Наурыз – жақсы тілеудің, қайта түлеудің мерекесі

14 Наурыз 2017, 16:10 10157

Ұлыстың ұлы мерекесi

Ұлыстың ұлы мерекесiн тойлауда халқымыздың өзіндік ерекшелігі бар. Наурыз мерекесі еліміздің батыс аймақтарында, соның ішінде Маңғыстау, Атырау облыстарының түгеліне дерлік Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кейбір бөліктерінің, таяу шетелдегі Астрахан, Саратов, Орынбор, Қарақалпақстанның қазақтары «Наурыз айы туды» деп, осы айдың 14-күнінен бастап, «көрісу» дәстүрін тойлаумен басталады.

Осы күннен бастап «Жаңа жыл» басталады. Кейбір жерлерде көрісуді «амал» деп те атайды.Көрісу күні әр шаңырақ  дастархан жаяды. Алдымен, ата-баба рухына дұға бағыштайды. Осы күні кішілер үлкендерге, көрші-қолаң, ағайын-туыс бір-біріне, ал, бала-шаға әр үйге кіріп, көрісіп, құттықтап шығады. Тек келіндер аталарына және қайынағаларына көрісуге болмайды. Ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер жағы да құшақтасып, көрісіп жатады. Қазақ халқы өзінің бай салт-дәстүрінің бір көрінісі – Наурыз мерекесін тойлауға аса үлкен мән береді.

Қазақстан Наурыз мерекесін ресми түрде 1988 жылдан бастап қайта тойлауда. Содан бері үзбей тойланып келе жатқан бұл мейрамның бүгінгі маңызы мен келбеті жақсы жағына көп өзгерген. Бүгінгі күнде бұл мереке табиғат пен адамның үндестігінің белгісі. Наурыз күн мен түн теңелген, күн тоғысы наурыз айының 21-нен 22-не ауысқан түнге сәйкес келеді. Осы уақыттан бастап күн ұзарып, түн қысқарады. Мерекенің тарихына шолу жасасақ, Наурыз жыл басы. Парсы тілінде «нау» – «жаңа», «руз» – «күн» деген ұғымдарды білдіреді. Наурыз мейрамын әсіресе, төрт түліктің тұяғына ерген қазақ халқы зор қуанышпен қарсы алып отырған. Оның себебін Алаш арысы Міржақып Дулатов былайша жеткізеді: «Қыс бойы ақ кебін жамылып, өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің де болса көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық қуанатын ел жоқ».

Халық наурыз мерекесіне алдын-ала дайындалады. Дәстүр бойыншаүйдегі ыдыстар ернеуіне дейін айранмен, сүтпен немесе бұлақ суымен толтырылады. Бұл күні бұлақтар тазартылып, ағаштар отырғызылған. «Бұлақ көрсең, көзін аш!», «Бір тал кессең, он тал ек!» деген сөз осыдан шыққан болу керек.

Наурыз – достық пен еңбектің, бейбітшілік пен жаңарудың мерекесі. Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген өкпе-ренішін ұмытып, өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Дастарқанның басты асы наурызкөже болған. Наурызкөже жеті түрлі тағамнан жасалған. «Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!» деген сенім бар. Дастархан басында жастар үлкендердің батасын алған. Бата – үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын!» деп бата береді.

Дәстүр бойынша Наурыз-айтыс өткізіледі. Бұл жақсылық пен жамандықтың, ыстық пен суықтың, жаз бен қыстың айтысы. Мереке қызған кезде жастар алтыбақан жанында ұлттық ойындар ойнайды. «Көкпар», Бәйге, қыз қуу, жамбы ату ойындары аса бір қуанышпен өтетін. Көңілді өткен Наурыз күні әр адамның есінде көпке дейін сақталатын. Бұл кезде Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады. Адамзаттың бойында қан жүгiрiп, тал-теректер бүршiк жарады. Қазақтың сайын даласын қуаныш сезімі кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көктасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы ұлттық салт-дәстүрімен әдет-ғұрпын жаңғыртып, ай бойы Ұлыстың ұлы мерекесін тойлайды.

І.Мұғауова

ҚР МСМ ДҒЗТО жетекші ғылыми қызметкері,

заң ғылымдарының кандидаты

 

Бөлісу: