Нашақорлық – қауіпті дерт

7 Желтоқсан 2020, 17:52 7728

Нұр-Сұлтан қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл Басқармасының аға жедел уәкілі Алия Ғибатқызымен сұқбат

Бүгінде елімізде ғасыр дертіне айналған есірткі саудасы мен оның заңсыз айналымы белең алып келеді. Осы орайда «Елордамызда нашақорлыққа қарсы күрес жөнінде қандай шаралар жүзеге асып жатыр?», «Заңсыз есірткі саудасымен айналысқандарға қандай жаза қолданылады?» «Нашақорлықтың қалай алдын алуға болады?» және өзге де сұрақтар төңірегінде Нұр-Сұлтан қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл Басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Алия Ғибатқызымен әңгімелескен болатынбыз.


Есірткі – заман кеселі. Ғасыр тажалымен бүгінде барша әлем күресіп келеді. Осы тұрғыда Нұр-Сұлтан қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл Басқармасы да көптеген іс-шаралар жүргізіп келеді. Есірткі қылмысын ашу және оның алдын алумен айналысатын басқарманың деректері бойынша жедел іздестіру мен профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері есірткі қылмысына қарсы 160-тан астам қылмыстық іс қозғалған. Есірткі затын сатумен айналысатын 120 тұлға анықталып, олардан 270 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленген. Оның 20 келіге жуық синтетиалық есірткі заты екендігі анықталған.

– Мен бұл қызметте 2008 жылдан бастап қызмет атқарып келемін. Біздің басқарма Есірткі қылмысына қатысы бар тұлғаларды ұстау мен есірткіге қарсы қылмыстарды ашумен айналысады. Осы уақытқа дейінгі барлық атқарылған іс-шаралар мемлекеттік бағдарламаға сай жүргізіліп келеді. Соңғы жылдарда канабистік және апейндік түрдегі есірткі заттарын сатумен және оны таратумен айналысатындардың саны көбейді. Қазіргі кезде бізге өзге мемлекеттерден әсіресе Еуропа, Ресей Федерациясы және Қытайдан синтетиалық есірткі заттарын тасумен айналысатындардың саны артты. Соның жолын кесуде жұмыс атқарудамыз. Біздің барлық қызметкерлер жедел іздестіру жұмыстарымен  айналысады. Барлығы жедел уәкіл болып табылады. Біздің басқарманың профилактикамен айналысатын қызметкерлері жыл басынан бастап 120-дан астам іс-шаралар жүргіздік. Бұның барлығы үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып және волонтерлердің қатысумен жүргізілді. Оның ішінде дәріс оқу, спорттық іс-шаралар да бар. Алайда пандемияға байланысты көп шаралар кейінге қалдырылды. Біздің басқарма қаладағы жоғарғы білім беру мекемелерімен бірлесіп, алдын-алу жоспарлары мен бірлескен меморандумға да қол қойған. Осы тұрғыда да әрекет етудеміз,– деді тәртіп сақшысы.

«Тәртіп сақшысы болу – бала күнгі арманым»

Полиция майоры Алия Ғибатқызы мектепті аяқтағаннан кейін азаматтық авиция саласына оқуға түседі. Алайда бірнеше жыл өткеннен кейін өзінің әкесі сияқты ішкі істер органдарында қызмет етіп, қоғамдық тәртіпті сақтау жолында еңбектенгісі келгендігін түсініп, Семей қаласындағы заң колледжіне оқуға түседі.

(Суретте: Нұр-Сұлтан қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл Басқармасының аға жедел уәкілі Алия Ғибатқызы)

– Марқұм әкем Ішкі істер органдарының ардагері. Біз Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласының тумасымыз. Әкем 36 жасында Тылмен жабдықтау басқармасында қызмет етіп, зейнетке шыққан.  Бала күнімнен сол кісінің қалай жұмыс істегенін көріп өстім. Атымның да Алия деп қойылуы тегін емес. Мен Ұлы жеңіске 40 жыл толғанда, дәл мамыр айында дүниеге келгенмін. Батыр апамыз Алия Молдағұлова сияқты ержүрек болсын деп атымды атам қойған. Атам мен әкемнің жауапкершілік қасиеті мен өр мінезі маған дарыған,– деді кейіпкеріміз.

Заң колледжін үздік аяқтаған полиция майоры алғашқы қызметін Шығыс Қазақстан облысы Шманайка қаласында Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы болып бастайды. Бір жылдан кейін елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына ауысып келеді. Учаскелік полиция инспекторларының жұмысын қадағалаумен айналысады. Кейін өз қызметінде көзге түсіп,  бүгінгі атқарып жатқан қызметіне ауысады.


– Бүгінгі таңдағы қызметім өзіме қатты ұнайды. Осы қаладағы заңсыз есірткі қылмысымен айналысатын әйел азамттарын ұстауға мен шығамын. Бастапқы тергеу амалдарын жүргізумен айналысамын. Жұмыс істегенде ең басында қорқыныш болды. Осы жылдар аралығында талай жағдайлардың куәсі болдым.

«Есірткі айналымы бақылауда»

Нұр-Сұлтан қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл Басқармасы есірткі айналымымен айналысатындар туралы ақпарат түсіп, жедел-іздестіру шараларын атқарған кезде прокуратура және одан да жоғары қызметкерлердің тек келісілген құжаттары арқылы тінту жұмыстарын жүргізіп, тергеу амалдарын атқарады.

– Негізінде есірткіге байланысты қылмыс жасайтын тұлғалар тек ерлер ғана емес, олардың қатарында әйелдер мен балалар да бар. Оларды ұстаған кезде «есірткі менікі емес, жоқ мен мұндаймен айналыспаймын» деп өздері жасаған істі мойындамай жататындар бар,– дейді полиция майоры.

Алия Ғибатқызы сонымен қатар мектеп, орта және жоғарғы білім беретін оқу орындарына  нашақорлыққа қарсы дәрістер өткізеді.


– Балаларға, жасөспірімдерге есірткінің зияны туралы жиі дәріс өткізіп, түрлі бейне материалдар көрсетеміз. Есірткі айналымымен айналысып ұсталған әйелдермен де профилактиклық жұмыстар жүргіземіз. Бір емес бірнеше рет есірткімен ұсталған азаматшалар бар. Бір жолы 1992 жылғы азаматша героин затымен ұсталғанын анықтаған болатынбыз. Сот ол әйелді жөргектегі баласы болғаннан кейін, жазасын өтеуден босатты. Қайтадан бір жылдан кейін таңғы уақытта есірткімен айналысатын әйел туралы хабар келіп түсті. Қайтадан сол азаматшаны ұстадық. Ол кезде оның  екі баласынан бөлек үшінші балаға аяғы ауыр екені анықталды. Ақыр соңында әлгі азаматша үшінші баласын түрмеде босанып, 10 жыл бас бостандығынан айырылды. Екі баласының бірін туыстары алса, екіншісін мемлекет балалар үйіне өткізді. Сондағы таң қалатыным, азаматша кішкентай балалары бола тұра, үйіндегі тоңазытқышта есірткі заттарын сақтап, сатумен айналысқан. Тағы бір айта кететін өкінішті жағдай бұрын есірткімен айналысқандар абақтыда жазасын өтеп шыққан кейін де қайта сол әдетіне басады,– дейді Алия Ғибатқызы.

Жылдан жылға  есірткіге қатысты қылмыстарды күшейту шаралары заңнамаға қатаң түрде енгізіліп келеді. Тәртіп сақшысының сөзінше бұрын белгілі бір азаматтан есірткі заты анықталатын болса, оның салмағына атауына байланысты әкімшілік жауапкершілкке тартылса, бүгінде  құқық бұзушылықтар ҚР Қылмыстық кодексіне еніп 216-шы бап бойынша өте ауыр қылмыстар санатына жатады.

– Есірткі затын тұтынған және есірткі айналымымен айналысқан азаматтар үшін ең жоғарғы санкция өмір бойы бас бостандығынан айыру болып табылады. Мұндай қылмысты жасаған азаматтарды ұстаған кезде олардың барлық мүліктері тәркіленеді. Мысалы 2017 бастап синтетикалық есірткі заттары пайда болып, кең таралғандығы жөнінде айтылып жатыр.. Оны бізге Ресей, Еуропа мемлекеттерінен әкеледі. Әсіресе есірткімен айналысатындар жастарды алдып-арбайды. Оларға жұмыс ұсынады. Мобильді қосымшалар арқылы ұсынған жұмысты қабыл алғандар жұмасына 1000 долларға дейін табыс табамыз деп алданып қалып жатады. Біз тек жұмыс ұсынған адамды ғана емес, есірткі затын жасырған, тасымалдаған тұлғаны бақылауымызға аламыз. Және қажетті іс-шаралар жүргіземіз. Заңсыз есірткі айналымындағы құқық бұзушылықтар ол қылмыстық жаза болып табылады,– дейді Алия Ғибатқызы.

Сонымен қатар полиция майоры бүгінде граффити суреттер пайда болған сайттар мен көп қабатты үйлердің кіреберісі мен жертөлелерінде трафарет суреттер салып кететіндер жөнінде де айта етті.

– Заңнаманы күшейткеннен бері қылмыстық жауапкершілік 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ біздің басқарма ғана осындай қылмыстарды ашумен айналыспайды. Барлық кешенді күштер: патрульдік полиция, учаскелік полиция инспекторлары қылмыты ашуға мұрындық болады. Біз оларға осы тұрғыда арнайы сабақ өткіземіз. Онда неге назар аудару керектігі нақты айтылады. Бізде жедел профилактикалық іс-шараларын өткізу үшін жоспар мен арнайы рұқсат керек. Оны біз өзіміз басынан шығарып баса көктеп ешқандай жерлерге кіре алмаймыз. Және де адамдарды тексеруге де арнайы рұқсат керек. Сондықтан бізге Ішкі істер министрлігінен арнайы жоспар келіп түседі. Сол жоспар арқылы іс-шара өткізу күндері басшылықпен келісіледі. Біздің ең басты іс-шарамыз жарты жылдай уақытты қамтиды. Ол есірткі заттар өсіп-өніп жатқан кезде өткізіледі. Сонымен қатар «Дәрмек» деп жедел іс-шара барысында дәрі-дәрмек сататын және оны сақтайтын орындарды арнайы тексереміз.

Алия Ғибатқызы арнайы тексру бойынша есірткімен айналысатындардың жас аралықтары 25-40 жас аралығындағы азаматтар мен азаматшалар екендігін атап өтті. Сондықтан да баршаңызды адам өмірін улаушы есірткіден сақтанып,  аулақ болуға шақырамыз.

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: