АҚШ-та федералды үкіметтің жұмысы уақытша тоқтауына (шатдаун) байланысты Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі ұлттық басқарма (NASA) қызметінің басым бөлігін тоқтатты және 15 мыңнан астам қызметкерін мәжбүрлі демалысқа жіберді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жалпы 18 218 штаттық қызметкердің ішінде 15 094 адам уақытша жұмыстан шеттетілген. Ал 2830 қызметкер «өмір мен мүлікті қорғау» бойынша, 164 маман «заңда қарастырылған міндеттер» аясында, тағы 130 қызметкер балама қаржыландыру көздері есебінен жұмысын жалғастырып жатыр.
NASA жұмысы үш негізгі бағытта ғана жалғасатынын мәлімдеді: Халықаралық ғарыш станциясының (ХҒС) қызметін қамтамасыз ету, жұмыс істеп тұрған спутниктерді бақылау және Artemis бағдарламасын жүзеге асыру.
Еске салайық, 1 қазанда АҚШ-та ресми түрде шатдаун басталды – Сенат бюджет жобасын мақұлдай алмағандықтан, үкімет жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұған демократтар мен республикалықтардың денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға қатысты келіспеушілігі себеп болды. Енді жүздеген мың мемлекеттік қызметкерлер ақысыз демалысқа жіберілсе, төтенше жағдай қызметкерлері еңбекақысыз жұмыс істеуге мәжбүр болады.