Наурызды өзге ұлт өкілдері қалай қарсы алады?

17 Наурыз 2017, 08:15 17799

Түркітілдес бауырлар 

Наурыз мерекесі – елімізде атап өтілетін мерекелердің төресі. Халқымыздың терең тарихынан сыр шертетін бұл мейрам салт-дәстүрімізді жаңғыртып, өткеніміз бен бүгінімізді сабақтастыруда маңызы зор. Ұлыстың Ұлы күнін тек қазақ халқы ғана емес, Азияның өзге де көптеген елдері ерекше құрметпен қарсы алады. Сондықтан да Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл мейрамды Халықаралық мереке ретінде белгілеп, үш күн бойы тойлау жөнінде шешім шығарған еді. Көпұлтты мемлекетіміздегі түркітілдес ағайындардың әрқайсысы Наурызды өз салт-дәстүрлеріне сүйене отырып қарсы алады. Яғни, жаңа жылдың бастауы болған көктем мерекесін әр ұлт әрқалай тойлайды. Осы орайда, еліміздің ірі мегаполисі – Алматыны 100-ден аса ұлт өкілдері мекен ететінін ескере отырып, түркітілдес бауырлардан көктем мерекесін қалай қарсы алатыны жөнінде сұрап білген едік.

Дильшот Моминов, «Білім-инновация» лицейінің оқытушысы: «Жалпы, біздегі Наурыз мерекесін қарсы алу дәстүрі, қазақ халқының тойлау дәстүріне ұқсас келеді. Яғни біз де бұл күні қонаққа барып, сан түрлі ұлттық тағамдардың дәмін татып, асық ату, күрес, бәйге сынды ежелгі ойындарымызды тамашалаймыз. Қазақ халқы Ұлыстың Ұлы күнінде «Наурыз көже» әзірлесе, бізде «сумалак» деп аталатын ұлттық тағам даярланады. Бұл тағам құрамы жағынан наурыз көжеге ұқсас. Жалпы, халқымыз жылдың басын игі істермен бастағанды жөн көреді. Адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімді болып, жүректерін мейірімділікке толтыруға тырысады. Себебі, келер жылға адам табиғат сынды жаңарған, таза күйінде қадам басуы тиіс деп қабылданған. Біз әр нәрсеге сенгіш халықпыз ғой. Мереке күні үйге ең бірінші болып келген қонаққа аса мән беріп қараймыз. Жаңа жылдың ең алғашқы қонағы мейірімді, атақ-абыройы бар, молшылықта өмір сүретін жан болса екен дейміз. Себебі, ол босағамызды аттаған сәтте, өзімен бірге шаңырағымызға да жетістік әкеледі деп сенеміз. Сондай-ақ  халқымыз мереке күні ат жарысын ұйымдастырып, ит, әтеш төбелестіргенді ұнатады. Ежелден келе жатқан дәстүрлеріміздің көбі әлі күнге дейін сақталған». 

         

Ұлттық құндылықтарынан ажырамай, көнені күні бүгінге дейін сақтап келе жатқан халықтың тағы бірі – иран ұлтының өкілдері.

Реза Ардашир, кәсіпкер: «Наурыз ирандықтар үшін ең маңызды мереке. Ол үш мың жылдан астам уақыт тойланып келеді. Бізде ең әуелі, көптен күткен мейрамға бірнеше күн қалғанда көшелерде адамдар қызыл көйлек киіп, қолдарына барабан алып Ұлы мерекенің келе жатқаны жайлы әндер шырқайды. Осы рәсімнің өзі адамды керемет көңіл-күйге бөлейді. Жалпы, ирандықтар Наурызды екі апта тойлайды. Бізде «чарсанби сури» деп аталатын ежелден келе жатқан дәстүріміз бар. Яғни балалар қолдарына ыдыс алып, көршілерді аралап сыйлық сұрайды. Көбінесе мұндайда тәттілер немесе ақша беріліп жатады. Бұл дәстүр қазақ ұлтының жарапазанына ұқсайды. 21-нен 22-сіне қараған түнді әсіресе жастар қауымы тағатсыздана күтеді. Бұл түнде әрбір қалаларда үлкен отшашулар атылып, айналаны жарқырата түседі. Міне сол кезде айтулы меркенің басталғанын сезінесің. Жалпы, Жаңа жылға санаулы сағаттар қалған сәтте отбасы болып бәріміз мерекелі дастарханның басына жиналып, жақсы тілектер тілеп келер жылды қуанышпен қарсы аламыз. Осыдан кейін екі апта бойы қонаққа бару мен қонақ күту рәсімі басталады. Яғни жақын туыс ағайынның барлығының үйіне барып және барлығын күтіп үлгеруге тиіспіз. Мерекеміздің соңғы күнін міндетті түрде табиғат аясында өткізуіміз керек. Ал әзірленетін тағамдарға келетін болсақ, мерекеге үш күн қалғанда  «саманук» тағамын даярлай бастаймыз. Бұл асты өзбек халқы да дайындайды. Оның дәмі халваға ұқсас тәтті келеді, бірақ ол бидайдан жасалады. Негізінен дастарханға жеті түрлі тағам қойылады. Келген қонақ оның жетуінен де дәм татуы тиіс. Бізде көп жайттар қасиетті жеті санымен байланысты».

Елімізді мекен еткен халықтың тағы бірі – түріктер. Бүгінде олардың саны жүз мыңнан асады. Түбі бір түркі жұрты 19 ғасырдың 90-шы жылдарына дейін Наурызды тойламай келген еді. Себебі, Түркияда қатаң тыйым салынған болатын. Бүгінде қайта жаңғырған мерекені еліміздегі түрік ұлтының өкілдері бірнеше күн қатарынан тойлайтын көрінеді.

Расул Дурсунов, студент: «Бұл мерекенің біздің халқымыз үшін маңызы зор. Наурыз жылдың басы болып есептелетіндіктен, ежелгі наным-сенім бойынша оны қалай қарсы алсаң, жыл бойы солай өткізесің деген түсінік бар. Сондықтан да бұл күні ең әуелі дастархан мол болуы тиіс. Ал ол дастарханымыздың сәнін келтіретін негізгі тағам – «ашура» деп аталады. Бұл тойымды, тәтті әрі пайдалы асты басқа күндері де әзірлейміз, дегенмен Наурыз мейрамы қарсаңында оны үйдегілер ерекше дәмді қылып жасауға тырысады. Жалпы, біз бұл мерекеге дайындықты бір апта бұрын бастаймыз. Яғни көктемнің алғашқы күндерінде үйді тазартып, реттеп, мүмкіндігінше жаңа жиһаздар алып, барлығын жаңартуға тырысамыз. Сондай-ақ Наурыз кезінде түрік халқы айналасын денсаулық, сәттілік, бақыт әкелетін заттармен қоршауға тырысады. Ал салт-дәстүрге келетін болсақ, бұл күні біз от жағып оның үстінен жеті рет секіруіміз керек. Негізінде аталмыш рәсім бүгінде сирек өткізіледі. Дегенмен көпшілік бұл дәстүр адамға жетістік әкеледі деп сенеді. Осылай 22 наурызды той-думанмен берекелі дастархан басында өткеріп, ертеңінде 23 күні таза киімдерімізді киіп, мәңгілік сапарға аттанған туыстарымыз бен жақындарымыздың басына барып құран бағыштаймыз».

Алматы облысында саны жағынан кең тараған тағы бір ұлт – ұйғырлар. Бүгінде бұл ұлт өкілдері мекендейтін жекелеген аудандар, қала ішінде бірнеше шағын ықшамаудандар бар. Кез келген мерекені дүбірлетіп, жандырып, жоғары деңгейде тойлай білетін ұлт – осы ұйғырлар бауырлар. 

Ниджат Юсупов, режиссер-оператор: «Наурыз – түркі әлеміне ортақ мереке. Сондықтан да бұл мейрамды тойлайтын ұлттардың салт-дәстүрі, наным-сенімі, аспаздық өнері бір-біріне ұқсас келеді. Мейлі ұйғыр болсын, қазақ немесе өзбек болсын, Наурызды атап өтудегі түпкі мақсат бір – жыл бастауын көтеріңкі көңіл күймен, қуанышпен берекелі дастархан басында қарсы алу. Тек ас әзірлеу барысында аздаған еркешеліктер бар. Ұлыстың Ұлы күнінде қазақтың әрбір үйінде наурыз көже әзірленсе, бізде ұйғырларда «санза» деп аталатын тағамды пісіреміз. Сондай-ақ түрлі өсімдіктен жасалған «Бидашүшір» тұшпарасы да осы көктем мерекесінде молынан жасалады.  Мейрам қарсаңында ұлттық тағамдарды әзірлеуден әйелдер арасында сайыстар ұйымдастыру міндетті шаралардың бірі болып саналады. Жалпы біз биге жақын халықпыз ғой. Сондықтан мейрамда би билеп, ән салып көңіл көтергенді жақсы көреміз. Сондай-ақ ақ сақалды қариялардан бата алып, үй-үйді аралап қонақ боламыз әрі барған жеріміздегі адамдарды міндетті түрде өз үйімізге шақырамыз. Бұл күні үйге келген қонақ өзімен бірге құт-береке әкеледі деп сенеміз. Шыны керек, қазақ ұлтымен салыстыратын болсақ, Наурыз мерекесін тойлау дәстүріміз ұқсас, бөліп-жарып айтатындай айырмашылық жоқ».

Тағдырдың жазуымен Қазақстанды паналаған, болмаса қазақ жерінде дүниеге келген өзге ұлт пен ұлыс өкілдері бүгінде бейбітшілік пен татулықта күн кешуде. Бір өлкенің суын ішіп, ауасын жұтып отырған соң мәдениет пен өнердің де ортақ тұстары көп болады. Сондықтан болар, Ұлыстың Ұлы күні бүгінде тек қазақ жұртының ғана емес, барша қазақстандықтардың асыға күтетін сүйікті мерекесіне айналған.

Жазира Берғалиева
Бөлісу: