26.11.2025
11:46
483
Nano Banana Pro: студиялық сапада сурет жасайды және «ойлана алады»

Nano Banana Pro: студиялық сапада сурет жасайды және «ойлана алады»

Google Nano Banana Pro атты жаңа нейрожелісін таныстырды. Жаңа жүйе студиялық сападағы суреттерді генерациялап қана қоймай, пайдаланушы тапсырмасын орындау барысында «ойлану» қабілетіне ие. Бұл модельдің тағы қандай мүмкіндіктері бар? Осыған тоқталайық, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Nano Banana Pro деген не?

Nano Banana Pro – Google әзірлеген, Gemini 3 Pro негізінде жұмыс істейтін жаңа буын нейрожелісі. Бұған дейінгі Gemini 2.5 Flash Image технологиясына сүйенген Nano Banana нұсқасымен салыстырғанда, жаңа модель әлдеқайда жылдам, нақты және күрделі «ойлау тізбегін» қолдана алады. Компанияның айтуынша, жүйе кәсіби мақсаттарға арналған: брендинг, күрделі иллюстрациялар, диаграммалар, жарнамалық материалдар, кез келген идеяны визуализациялау.

Жүйе пайдаланушы тапсырмасын орындау кезінде үшке дейін аралық сурет жасайды. Бұл суреттердің сұрауға сәйкестігі тексеріліп, соңында тек финалдық нұсқа ұсынылады. Сонымен қатар Nano Banana Pro интернеттен өзекті ақпаратты тауып, оны финалдық суретке енгізе алады.

Тағы бір маңызды өзгеріс – нейрожелі табиғи тілдегі сұрауларды әлдеқайда жақсы түсінеді. Бұрын белгілі кілт сөздерді қолдану міндетті болса, енді еркін формадағы мәтінді де еркін қабылдайды.

Nano Banana Pro мүмкіндіктері

Диаграммалар, инфографика және оқу материалдарын жасау

Жасанды интеллект пайдаланушы берген деректерге, интернеттен алынған фактілерге және өзінің «ойлау нәтижелеріне» сүйеніп, нақты әрі түсінікті визуализация жасайды. Ақпарат қисынды, оқуға жеңіл және шынайы деректерге негізделген. Модель «өзінен қосып» ой тудырмайды – тек іздеу жүйесінен алынған мәліметтерді қолданады. Мысалы, «1950 жылдардағы суперқаһармандар стилінде хлорофитум күтімі жөнінде схема жаса» деген сұрауға нақты әрі қолдануға болатын сурет жасалған.

Жүйе нақты уақыт деректерімен де жұмыс істей алады, мысалы, бүгінгі ауа райының көрінісін салу.

Мәтін генерациясы және аударма

Көптеген нейрожелі суреттегі мәтінді дұрыс оқи алмайды. Nano Banana Pro бұл мәселені шешкен: ол түсінікті, дұрыс жазылған мәтінді бірнеше тілде, түрлі шрифтпен, стильмен генерациялайды. Қолтаңба стиліндегі жазуды да имитациялай алады. Дегенмен Google үлгінің кейде грамматикалық қателер жіберуі мүмкін екенін ескертеді, бірақ мағынасыз болмайды.

Модель суреттердегі мәтінді аударуды да қолдайды.

Суреттерді дәл өңдеу

Интеллект ракурсты, жарықты, тереңдік айқындылығын түзетеді, түстерді өңдейді, тәуліктің уақытын өзгерте алады. Виртуалды камераны басқаруы да мүмкін: объектіні айналдыра түсіру, үстінен қарау және т.б. Бет, киім, деталь секілді бірнеше элементті ауыстыруға болады. Дайын суретке жаңа объектілер қосу да қолжетімді. Бірақ өте күрделі өзгерістерде кей артефакттердің пайда болу мүмкіндігі сақталады.

Модель 4K-ға дейінгі жоғары рұқсаттағы суреттер жасай алады, сондықтан оны баспа, макет және үлкен форматтағы жұмыстарда қолдануға болады.

Бірнеше суретті біріктіру

Nano Banana Pro 14 суретке дейін және бес кейіпкерге дейін біріктіріп, бір стильде сақтай алады. Кейіпкерлерді жаңа ортаға орналастыру, киімін өзгерту, әртүрлі фотолардан жалғыз композиция жасау – бәрі мүмкін.

