16 қазан – Дүниежүзілік анестезиолог-реаниматологтар күні. Бұл дәрігерлер операция мен ауыр медициналық процедуралар кезінде пациенттің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауырсыну сезімін жояды және жағдайы күрделі пациенттерге қарқынды емдеу жүргізеді. Сонымен қатар олар науқастарға және олардың отбасына психологиялық қолдау көрсетуге де ерекше көңіл бөледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Төл мереке қарсаңында біз Қазақстан Республикасы Президент Іс басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының жоғары санатты анестезиолог-реаниматологі, медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер Мұхит Досовпен сұхбаттасып, көкейдегі бірқатар сұраққа жауап алдық.
El.kz: Мұхит Әбдімұратұлы, мереке құтты болсын! Әуелі анестезияның негізгі түрлері мен олардың айырмашылығына тоқталып өтіңізші.
Мұхит Досов: Рақмет! Жалпы қазіргі кезеңде анестезиология және реанимациядағы жансыздандыру әдісін жергілікті, жалпы және қосарланған деп үш топқа бөлеміз. Жергілікті анестезияның өзі спиналды, эпидуралды және перифериялық (шеткері) блокада деп бөлінеді. Алғашқы екеуін кейде нейроаксиалды жансыздандыру деп атайды. Жалпы жансыздандыру немесе жалпы анестезияны біз ингаляциялық (тыныс алу жолдары арқылы), тамырішілік және біріккен деп үш топқа бөлеміз.
Спиналды анестезия кезінде науқастың жасы, салмағы, қосымша аурулары мен жасалатын операцияның түрі ескеріле отырып, жергілікті анестетик дәрілердің қажетті дозасы таңдалады да, жұлын каналына енгізіледі. Мұндай анестезия кезінде жұлын каналы деңгейінен төменгі бөлік жансызданады, әдетте, науқастар кіндіктен төмен қарай сезбейді. Бұл әдіс урологияда, тік ішекке және аяқтарға жасалатын операция кезінде қолданылады.
Эпидуралды анестезия кезінде жұлын-мидың сыртқы қабығы мен омыртқа екеуінің арасындағы кеңістікке инемен кіріп, сол жерге катетер қойылады немесе бір реттік жергілікті дәрі салынады. Бұл кезде де науқастың жасы, салмағы мен қосымша аурулары, жасалатын операция түрі есепке алынады.
Жалпы жансыздандыру жайында айтар болсақ, бұл кезде науқастар толық ұйықтатылып, жасанды тыныс алу аппараты қосылады. Қазір біз үлкен хирургиялық операциялардың бәрінде жалпы жансыздандырудың бір түрі – көпкомпонентті анестезия әдісін қолданамыз. Яғни науқас толық ұйықтап, жасанды тыныс алу аппаратына қосылады, өмірге қажетті маңызды ағзалар қызметінің бәрі монитор арқылы бақыланады. Ары қарай ауырсынуды басатын, бұлшықетті босатуға арналған дәрілер салынады. Мұнда дәрілер бірнеше мақсатта салынатындықтан көпкомпонентті анестезия деп атаймыз. Сонымен қатар негізгі ұйықтататын дәріні денеге енгізу жолына қарай көктамырішілік және ингаляциялық деп бөлеміз. Ингаляциялық анестезия кезінде дәрі арнайы маска немесе түтікше арқылы тыныс алу жолдарына жіберіледі. Маскалық анестезия стоматологияда жиі қолданылады.
Перифериялық блокада деген әдіске де тоқталып өтейін. Мұнда, мысалы, науқастың қолына операция жасалса қолдың өзін, аяққа жасалатын болса тек аяқты жансыздандырамыз.
Тағы бір тәсіл – жергілікті анестезия. Бұл әдіс көбіне терідегі тыртық, түйін немесе жараны алып тастау үшін қолданылады. Сол аймаққа дәрі салып, ауырсынуды басып, жансыздандырады.
Тәжірибеде жиі кездесетін әдістер – осы. Әлемде анестезияға пайдаланатын дәрілік заттар айтарлықтай көп емес. Біз соның бәрін жұмыс барысында қолданамыз.
El.kz: Көпті алаңдататын сұраққа жауап бересеңіз, жалпы наркоздан кейін адам оянбай қалуы мүмкін бе?
Мұхит Досов: Науқастың тек наркоздың әсерінен оянбай қалуы мүмкін емес. Наркоз салынады, операция біткен кезде наркоздың әсері өшіріледі, бірнеше уақыттан кейін пациент оянады. Ояну уақыты салынған дәрінің әсер ету ұзақтығына, науқастың ағзасындағы бауыр мен бүйрек қызметінің қаншалықты жақсы жұмыс істейтініне де байланысты. Мұндай жағдай пациент операцияға ауыр хәлде кірсе ғана болуы мүмкін, бірақ өте сирек кездеседі. Қосымша аурулар, дәрілерге аллергиялық әсер ықпал етеді. Яғни тек наркоздың әсерінен оянбай қалды деу – дұрыс емес.
El.kz: Наркоздан кейін қандай асқынулар болуы мүмкін? Ол адамның өмір сүру ұзақтығына, есте сақтау қабілетіне әсер ете ме?
Мұхит Досов: Кез келген медициналық процедураның белгілі бір дәрежеде кері әсері болады. Тіпті күнделікті ауырсынуды басу үшін ішетін дәрілердің де теріс жақтары бар. Қан қысымына әсер етуі, басыңыз ауыруы мүмкін. Наркозды тағайындайтын кезде науқастың жағдайын ескеріп, барлық жағынан тексереміз. Асқынуды болдырмау үшін анестезия дозасы түрлі деңгейде салынады. Біздің басты міндетіміз – науқас қауіпсіздігі.
Ал анестезия науқастың өмір сүру ұзақтығына әсер етеді деген пікір – миф. Ғылыми негізі жоқ, дәлелденбеген.
Жансыздандырудың есте сақтау қабілетіне ықпалы туралы көптеген зерттеу жүргізіліп, шамалы әсері бар екені айтылған. Бірақ мұндай жағдай болған күннің өзінде ұзақ уақытқа созылмайды, көп ұзамай адамның жады қайта қалпына келеді.
El.kz: Анестезия кезінде есін біліп жататын жағдайлар кездеседі дейді. Сіздің тәжірибеңізде осындай оқиға болған ба?
Мұхит Досов: Менің жеке тәжірибемде науқас оянғаннан кейін «бәрін естіп жаттым, біліп жаттым» деген жағдай болмаған. Мұндай оқиғалар өте сирек кездеседі. Мысалы жүрегіне операция жасалып жатқан науқастың оны сезуі немесе түс көріп жатуы мүмкін емес, ол терең ұйқыда болады. Біз операция кезінде наркоздың тереңдігі мен дұрыстығын бақылайтын (яғни науқас қаншалықты терең ұйқыда екенін) арнайы құрылғы қолданамыз. Ол мида болып жатқан импульстарды тіркейді.
Наркоз кезінде түс көрдім, оянып кеттім, бәрін естіп жаттым дейтіндер үлкен операцияның өзінде емес, соңына қарай, ояна бастаған кезде дауыстарды естіген болып шығады. Себебі біз науқас тезірек ояну үшін, зияны көп болмау үшін операция бітерде дәрінің дозасын азайта бастаймыз. Сол сәтте біз жараны өңдеп, таңып жатамыз, өзара сөйлесеміз. Пациенттер соны естіп, мен ояу болдым, бәрін біліп жаттым деп айтып жатады. Біздің тәжірибеде операцияның негізгі бөлігінде пациенттің оянып кетуі кездескен жоқ.
El.kz: Президент Іс басқармасы Мединикалық орталығы ауруханасында анестезиологиядағы қандай заманауи тәсілдер қолданылады?
Мұхит Досов: ҚР ПІБ МО ауруханасының Анестезиология және реанимация бөлімі – жоғары технологиялардың шоғырланған жері деп айтсам болады. Мұнда заманауи дамыған құрылғылардың көбі бар. Мысалы бізде эксперттік деңгейдегі жасанды тыныс алу аппараттары жұмыс істеп тұр . Онда науқас ұзақ уақыт осы құрылғыға қосылып жатқан кезде белгілі бір параметрлерді таңдауға мүмкіндік беретін интеллектуалдық режим бар. Екіншіден, бұл аппараттар тыныс алу жолдарымен қатар өңештің қысымын өлшеуге мүмкіндік береді, тікелей емес калориметрия да жасауға болады. Яғни бір тәулікте науқасқа қанша килокалория қажет екенін анықтап, біз оған қанша көлемде, қандай тамақ беруіміз керек екенін есептейміз.
Сонымен қатар электроимпеданстық томография құрылғысы бар. Біз электродтарды пациенттің денесіне тағып, дәл сол мезетте өкпесі қалай дем алып жатқанын монитор арқылы көреміз. Адам тыныс алған кезде ауа өкпенің барлық жағына бірдей тарауы керек, құрылғы арқылы біз соны бақылай аламыз.
Реанимацияда жатқан әр науқасқа маңызды ағзаларының жұмысын бақылауға арналған монитор орнатылған. Бұл мәлімет мейірбикелік бекеттегі мониторда көрініп тұрады. Сонымен қатар қан қысымын, жүрек жұмысын инвазивті түрде, яғни қантамырға арнайы катетер қою арқылы бақылауға болатын құрылғылар да бар.
Тағы бір жоғары технология – церебралдық оксиметр. Бұл құрылғы арқылы мидың оттегімен қаншалықты қанығып жатқанын көруге болады. Өкпе мен жүректің кейбір ауруларында қолданылатын монооксид азотын беруге арналған құрылғы мен өте ауыр жағдайларда науқас өмірін сақтап қалуға бағытталған ЭКМО аппараты да бар.
Жалпы біздің бөлімшеде 100-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Оның 32-і – дәрігер. Бізде дәрігерлердің бәрінің санаты жоғары, медицина ғылымдарының кандидаты, MBA – яғни бизнес әкімшілік дипломы бар мамандар да қызмет етеді. Сонымен қатар дәрігерлердің барлығы дерлік алыс-жақын шетелдерде оқып, білімін жетілдірген. Ресейден бастап, Англия, Германия, Литва, АҚШ, Израиль, Түркия және тағы басқа мемлекеттерге іссапармен барып қана қоймай, сол жақтағы әріптестермен кәсіби байланысты да дамытып келеді.
Медицина қай жерде дамып жатса, біз сонда барып, білім алып, үйренгенімізді халық игіліне жұмсауға дайынбыз.
El.kz: Сұхбатыңызға көп рахмет!