Наурыз көже еліміздің әр өңірінде қалай дайындалады

22 Наурыз, 13:00 1242

Наурыз көже – Ұлыстың ұлы күнінде дайындалатын мейрамның нышанына айналған негізгі ас. Оның ерекшелігі құрамына міндетті түрде 7 түрлі дәм қосылады. Ал ол еліміздің әр өңірінде әр түрлі дайындалады. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі еліміздің өңірлерінде наурыз көже қалай дайындалатынын тұрғындарынан сұрап көрді.  

Наурыз көжені дайындауда белгілі бір рецепт жоқ. Сондықтан оны әзірлеуде әркім өз талғамына қарайды. Мәселен, шығыс қазақстандықтар Наурыз көжеге міндетті түрде қолдан дайындалған кеспе қосатын көрінеді. Жалпы шығыста Наурыз көжені қалай дайындайтынын Семей тұрғыны Халида Досымқанова айтып берді.

Ең алдымен етті пісіріп, сүзіп алады. Сорпаны сүзіп бір ыдысқа құйып қояды. Наурыз көжеге қосатын дәнді-дақылдарды өз қалағанынша қосуға болады. Дегенмен дәндерді жеке-жеке пісіріп алу керек. Сонда сорпаның дәмі де бұзылмайды, дәрумені де сақталады. Дәнді-дақылдарымыз пісіп болған соң бәрін қосып, тұз салып қайнатады және осы кезде қолдан дайындалған кеспені де салу керек.  Наурыз көже дайын болғанда езілген құртты салып, араластыру керек, - дейді Халида Досымқанова.

Ал оңтүстікте Наурыз көжені дайындау сәл өзгеше екен. Мәселен, шымкенттіктер Наурыз көжеге міндетті түрде жүгері қосып дайындайды. Сондай-ақ, ол Наурыз көжеге тәтті дәм береді.

Әдетте Наурыз көжені жылқы етімен, қазымен дайындайды. Өз қалауынша дәнді-дақылдарды қосып дайындап жатады. Мысалы, мен жүгері, арпа, күріш  немесе бидай, тары қосып дайындаймын. Әрине, 7 дәнге толыруға тырысамыз. Тұз бен құртты да ұмытпауымыз керек. Наурыз көжеге дәнді-дақылдардан бұрын ақты көбірек қосамыз. Айран, сүт немесе қымызды да қосып жатады, - дейді Шымкент қаласының тұрғыны.

Кейіпкеріміз Наурыз көжеге әр өнімді салып дайындап жатқан кезде жаңа жылда тыныштық болсын, ел-жұрт аман-сау, бақуатты, көпшіл болсын деп тілек тілеу керек екенін айтты. Сөзінше, Наурыз көжені тойып ішу керек. Туыс-туған мен барлық жақындарды тағамнан дәм таттырған абзал. Сонда үйге ырыс, береке мен бақ келеді деп сенген.

Наурыз көжені Шымкентте жүгері қосып дайындаса, Қостанайда қарақұмық қосады екен. Қостанайлықтардың Наурыз көже дайындаудағы әдісі сәл басқаша. Себебі, олар дәнді-дақылдарды жеке-жеке емес, барлығын бірге қосып дайындайды.  

Наурыз көжені сиырдың немесе жылқының етімен дайындаймыз. Етті бөлек 2,5 сағат қайнатып, пісір аламыз. Кейін сорпасына арпа, күріш, тары және қарақұмықты кезек-кезекпен салып бірге қайнатамыз. Біз жақта көбінесе көжеге қымыз құяды. Тұз салады. Әрине, өз қалауынша басқа дақылдарды қосады,- дейді қостанайлық тұрғын.

Қостанайлықтар ақты молынан құяды. Сондықтан Наурыз көжені қою емес, сұйық қылып дайындау керек деп кеңес береді.

Өңірлердің ішінде ингредиенті ең көп Наурыз көжені Қызылорда да дайындайды деп айтуға болады. Қызылордалықтар Наурыз көже дайындауда 7 дәмнен де артығымен қосады. Сәйкесінше, Наурыз көжені қою етіп дайындайды.  

Сонымен қатар Наурыз көжені сүрленген етпен дайындаса өте дәмді болады. Ол тағамға ерекше дәм береді, дәрумені де көп болады.

Қызылорда тұрғыны Зияда Хамза Наурыз көжені дайындауға 5-6 сағат кететінін айтады. Себебі, оның құрамындағы дәмдер баппен қайнап пісу керек дейді. 

Сүрленген ет пен қазы-қартаны асықпай баппен қайнату керек. Кейін бидай, бұршақ, арпа, тары, жарма, күрішті қосып қайнатамыз. Өз қалауынша кеспе де қосуға болады. Әрине, басты ингредиенттердің қатарында құрт пен сүзбе де бар. Қазақта «Ақ мол болсын» деп бата беріп жатады. Сондықтан Наурыз көжеге ақты молынан құяды, - дейді.

Наурыз көжені оңтүстік пен шығыста айранмен, солтүстікте қымызбен дайындаса, ал еліміздің батысында шұбат қосады екен.

Сонымен қатар, наурыз көжеге мейіз бен өрікті де қосып жатады.

Наурыз көже дайындағанда қазақтың дастарқанында міндетті түрде нан, бауырсақ, құрт пен ірімшік тұрған.

Миражан Махан
Бөлісу: