АҚШ-тың Көлік министрі әрі Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы (NASA) директорының міндетін атқарушы Шон Даффи Америка Құрама Штаттарының Айда ядролық реактор салуды жоспарлап отырғанын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл бастама – АҚШ-тың Айда тұрақты база құру жөніндегі стратегиясының бір бөлігі.
Шон Даффи бұл туралы журналистердің Ай бетінде ядролық энергетика нысанын орналастыру жөніндегі сұрағына жауап беру кезінде айтты.
Біз Қытаймен Айға қатысты бәсекеге қатысып отырмыз. Айда толыққанды база құру үшін сенімді әрі үздіксіз энергия көзі қажет. Кейбір маңызды аймақтарда күн энергиясын пайдаланамыз, бірақ ядролық бөліну технологиясы аса маңызды рөл атқарады. Сол себепті біз бұл бағытта жүздеген миллион доллар инвестиция құйып, оны жүзеге асырудың мүмкіндігін зерттеп келеміз. Қазір зерттеу кезеңінен нақты іске көшу сатысына өттік, – деді Даффи.
Politico басылымының хабарлауынша, Даффи бұл жоспарлар туралы осы аптада ресми түрде жариялайтынын мәлімдеген. Басылым қол жеткізген министрлік директивасында NASA-ның өнеркәсіптік әріптестерінен 2030 жылға дейін қуаттылығы 100 киловатт болатын ядролық реакторды Айға жеткізуге қатысты ұсыныстар сұратуы қажет екені көрсетілген.
Құжатта Айда алғашқы болып ядролық реактор орнатқан елдің белгілі бір аумақты "тыйым салынған аймақ" ретінде жариялау мүмкіндігі бар екені және бұл АҚШ-тың әрекеттерін айтарлықтай шектеуі мүмкін екені атап өтілген. Басылымның жазуынша, бұл – NASA-ның Қытай мен Ресейдің Айдағы жоспарларына алаңдаушылығының көрінісі.
Қытай тарапы 2030 жылға қарай Айға адам қондырып, ғылыми зерттеулер жүргізуді көздеп отыр.