Сонымен қатар модель сурет стилін ауыстыруды да қолдайды: нобайдан сызба, иллюстрация немесе 3D-модель жасауға болады.

Кадрларға бөлу және сериялы суреттер

Нейрожелі дайын тағамның суреті бойынша даярлау процесін кезең-кезеңімен көрсететін серия жасайды.

Картинканың шығу тегін анықтау

Google құралдары арқылы жасалған барлық суретке арнайы метадеректер мен сутаңба (watermark) қойылады. Ол суреттің жасанды интеллект көмегімен жасалғанын көрсетеді. Бұл белгіні тек Google AI Ultra ақылы жазылымы және Google AI Studio-дағы әзірлеуші құралы арқылы ғана алып тастауға болады. Сонымен қатар кез келген фотоны модельге көрсетіп, оның нейрожелімен жасалған-жасалмағанын сұрауға болады.

Nano Banana-ны қалай қолдануға болады

Нейрожелінің толық мүмкіндігін Google AI Studio-ға ақылы жазылу арқылы пайдалануға болады.

Gemini чат-боты арқылы.

Модельдің шектеулі мүмкіндіктері тегін. Ол небәрі бірнеше сұрауды орындай алады және үш суретке дейін ғана генерациялайды. Қолдану үшін Gemini сайтына кіріп, тіркеліп, «Thinker with 3 Pro» моделін таңдап, чатқа өз сұрауыңызды жазсаңыз болғаны.

Flowith сервисі арқылы.

Сайтқа тіркеліп, модельдер тізімінен Nano Banana 2 нұсқасын және «Сурет генерациясы» режимін таңдасаңыз жеткілікті.

Толық функцияларды пайдаланудың өзге жолдары ақылы:

API немесе Vertex AI Studio арқылы. Бұл шешім Nano Banana-ны өз сервистеріне енгізгісі келетін әзірлеушілерге арналған.

Google сервистерінде. Nano Banana Pro «Google презентациялары», NotebookLM, Google Ads және АҚШ-тағы Google іздеу жүйесіне (ақылы жазылым үшін) интеграцияланған.

Қолдану мысалдары

Интерьер визуализациясы: бөлме фотосын толық дизайн-жобаға айналдыру.

Маркетплейстерге арналған тауар карточкалары: фонды жою, студиялық жарық, жаңа ракурстар.

Манга мен комикстерді аудару: бастапқы стиль мен шрифтті сақтай отырып.

Ескі фотоларды қалпына келтіру: колоризация, кемшіліктерді жою, детальдарды қалпына келтіру.

Дала жарнамасына макеттер дайындау, күрделі қалалық көріністерге логотиптерді орналастыру.

Ойындарға арналған концепт-арт: скетчтерді дайын стильдегі кейіпкерлерге айналдыру.

Графикалық дизайнерлердің рутиналық жұмысын жеңілдету: композиция, жарық, перспектива.

Плакаттар, шақыру билеттері және көптілді мәтіні бар кез келген материалдар жасау.

Маркетинг пен SMM үшін тез визуал дайындау: баннерлер, посттар, слайдтар, лендингтер.

Жеке жобалар: комикстер, постерлер, ашықхаттар, мұқабалар.

Nano Banana Pro туралы ең маңыздысы

Nano Banana Pro – Google-дың Gemini 3 Pro негізіндегі студиялық сапада сурет жасайтын және «ойлау тізбегін» қолданатын қуатты моделі. Еркін түрде жазылған сұрауды түсінеді, интернеттен өзекті деректер алып, диаграммалар, инфографика, жарнамалық материалдар мен кадрларды бөлу қызметін орындайды.

Суреттердегі мәтінді бірнеше тілде анық, оқылымды етіп генерациялайды және аударғанда стиль мен шрифтті сақтайды.

Ракурс, жарық, тәулік уақыты сияқты параметрлерді өзгерте алады, бірнеше суретті біріктіріп, объектілерді бір композицияға топтастырады. 4K форматын қолдайды.

Жасалған суреттерде AI-ға қатысты метадеректер мен сутаңба болады.

Модельді тегін тек шектеулі көлемде Gemini және Flowith арқылы қолдануға болады. Толық нұсқасы – ақылы.

Бұған дейін Google компаниясы Gemini 3 атты жаңартылған мультимодальді нейрожеліні таныстырған болатын.