқандығы көзге түседі. Алтайдан Балқанға дейінгі аралықта өмір сүрген түрік халықтары тарапынан мыңдаған жылдардан бері құттықталған және қазіргі заманымызда да құттықталудағы Наурыз мерекесі де – сол дәстүрлердің бірі. Ғасырлар бойы түрік халықтарында кейбір өзгерістермен құттықталған «Наурыз мерекесі» тарихи және ұлттық өрнектермен безенген бір салт екені даусыз. Бұл дәстүрдің сақталуы мәдениетке ие болып табылады» дейді.

Демек, ғұламаның мерекенің тарихи сипатына терең бойлай отырып, оны халық ретінде қалыптасу, ұлтты құрау мәселелерімен тығыз байланыстыруына қарағанда Наурыз мерекесін түркі халықтарының барлық тарихи мерекелерінің бастауында тұрған жалпыға ортақ ірі құбылыс ретінде қарастыруға да болады. Яғни бұл мейрам қазақ қазақ болғаннан көп бұрын, түркі түркі болып қалыптасқан сәттен бастау алған секілді. Оны жоғарыдағы Дархан Қыдырәлі мен Бауыржан Омаровтың жазбалары да қуаттай түсетіні анық.

Сондай-ақ біз ұлттың немесе халықтың қалыптасу бастауларында бұл процеске табиғи факторлардың әсері мол болғандығын білеміз. Мәселен біздің қазақ халқы коңыс етіп келе жатқан байтақ дала табиғаты қысқы уақыттары өте қатал екені белгілі. Осы қатал табиғат факторы халықтың көңілі мен бүкіл тұрмыс тіршілігінде күннің көзі жылт етіп, көктемнің келу қуанышын арттырған. Көктемге аңсап жеткен халықтың Наурыз мерекесін тойға айналдыруды ешкімнің ақыл-кеңесінсіз-ақ табиғи түрде туындаған, яғни болуы тиісті заңды құбылыс еді деген ойдамыз.

Халифа Алтайдың келтіруінше Наурыз парсыша «жаңа күн» деген ұғымды береді. Милади наурыз айының 21 күніне сәйкес келіп, күнмен түн теңеледі. Наурыз, көне түріктерде және парсыларда "жылбасы"деп қабылданған. Наурыз біздің эрамыздан бұрынғы жылдарда, әсіресе белгілі бір жафрапияда өмір сүрген халықтардың бүтінінде көктем салты болып табылады.

«Заманға байланысты өзгеру, жаңалану,даму ерекшеліктерін қамтыған. Әрі бұл ерекшелігімен ширақ бір құрылысқа ие болған салт-дәстүрлерді ұлт мәдениетін ортаға келтірген ірге тастардың бірі деуге болады. Бұл элементтер бір ұлтты басқа ұлттардан айыратын және ол ұлтқа тән айрықша сезім әрі пікір бірлігін құрастыратын ортақ рух болып табылады. Бұл рух, материалдық және рухани бұлақтардан нәр алады. Материалдық бұлақ, ғылым және техникалық саладағы мәдениет болып, қолмен ұсталып көзбен көрілетін нәрселерден құралғанды айтады. Бірақ ортаға келтірілген бұл материалдық мәдениеттің өзі, рухани мәдениеттен нәр алып күшейеді. Бір туындының және құрылыстың көрінісінің ортаға шығуы, соны жасағандардың керектену және қолдану алаңының, сезім әрі тіршіліктерінің әсерімен түрленіп қалыптасады. Құрылыстың эстетикалық түр, өрнек және безендірілуінде әрқандай материялдық белгі көрінсе де, онда да рухани мәдениеттің де ықпалы бар» деп түйіндейді ғұлама.

Наурыз мерекесі тұншықтырылған кезең

Демек, наурыздың тойлануы түркілердің халық ретінде қалыптасу кезеңінен бастау алып, ықылым замандардан бері дәстүр салтымызға берік енген дүние. Бірақ та әртүрлі замандардың, көршілес халықтардың ықпал етуімен бұл мерекенің де өзгеріске түскен кездерін байқауға болады. Мәселен қазақ халқын ғасырлар бойы бодандықта ұстаған патшалы Ресей кезеңін алсақ, мерекенің маңызын әлсіретуге ұмтылыстар сол кездердің өзінде бастау алып кеткен секілді. Сөйтіп бұл мерекені тойлау жағдайы кеңестік кезеңнің өзіне әлсірей жеткені сол кездегі білімді азаматтардың жазбаларынан сезіліп қалады. Сондықтан болар бұл мерекенің маңызына басқа шаруалары шаш-етектен болса да Алаш арыстары көңіл бөліп отырған. Мәселен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов секілді ірі қайраткерлердің наурызға қатысты мақалалар жазғаны белгілі.  Сол тұста шығып тұрған «Қазақ» газеті осы тақырыпқа бірнеше рет оралған.

Ал кеңестік кезеңнің құйтұрқы саясаты наурыз мейрамын мүлдем тұншықтырып тастауға тырысты. «Мерекенің діни сипаты мол» дегендей жалған айыптар тағып, оны тойлатпауға тырысты. Сөйтіп сондағы жетпіс жыл кезеңде бағзы заманнан бері келе жатқан ең ұлық мерекелеріміздің бірінен көз жазып қалардай жағдайға түстік.

Халық талабы мен қайраткерлік қырлары

Тек тәуелсіздік қарсаңында ғана халықтың қолауына сүйенген ұлтымыздың біртуар азаматтарының осы бағытта жұмыс істеп, қайрат көрсетуінің нәтижесінде ішінара тойлай бастадық. Ал тәуелсіздік кезінде оны қалай атап өтіп келе жатқанымыз жалпы жұртқа белгілі. Негізінен алғанда, әр өңір оны өзінше тойлап жатты. Жалпы мемлекетке ортақ сипат пен тұжырымдама болмады. Осы кемшілік биылдан бастап түзетілмек. Оның алғашқы нышаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқын осы мерекемен алғаш рет құттықтауынан көрінді.

«Баршаңызды бүгінгі Көрісу күнімен құттықтаймын! Ежелден келе жатқан ата салтымыз бойынша жастар осы күні үлкендерге сәлем беріп, батасын алады. Жұрт бір-біріне ақ тілектерін арнайды. Бұл – нағыз береке-бірлік пен ырыс-ынтымақтың мейрамы» деп жазды Тоқаев Twitter-дегі парақшасында. Сондай-ақ теледидар арқылы құттықтау болды.

Наурыздың жаңа сипаттары

Сондай-ақ осы оқиғаның алдында Қазақстанда Наурыз мейрамын 10 күн бойы атап өту ұсынылған болатын. Соған орай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің Үкімет оны тойлаудың жалпыға тән тұжырымдамасын жасап, бекітті. Демек, бұдан былайғы уақыттары елімізде наурыз мейрамының жалпы халықтық сипаты арттырылып, енді оған бүкіл қоғамды біріктіретін жаңаша мән кіргізілетін болады. Мәселен мейрамның әр күні ата-бабамыз салып кеткен жолды жалғастыра отырып, елге пайдасы мол игілікті істер мен шараларға қарай ойысады. Өйткені ол күндердің "Көрісу күні", "Жайлау күні", "Шежіре күні", "Тарихқа тағзым күні", "Игі істер күні", "Шымырлық пен шеберлік күні", "Зияткерлік күні", "Ұлттық тағамдар күні", "Ұлыстың ұлы күні", "Жоралғы күні" деп аталуының өзі көп жайттан сыр аңғартатындай.

Сонымен бағзы замандардан келе жатқан ұлық мерекені тойлаудың биылғы жылдан бастап өз ерекшеліктері орын ала бастайды. Ол ерекшеліктің басты негізі ата-баба салт дәстүрін қайта жалғастыру, реткі келген жерінде заманымызға сай жаңғыртып отыру. Мұның өзі Мемлекет басшысының «халықты тыңдайтын мемлекет» қағидатынан бастау  алып жатқандай. Наурызға мән кірсе, шырай кірсе, ұлттық салт-дәстүрімізге де сән кіреді. Осылайша, халқымыз ата-бабалар аңсаған ақ жолға түсіп, ұлттық сипатымыз асқақтай түседі деген ойдамыз.

Талдыбек Санатов
Бөлісу: