02.02.2026
16:37
1036
«Наурыз» ипотекасы: бағдарламаға қатысу үшін нені білу керек?

«Наурыз» ипотекасы: бағдарламаға қатысу үшін нені білу керек?

Наурыз айында «Наурыз» мемлекеттік ипотекалық бағдарламасының жаңа кезеңі бойынша өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Krisha.kz мәліметінше, бағдарламаға қызығушылық жоғары болғанымен, өтінім бергендердің бәрі бірдей баспана сатып алу сатысына жете бермейді. Себебі талаптар қатаң, ал іріктеу конкурстық негізде өтеді.

Бағдарламаның қалай жұмыс істейтінін және алдын ала нені ескеру қажет екенін бірге қарастырайық.

Оқи отырыңыз:

«Наурыз» ипотекасы деген не?

«Наурыз» – 2024 жылы іске қосылған мемлекеттік ипотекалық бағдарлама. Оның операторы – Отбасы банк. Бағдарлама 2031-2032 жылдарға дейін жалғасады.

Бағдарлама аясында мынадай тұрғын үйлерді сатып алуға болады:

Қай нарықтағы баспана қолжетімді?

Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында:

– бірінші нарықтағы (жаңа) тұрғын үйлер;
– ҚТК кепілдігі бар дайын немесе салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер.

Өңірлер мен моноқалаларда:

– бірінші және екінші нарықтағы пәтерлер;
– жеке тұрғын үйлер (жер үйлер).

Облыс орталықтарының тізімі:

Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Қонаев, Павлодар, Петропавл, Семей, Жезқазған, Талдықорған, Тараз, Түркістан, Орал, Өскемен.

Кімдер қатыса алады?

Басты талап – соңғы 5 жыл ішінде қарыз алушының және оның отбасы мүшелерінің (жұбайы, 18 жасқа дейінгі балалары) атында ешқандай тұрғын үй немесе үлес болмауы тиіс.

Ескерту:

Мұрагерлікпен алынған үлес те есепке алынады. Оны өтінім алдында сату көмектеспейді –5 жыл өткеннен кейін ғана бағдарламаға қатысуға болады.

Ипотеканың негізгі шарттары

Пайыздық мөлшерлеме:

7 % – әлеуметтік осал топтар үшін;

9 % – қалған қатысушылар үшін.

Бастапқы жарна:

10 % – дайын пәтер алғанда;

20 % – қара сылақтағы немесе екінші нарықтағы тұрғын үйге.

Қарыз сомасының шегі:

36 млн теңгеге дейін – Алматы мен Астанада;

30 млн теңгеге дейін – өңірлерде.

Егер пәтер қара сылақпен берілсе, несие сомасының 20 %-ын жөндеу жұмыстарына жұмсауға болады.

Несие мерзімі: 19 жыл.

Өтінім беруге қалай дайындалу керек?

1. Отбасы банкте депозит ашу

Бағдарламаға қатысу үшін Отбасы банкте депозиттің болуы – міндетті шарт.

Депозитті өтінім берер алдында да ашуға болады;

Ашылған уақыты маңызды емес;

Ең төменгі сома – 2 млн теңге.

Маңызды:

«Табысты», «Жинақ» және «Арнау» депозиттері жарамсыз. Мысалы, «Баспана» тарифі бар депозит қажет.

2. Меншігіңізде үй бар-жоғын тексеру

Жылжымайтын мүліктің бар-жоғын мына жерлерден тексеруге болады:

eGov.kz порталында;

Kaspi немесе Halyk Bank қосымшаларында.

Қызмет атауы: Ф-6 анықтамасы (жылжымайтын мүліктің болуы туралы).

3. Конкурстық іріктеуге дайын болыңыз

Өтінімнен кейін барлық қатысушы ұпай бойынша рейтингке бөлінеді. Нақты «өтетін балл» жоқ – бәрі қатысушылар саны мен олардың жинағына байланысты.

Ұпай мына көрсеткіштер үшін беріледі:

депозиттегі банк сыйақысы: әр 1000 теңге үшін – 1 ұпай;

ресми некеде болу – +5 ұпай;

18 жасқа дейінгі балалар – +10 ұпай;

әлеуметтік осал топ мәртебесі – +10 ұпай;

35 жасқа дейінгі жас – +5 ұпай.

Ескерту:

Ұпайдың негізгі бөлігі банк сыйақысына байланысты. Яғни депозиттегі ақша сомасы мен оның банкке қанша уақыт жатқандығы шешуші рөл атқарады. Бұрынғы кезеңдерде жинағы аз қатысушылар іріктеуден өте алмаған.

4. Несие тарихы мен табысты тексеру

Конкурстық іріктеуден кейін банк қарыз алушының төлем қабілеттілігін қарайды.

Банк мыналарды есепке алады:

  • ресми табыс;
  • соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдары;
  • қолданыстағы несиелер мен қарыздар;
  • несие тарихы.

Егер несие жүктемесі жоғары болса, төлем кешіктірілген немесе зейнетақы аударымдары болмаса – банк бас тартуы мүмкін. Сондықтан өтінім берер алдында несиелерді жауып, қаржылық жүктемені азайтқан жөн.

Банк мақұлдаған соң не істеу керек?

Өтінім мақұлданғаннан кейін қатысушы 6 ай ішінде тұрғын үй тауып, сатып алуы тиіс.

Жаңа тұрғын үй:

Тек Отбасы банк бекіткен тізімнен таңдалады;

Қазіргі таңда порталда шамамен 850 тұрғын үй объектісі бар.

Өңірлерде таңдау шектеулі, ал ірі қалаларда пәтерлердің басым бөлігі қымбат. Қолжетімді нұсқалар көбіне қаланың шетінде орналасқан.

Екінші нарық:

Қатысушылар баспананы өздері іздейді;

«Наурыз» ипотекасы қалай төленеді?

Бағдарлама екі кезеңнен тұрады:

1-кезең – алдын ала несие (8 жыл)

Ай сайынғы төлем жоғарырақ:

  • бір бөлігі – пайызға,
  • бір бөлігі – депозиттегі жинаққа аударылады.

2-кезең – тұрғын үй несиесі (11 жыл)

Депозитте тұрғын үй құнының 50 %-ы жиналған соң:

  • пайыздық мөлшерлеме төмендейді;
  • ай сайынғы төлем азаяды.

Бұған дейін сарапшылар үй бағасы түсуі мүмкін бе деген сауалға жауап іздеген болатын. Сонымен қатар пәтер жөндеу кезінде қалай үнемдеуге болатыны туралы жаздық.