27.01.2026
12:21
486
«Нәтиже болмаса, қызметтен кетесіз». Бектенов туризм саласының басшыларына ескерту жасады

«Нәтиже болмаса, қызметтен кетесіз». Бектенов туризм саласының басшыларына ескерту жасады

Қазақстанда туризм саласының негізгі көрсеткіштері өсіп жатқанымен, елдегі бірқатар курорттық аймақта инфрақұрылым, қауіпсіздік пен сервистік қызметке қатысты жүйелі мәселелер әлі күнге дейін шешілмей келеді. Бұл мәселе Үкімет отырысында ашық көтеріліп, премьер-министр Олжас Бектенов салалық құрылымдар мен ұлттық компания басшыларына қатаң талап қойды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Үкімет басшысы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ғазизовке тікелей үн қатып, лауазымның жауапкершілігін нақты нәтижемен дәлелдеуі керектігін ескертті.

Талғат Жанатұлы, сіз бұл қызметке жаңадан келдіңіз. Соған қарамастан нақты нәтиже күтеміз. Нәтиже болса – жұмыс жалғасады. Нәтиже болмаса – қоштасамыз. Келістік пе? – деді Олжас Бектенов.

Оқи отырыңыз:

Ғазизов премьер-министрдің талабына «Келістік» деп жауап берді.

Су, кәріз, қоқыс – шешілмеген мәселе көп

Үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жазғы маусымда бірқатар танымал демалыс аймағы туристердің көптігіне төтеп бере алмай жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, Бурабай курорттық аймағында маусымның қызған шағында көлік кептелісі қалыпты жағдайға айналған. Ал Балқаш көлі бағыты бойынша жол бойындағы сервис нысандары жетіспейді, жанармай тапшылығы байқалып, жанармай құю бекеттерінде сағаттап кезек күтуге тура келеді.

Министр курорттық аймақтарда базалық инфрақұрылымға қатысты түйткілдер әлі де өзекті екенін атап өтті. Әсіресе, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарында сумен қамту мен орталықтандырылған кәріз жүйесі толық шешілмеген.

Алакөл жағалауында суды, оның ішінде ұңғымаларды пайдалану мәселесі аса өзекті. Сонымен қатар көлдің екі бетінде де жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізу қажет. Абай облысында кейбір демалыс базалары суға тым жақын орналасқан. Бұл – қауіп төндіретін жағдай, – деді Мырзабосынов.

Сондай-ақ Каспий теңізі мен Алакөл жағажайларында түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды.

Министрдің сөзінше, дерлік барлық курорттық аймақтарда қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондар жоқ, ал дәретханалар мен қоқыс контейнерлерінің мәселесі қағаз жүзінде «шешілгенімен», іс жүзінде жұмыс істемей тұр.

Өңірлер 60 санитарлық-гигиеналық торап орнатылғанын хабарлады. Бірақ қайта тексеру кезінде олардың көбі жабық, инженерлік желілерге қосылмаған болып шықты, – деді ведомство басшысы.

Қауіпсіздік бақылауы төмен

Министрлік дерегінше, туристік аймақтарда қауіпсіздікті бақылау деңгейі де алаңдатарлық. Кей өңірлерде бүкіл су айдынын бір ғана инспектор қадағалайды. Соның салдарынан қайықтардың құжатсыз, құтқару құралдарынсыз пайдаланылған фактілері тіркелген. Құтқару мұнаралары мен медициналық пункттер жетіспейді, су көлігінің қызметі толық реттелмеген.

Бұл олқылықтардың салдарынан былтырғы маусымда туристердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген төтенше жағдайлар мен жазатайым оқиғалар болған.

Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов туризм бірнеше саланы қамтитын күрделі бағыт екенін атап өтіп, барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің үйлесімді жұмыс істеуін талап етті.

Ол Туризм және спорт министрлігі мен өңір әкімдіктеріне бір ай ішінде нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырған еді. Сонымен қатар 2029 жылға дейінгі туризмді дамыту тұжырымдамасын қайта қарап, толықтыру тапсырылды. Туризм саласындағы кадр тапшылығын шешу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлескен қосымша шаралар қабылдау да міндеттелді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та туризм саласына қатысты мәселелерді бірнеше рет көтерген. Президент бұл салада жүйелі әрі терең жұмыс қажет екенін баса айтқан.

Туризм – экономика, мәдениет, қауіпсіздік пен бизнестің тоғысқан тұсы. Бұл салада жалқаулыққа, немқұрайлылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке орын жоқ, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Үкімет басшысы балалардың қауіпсіздігіне қатысты батыл шешімдер қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар биыл қандай өнер жұлдыздары елімізге ат басын бұратыны белгілі болды.