Нардың жүгіндей ауыр міндетті арқалап жүр – әлеуметтік қызметкерлер

30 Қазан 2022, 09:08 3860

Әлеуметтік қызметкерлердің статусы көтерілмек

Бүгін – әлеуметтік қызметкерлер күні. Елімізде 11 мың әлеуметтік қызметкер қарттар мен мүгедектер үйіне барып көмектеседі. Ал 12 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер қазақстандықтарға күрделі өмірлік жағдайларда қызмет етеді.

Астана қаласындағы «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 184 қызметкер, оның ішінде 105 әлеуметтік қызметкер бар. Орталық білікті мамандармен қоян-қолтық қызметте. Жоғары білімі барлар – 118, орта білімді – 32 және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі барлар – 6, 1 категория бойынша – 28, 2 категория бойынша – 24 қызметкер жұмыс істеуде.

Орталықтың негізгі бағыты – психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балаларға, тірек-қимыл аппараты бұзылғандарға және психоневрологиялық ауытқуы бар 18 жастан асқан мүгедектерге үйде әлеуметтік қызмет көрсетеді. Және төрт сағаттық жартылай стационарында  әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени-әлеуметтік, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық сияқты сегіз қызмет түрін ұсынады.

Соның ішінде, әлеуметтік-педагогикалық бағытында балалардың  дене және ақыл-ой қабілеттеріне сәйкес арнайы оқу бағдарламалары бойынша білім алуына жәрдемдеседі.

Жартылай стационар жағдайында 4 сағатқа дейін оңалту қызметтері бар. Оңалту іс-шараларын жүргізу және белгілі бір нәтижеге қол жеткізу кезінде мамандармен қорытынды жұмыстары жасаланып отырады. Қызметтерді логопедтер, дефектологтар, психологтар, кәсіби терапевттер, музыкалық терапевттер массажистер, ЕДШ нұсқаушылары сияқты мамандар ұсынады.

Балаларды оңалту шарасы кезінде, аналарға арналған «Аналар мектебі» атты мектеп тұрақты түрде ұйымдастырылады. Онда қиын өмірлік жағдайдағы аналарға эмоционалдық көмек көрсету үшін психологиялық тренингтер өткізіледі. Мүгедек балаларының аналарын қоғамға біріктіру қиындықтарын ескере отырып, оларды  қызықтыратын сұрақтарын түсіндіру мақсатында мемлекеттік мекемелердің сарапшылары шақырылады.

Орталықтың қызметкерлері – педогогикалық, медициналық және арнайы жоғары немесе орта арнайы білімі бар мамандар. Оңалту барысында өзара  әрекеттесу моделі құрылған, яғни ата-ана, әлеуметтік қызметкер және маман.

Бүгінде орталықтың көмегімен ата-аналардың, әлеуметтік қызметкерлер мен мамандардың жұмысының арқасында церебральды сал ауруы (ДЦП) диагнозымен ауыратын 34 бала аяққа тұрып, өздерінің алғашқы қадамдарын жасады.

Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің негізгі мақсаттарының бірі қызмет алушыларды  қоғамдық орталарға шығару болып табылады. Осыған орай орталықта әрдайым қызмет алушыларға арналған мерекелер жиі ұйымдастырылады.

 Әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы қашан өседі?

Қазіргі таңда әзірленіп жатқан «Әлеуметтік кодекс» аясында әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін көтеру жоспарлануда.

Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов журналистерге берген сұхбатында айтты.

Айтуынша, бүгінде әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы орта есеппен – 220 мың теңге.

«Осыны ескере отырып, біз «Әлеуметтік кодекстің» аясында әлеуметтік қызметкерлердің статусын өзгертуді, көтеруді көздеп отырмыз. Сол заңнаманың аясында бірінші – мәртебесі көтеріледі, екінші – оларға қойылатын талаптар өзгереді, үшінші – олардың жалақы мәселесі қаралады. Ол үшін біздің министрлікте арнайы жұмыс тобы құрылған. Осы жылдың соңына дейін сол жұмыс тобы өзінің жалақы, мәртебе жайында ұсыныстарын береді. Оның барлығы заңға енгізілетін болады», – деп мәлімдеген болатын вице-министр Ербол Оспанов.

 Өз саласының маманы

Бұл салаға қызығатындар аз. Өйткені, жалақысы да мардымсыз. Соған қарамастан, жүрек қалауымен ерекше балаларға қызмет көрсетуді ниет еткен Бейбарас Бауыржановтың бұл салада жүргеніне біраз болды.

Ол өз жұмысын жақсы біледі. Әлеуметтік қызметкер болу үшін төзімділік, сабырлық керек. Сол себепті, Бейбарыс көмекке зәру адамды өз туғанындай қабылдап, жақсы көру арқылы ем-домын жасайды.

Бүгінде Астана қаласында оңалту орталығында жұмыс жасайды. Айтуынша, бір жасынан бастап спорттың таэквандо, күрес түрлерімен айналысып, Қазақстан чемпионына дейін көтеріліп, спорт шебері атанды. Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-ды дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша бітірді.

«Студент кезде диплом жазуға ақша болмағасын, жеңіл жолын іздей бастадым. Сөйтіп, ақшаға карта ойнадым. Бұл менің амалсыздан соңғы және алғаш рет ойнаған ойыным еді. Жолым болып, 150 мың теңге ұтып алдым. Ол кезде бұл ақша әрине студентке қомақты қаржы болатын. Ал менен жеңілген адам ойын соңында маған келіп, бұл ақша балама дәрі үшін керек еді. Балам ауру, басын да көтере аламайды деп жылады. Осы сәттен бастап, өмірім күрт өзгерді», – дейді Бейбарыс.

Ертең өзі де отбасын құрғанда сондай жағдайға тап болмасына кім кепіл, деген сияқты ойлар мазалаған Бейбарыс болашақта не күтіп тұрғанын болжай алмады.

«Сөйтіп ақша маған керек болса да, ол кісіге одан да қажет болды. Бірден ұтқан ақшамды беріп, баласының ем-домына жұмсасын деген ниетпен қайтардым. Одан соң, мамандық бойынша жұмыс іздей бастадым. Құдайдан келген бір белгі шығар, бірден жұмыс табыла кетті. Емдеу орталығы жұмысқа шақырды», – дейді.

Спорт саласында жүргенде қолына бес рет ота жасалғанын айтты. Тіпті, қолы бұрылмайтындай, қимыл-қозғалысқа келмейтіндей болыпты. Соған қарамастан, спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп, спорт шебері атанды.

«Кейде ойлаймын, өмір мені осы жолға кішкентай кезімнен дайындаған шығар деп. Спорттық жетістіктер бойынша грантқа түсуге толық күшім жетіп тұрды. Бапкерлер тарапынан әділетсіздік болды. Спорт министрілігіне жіберілу керек хат жетпей қалған еді», – деп еске алды.

Бірақ оған мойымаған жас жігіт бүгінде емдеу орталығында жұмыс жасап, ерекше балаларға әртүрлі методикамен емдеу шараларын жүргізуде. Бүгінде Қазақстанның бірнеше қалаларына барып, оңалту курсарын өткізіп жүр. Бала саны өте көп дейді. Тіпті, үш-төрт ай бұрын жазылып қоятындар да бар екен. Өйткені, кейбір балаларды емдеуге ұзақ жылдар қажет.

Емдеу методикаларын әр балаға әр түрлі қолданады.

«Шетелдік білікті мамандар чехтардан, немістерден, қытайлардан, эстондықтардан білім алған мамандардан бұл саланың қыр-сырын үйрендім. Мектеп табалдырығын жаңадан аттап жүрген бүлдіршіндер де жүгінеді. Біз тек себепшіміз, қалғаны Құдайдың құзырында», – деді.

Алдағы жоспарын сұрағанымзда, Бейбарыс қайырымдылық іспен айналысу ойында бар екенін айтты. Өйткені, баласын емдету барысында ата-аналарға қаржы жағы біраз салмақ салады. Бір баланың емі айына кейде 300-400 мың теңгені құрайтынын тілге тиек етті. Мұндай ақша қазіргі таңда қымбатшылық белең алған кезде бәрінде жоқ. Сол себепті, бір-бірімізге көмектесуіміз керек деп санайды.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: