Нарықтық экономика әлеуметтік мәселелерді әділ шешуге мүмкіндік береді – сарапшы

14 Мамыр, 12:23 708

Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Экономикасы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев жарлықта көтерілген мәселелерге қатысты ойын білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол бұл жарлықты «Президент берген уәделердің логикалық жалғасы» деп отыр.

Мемлекет басшысы өз сөзінде «Біз - капитализм мен нарыққа қарай бет бұрған бәсекеге қабілетті нарықтық экономикасы бар елміз. Экономиканы бақылайтын мемлекеттік капитализм емес, нарықтық экономикаға негізделген капитализм» деген болатын. Және бұл туралы жай айтып қоймай, нақты қадамдар жасауда,-деді қаржы сарапшысы.  

Чеботарев оның бір дәлелі ретінде «Экономиканы ырықтандыру» туралы жарлықты алға тартты.  

Жарлық көптеген нақты әрі оңды пунктерді қамтиды. Бізде приватизацияға жауап беретін бір терезе қағидаты пайда болады. Сол себепті бұл жарлықты құп көремін. Бұл барлық популистер, мемлекеттендіруді жақтайтындар мен капитализм жолын бізге жат санайтындар үшін жауап болады. Тағы да айта кететіні, біз - нарықтық экономикаға негізделген нарықтық капиталистік елміз. Бұл - біздің дамуымыздағы сара жол. Айқын, нақты әрі түсінікті. Сол себепті нарықтық экономика әлеуметтік мәселелерді мүмкіндігінше әділ шешуге, дамуға және әлеуметтік сатыларды жасақтауға септігін тигізетініне сенімдімін,-деп қорытындылады ол.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойғанын жазған едік.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: