Намысты қолдан бермеген наркескендер

12 Шілде 2021, 16:32 6498

Жауырыны жерге тимеген палуандар

Киелі жеріміздің ер жүрек, қайсар, табанды ұлдары өздерінің алыптығы арқылы ұлтқа, ұрпаққа рухы мықты үлгі сыйлауды мақсат етті. Балуандық дәстүр де ата-бабамыздан келе жатқан ежелгі спорттық өнеріміздің бір түрі. El.kz порталы Жәди Шәкенұлы мен Қайрат Айдарханұлының «Алтай алыптары» деген еңбегіңе сүйене отырып, көрнекті қазақ балуандарының өмірі туралы кеңірек тоқтала кетуді жөн санады.

Бақыт балуан

Бақыт Көпенұлы 1963 жылы Қаба ауданының Көлбай ауылында туған.

Ол 1971 жылы бастауыш мектеп есігін ашқаннан «Бала балуан» атана жүріп орталау мектеп оқуға да жетіп үлгерді. Дәл осы кезде, Қаба аудандық дене-тәрбие комитеті жүз баланың ішінен Бақыттың ерекше бітімің, ерен күшің үміт етіп, оны балуандар тобына қабылдайды. Әйтсе де, сонау аға балуан Серіктен бастап бірнеше балуанның жастық шағында атағы шығып, елге даңқ әпергенімен кейінгі өмірлерінде жазықсыз жала жабылып, азап шеккендерін көздері көрген ата-ана балаларының балуандық жолға түсуіне үзілді-кесілді қарсы болған. Бірақ, қабылдаушылар Бақыттың өз белсенділігіне қарай, оның ата-анасына бір кездегі солақай саясаттың келмеске кеткенін, қазір мүлде жаңарған заман екенін жеткізе айтып, ақыры оларды иландырды.

Бақыт осылайша дене-тәрбие комитетінен келіп жаттығуын бастап кетеді. Бұл – 1979 жыл еді. Күрес майданына емес, бейне сұрапыл шайқасқа дайындалғандай машақатты жаттығуды бастан өткерген Бақыт осы жылы Алтай аймағы бойынша өткен жарыста бас жүлдені жеңіп алады. Осы жолы асқан шапшаңдығымен, әдісқойлығымен көзге ерекше түскен Бақытты Көкенай, Ботай қатарлы аға буын жаттықтырушылар ұнатып, оны аймаққа алып қалып, ертең-ақ өткелі отырған өлкедегі жарысқа арнайы баптауға кіріседі. Бақыт бұл үмітті де ақтайды. 1980 жылы райондық жарыста да кезіккеннің бәрін жеңіп, алтын алқаны кеудесінде жарқыратты. Мінезі ауыр, аяғы қармақ, белі бітеу, қолы қақпан азаматты район командасы өздеріне даусыз қабылдайды. Қарапайым бір қазақ баласының сатылай өрлеу жолы осылай басталады. Күрес өнерінің нәзік те күрделі қиындықтарына зер сала жаттыққан ол 1980 жылы Бейжіңде еркін күрестен өткен жастар арасындағы жарыста 68 кг салмақта бірінші, 1981 жылы Шанхайда өткен мемлекеттік жарыста төртінші, 1983 жылы Анхудағы мемлекеттік жарыста бірінші, 1983 жылы Құлжадағы райондық жарыста бірінші, 1987 жылы батыс бес өлке сайысында екінші, 1987 жылғы аз ұлттардың Атұш қаласында өткен балуандар бәсекесінде төртінші орынды иеленіп, тоғыз жылда үлкен спорттан өз еншісін алған еді.

Тоғыз жылда түтінін үзбестен жыл сайын сан сайыстың жүлдесін жеңіп алып, ел намысын асқақтатты. Осы еңбегіне қарай оған 1990 жылы мемлекеттік дене-тәрбие комитеті «Мемлекеттік балуан», ал райондық дене-тәрбие комитеті «Сағым балуан» атағын берді. Сөз орайында осы «Сағым балуан» атағының мәнін түсіндіре кеткенді жөн көрдік. Бұл – Бақыттың күрес үстіндегі айбатының артып, қарсыласының әр қимылын аңдап, қас пен көздің арасында басымдылықпен ұпай алатын шапшаңдығына берілген баға еді.

Бақыт Көпенұлы Қаба аудандық дене-тәрбие комитетінде жаттықтырушы болып қызмет атқарған. Оның бойындағы күрес өнерінің бастауынан сусындаған ондаған шәкірттері бұл күнде аудан, өлке, аймақ, тіпті мемлекеттік балуандар бәсекесінде топ жарып жүр.

Темірбек балуан

Темірбек Елемесұлы 1965 жылы 5-қыркүйекте Алтайдың Ханбытебі ауылында туған. 1982 жылы 8-сынып бітірген кезде Алтай қалалық дене-тәрбие комитеті балуандыққа талдап алып, жеті аудан, аймақ бойынша балуандар жарысында өз салмағында бірінші болады.

1983 жылы ШҰАР бойынша Үрімжіде өткізілген балуандар жарысында еркін күрестен бірінші болды.

1984 жылы автономиялы райондық балуандар командасына талданды.

1985 жылы Хунанда мемлекеттік жастар жарысында 90 кг салмақта 2-орын алды. 1986 жылы Чинхаңдауда өткізілген мемлекеттік балуандар жарысында 90 кг салмақта 3-орын алды.

1987 жылы қарашада Гуанжоуда өткізілген мемлекеттік жарыста 8-орын алған. 1987 жылы мамыр айында Ланжуда өткізілген еркін күресте 3-орын алды.

1988 жылы қазан айында Гүйжуда өткізілген мемлекеттік балуандар жарысында 4-орын алған.

1988 жылы сәуір айында Юннанда мемлекеттік жарыста 3-ші орын алған.

1989 жылы Үрімжіде мемлекеттік жарыста 3-орын алған. 1990 жылы Лияуниң өлкесінде мемлекеттік жарыста 2-ші орын алған. 1992 жылы Бейжіңде өткізілген жарыста 4-орын алды. 1993 жылы Шығыс Қазақстанда өткізілген дүниежүзілік халықаралық жарыста 17 мемлекет қатысқан Самбо күресінде 100 кг салмақта 2-орын алған.

1994 жылы тамыз айында Құлжада облыс бойынша өткізілген аз ұлттар 3-кезекті дене тәрбие жиналысында 90 кг салмақта 1-орын алды. 1994 жылы Құмылда өткізілген автономиялы район бойынша 3-кезекті дене-тәрбие қимылында 90 кг салмақта бірінші болды.

1995 жылы қараша айында Юннанда өткізілген 8-кезекті жарысқа қатынасады.

1993 жылдан бастап Алтай аймақтық дене-тәрбие комитетінде балуандар тәрбиешісі болған.

Бақыт балуан Одынайұлы

Моңғолдың ұлттық «Бөх барилдах» күресінің шебері моңғолдардың өзін мойындатқан қазақ балуаны жайлы жалпақ жұрт біле бермейтіні анық. Ол – Моңғолия азаматы Бақыт Одынайұлы.

Моңғолияның Баян-Өлгий қазақ аймағының Цэнгэл деген ауылында 1954 жылы дүниеге келген қара домалақ бала Бақыт ағасы Бәтіханға ілесіп, Қобда өзенімен сал айдап, ақшулан толқындармен алысып өсті. Ата-бабалары Ерікбай, Бекеш, «Мемлекеттік піл» атағының иегері Әбдіғажы сияқты балуан боларын білген анасы Бақытты алғаш мектепке шүберек сөмкемен қоса Магсар деген туваның әйеліне моңғол күресінде киетін жауырынтақ күртеше, («Шуудаг») мықынша шолақ шалбар («Зодог») тіккізіп беріп, маңдайынан иіскеп тұрып, ақ жол тілеп аттандырыпты.

Мектеп босағасындағы 10 жылының өзінде үлкендермен белдескенде дес бермей «Бала балуан» атанған ол 1972 жылы Ұлан-Батор қаласындағы құрылыс техникумына аттанады. Сол кезден бастап моңғолдардың ұлттық күресі және еркін күреспен үздіксіз айналысып, күшін толықтырып, шеберлігін шыңдай түседі. 1975 жылы жас балуандардың еркін күрестен республикалық чемпион сыналту сайысынан алғашқы алтын медалін тақты. Сол жылы Демократиялық Корея астанасы Пхеньянда өткен халықаралық еркін күрес бәсекесіне қатысып, тағы да медальмен оралады. Осы жылдан бастап Бақыттың бағы жанып, тасы өрге домалап, абыройы асқақтады. Күллі Моңғолияға танылды. Еркін күрестен Моңғолияның төрт дүркін чемпионы атанып, кеудесіне алты алтын медаль тақты. Ендігі жерде ол ел намысын халықаралық сайыстарда қорғады.

Ақкөл бойында қой жайып, қорықтық ішіп өскен қазақтың қарапайым бір ұлының табаны Ресейдің, АҚШ-тың, Кореяның, Қытайдың, Ауғанстанның, Венгреяның, Польшаның, Украинаның, Грузияның, Белоруссияның, Өзбекстанның топырағына тиді. Сол жерлердегі бәсекелердің көпшілігі түрлі медальдармен оралды. 1980 жылы Мәскеу олимпиадасына қатысты. 1981 жылы Американың Толидо қаласында өткен әлем кубогының жүлдегері атанса, 1986 жылы еркін күрестен әлем чемпионын сыналту бәсекесінде қола медальге қол жеткізді. Оның кеудесінде алтын, күміс, қоласы аралас 80-нен астам медаль жарқырайды. Әйтсе де моңғолдар Бақытты халықаралық сайыста ел намысын қорғаған еркін күрес шебері ретінде ғана емес, өздерінің ең сүйікті спорт сайысы ұлттық күрестің хас шебері ретінде тұтастай танып, мықтылығын мойындаған.

Моңғолдардың айтулы мерекелерінің бірі «Шаған» тойының 1980 жылғы ұлттық күрес сайысы моңғолдардың көбінің әлі есінде. Көбінің деуіміздің де жөні бар, күрес дегенде ішкен асын жерге қоятын моңғолдардың басым көпшілігі соңғы бір ғасырдан бергі тойлардағы жауырыны жерге тимеген балуандардың есімін күні кешегідей-ақ жатқа біледі. Күрес тәсілдерін, кімдерді қалай жыққанын жыр қылып айтады. Сол тойда Ұлан-Баторда сайыстың 6-кезеңінде 512 балуаннан екшеліп қалған 8 балуанның 7-еуі өңшең атақтылар да біреуі жас балуан Бақыт болатын. Сөйтіп осы тойда «Лашын» атағын алды. Бұл тойда осы бір қаршадай қазақ баласының атаққа ие боларын жан күйерлер ертеден-ақ болжап, бір жыл бойы гу-гу әңгімеге арқау болдырып жүрген-ді. «Халық айтса, қалт айтпайды». Кешікпей өткен ұлттық күрестен біріншілік сыналту сайысында Бақыт ең таңдаулы 26 балуанның 24-ін жығып, тағы да абыройы асқақтады. Моңғолия қазақтарының мемлекеттік «Лашын», «Піл» атақтарына осыдан ширек ғасыр Қожақапан, Нұрқадыл, Әбдіқажы деген адамдар қол жеткізіп, арада көп жыл үзіліс болған-ды.

1992 жылғы ұлттық мерекенің, төртінші кезеңінде «Лашын» Батхүүді, 5-кезеңінде «Лашын» Батырхүүді, 6-кезеңінде «Лашын» Дашжамцны тізе бүктіріп, «Лашын» қайталады. «Үміткер жас» деген қосымша үкілеу берілді. 7-кезеңде «Мемлекеттік арыстан» Мөнгөннен жығылды. Өзін сүріндіріп кеткен Мөнгөнді келер жылы бүкіл халықтық YII спартакиада алып соқты. Өкініштісі бұл сайыста мемлекеттік атақ берілмейтін еді.

Бақыт үлкен спорттан қол үзген жасында Ұлан-Батордағы бір спорт қоғамында жаттықтырушы болып істеді. 1989 жылы Баян-Өлгий аймағы қадірлі ұлдарына өзі сияқты мықты балуан жастар тәрбиелеуін өтініп аймақтық спорт қоғамына шақырды. Халық тілегін қабыл алған ол қазір жастарды осы өнерге баулумен айналысады. Оның өнеріне бүкіл моңғол халқы тәнті болды. Мықтылығын мойындағаны соншалық 1997 жылы Моңғолияның екі бірдей беделді газеті: «Багий, (Бақытты айтып отыр) сені астаналықтар аңсап жүр. Ұлан-Баторға келіп, тағы бір үлкен сайысқа қатыссаңыз, халық дән риза болар еді» деп жазды.

Бақыттың мықтылығы жайлы айту үшін моңғолдардың ұлттық күресінің ерекшелігіне қысқаша тоқталайық.

Ең бастысы моңғолдардың ұлттық күресі – сан ғасыр үзілмей жалғасып, бүгінге жеткен, әдіс-тәсілі барынша жетіліп, өзіндік мектепке айналған, қатаң ережелі күрес өнері. Бірде-бір той-томалақ балуандар күресінсіз өтпесе де, тек екі ғана мереке «Шаған» мерекесі мен ұлттық тәуелсіздік мерекесінде балуандарға алпауыт, арыстан, піл, самұрық, лашын атақтары сияқты мемлекеттік атақтар беріледі. Жыл сайынғы тәуелсіздік мерекесінде ел астанасында 512 балуан күш сынасады. (Әр он жылдық мерекеде 1024 балуан). Балуандар екі-екіден күресіп, жығылғандары кілемнен шығып қала берді. Осылайша 9-кезеңге жеткенде қазақша айтсақ, жауырыны жерге тимеген, моңғолша айтсақ, тізесіне шаң жұқпаған (моңғол күресінде тізесі немесе шынтағы жерге тисе жығылғанға есептелінеді) атақты бір балуан ағалап алға шығады. Осындай қатаң тәртіппен жүрілетін үлкен сайыста алдыңғы сегіздің қатарында қалу жігіттің балуандығын паш ететін үлкен ерлік, абырой болып есептелініп, «Лашын» атағына ие болады. Біз сөз еткелі отырған Моңғолияның атақты қазақ балуаны Бақыт Одынайұлы – мемлекеттік «Лашын» атағына қол жеткізген азамат. Бірақ Бақыт мұнанда жоғарғы атақтарға ие болуға күш-қуаты, айла-тәсілі жететін азамат. Өкініштісі жерлестікке тарту, ұлттық қызғаныш моңғол күресінде де кездеседі.

Бұл туралы мемлекеттік тойда ұлттық күрестен қатарынан 10 жыл ағалаған, еркін күресте дүние жүзінде Иван Яригиннен ғана жеңілген моңғолдың «Далай даян, дархан алпауыты» атағының иегері Баянмөнх де мойындап, Бақыттың басқа ұлттығы оның «Піл», «Арыстан» атақтарын алуына көлеңкесін түсіргенін демокаратиялық ұлы дүбір кезінде бір жиында айтқанын баспасөз құралдары іліп әкетіп, шуға айналғаны бар.

1980 жылдардағы сан сайыста моңғолдың атақты балуандарынан жығылмаған бірде-бір балуан болған емес. Өйткені сайыстың әр кезеңінде мемлекеттік атағы бар балуандар кіммен күресуді өзі таңдайды.

Сондықтан мемлекеттік атақ алатын 5-кезеңде ең мықты балуандар өзінің жерлесін шығару үшін оның ең қауіпті бәсекелесін жемге алып, жерлесінің атаққа ілігуіне жол ашады.

Бірақ, балуандықты пір тұтатын моңғол халқы Бақаңды күні бүгінге дейін құрмет тұтады. «Багий бөх» (Бақаң балуан) деп еркелетеді, құрмет тұтады.

Бақыт Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайына қатысып, осы құрылтай құрметіне арналып Шымкентте өткен қазақ күресінде 60 балуаннан екінші орын иеленіп, атажұрттағы қандастарының алғысына бөленіп қайтқаны да бар.

Шетелдегі қазақтар ортасынан шыққан, Қажымұқан атасының аруағы жар болған атақты ұлдардың бірі Бақыт Одынайұлы қазір де өзінен кейінгі буынға ұстаз, өнеге болып келеді.

Ағайынды алыптар

Еркек болып туу оңай, алайда «Жігіт» деген атқа лайық өмір сүру кім көрінгеннің пешенесіне бұйырмаған бақыт. Сондай санаулы атына заты сай жігіттердің бірігейі – Моңғолия өңірінің Қызылқайың тумасы ағайынды үш арыстандар – Борбан, Әзкей, Нәжікейлер. Халқымыз «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деп бекер айтпаған. Киелі Алтай бетінде, тіпті Моңғол еліне даңқы шығып, абыройлары асқақтаған, намысты бермеген асыл азаматтар ел мақтаған, қыз жақтаған мықты еді.

Моңғолия ұлттық күрес тарихында «Ұялған» өзенінің бойынан Д.Дамдин, Ж.Цэвээнравдан, Ч.Бэжжин атты үкімет тойын дүрілдеткен «Үш Арыстан» палуандар шығып елінің мақтанышына айналған тарихы бар.

Ал, Алтайдың теріскей беті Баян-Өлгей қазақ ұлттық аймағында Керейдің, Жәнтекей руынан Мешітбай ақсақалдың үш ұлы Борбан, Әзкей, Нәжікей атты көкжалдар да «Арыстан» атағын неше мәрте жеңіп алып, ел-жұртқа ерен күш иесі екенін танытқан. Баян-Өлгей халқы үшеуің «Ағайынды үш Арыстан» деп атаған. Бір үйдің ағайынды үш жігіті «Аймақтық Арыстан шенін» неше дүркін жеңіп алған оқиға Моңғолия ұлттық күрес тарихында бұрын-соңды болмаған. Халық үш алыптың қайтпас қайсарлығын, еңбекқор қажырлылығын, қайталанбас дүлей күш иесі екенін бағындырған биіктерінен, нәтижелі жетістіктерінен байқады.

Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі дегендей «Ағайынды үш алып» тегіне тартқан кіл мықты. Әкенің қанымен, ананың сүтімен балуандық қасиет дарыған. Әкесі Мешітбай Хасенұлы Алтайдың арғы-бергі бетінде даңқы жайылған ірі денелі балуан кісі болыпты. Мешітбай 1906 жылы ШҰАР Алтай аймағы, Бурылтоғай жерінде дүниеге келген. Талай дүбірлі тойда, аста топ жарып күштілігін мойындатып атағы дүйім-жұртқа тараған екен. 1931 жылы Алтайдан ел үріккен кезде Қобда бетіне Қызылқайың өлкесіне қоныс аударған. Мешекең тумысынан мал кәсібімен күн көрген қара күш иесі. Салмағы 130 кг, бойы 190 см алып тұлғалы адам болыпты. Батпаққа батқан түйені суырып алғанын көрдік десетін үлкендер. 1937 жылы «Шеруші Хошуун» мерекесінде (қазіргі Қызылқайың ауылы) күресіп соңғы екі палуанға қалып Тоқнақ палуанды тізе бүктіріп бас жүлдегер атаныпты. 1940 жылы туған жездесі Ысқақ Былайбайұлының орнына әскерге соғысқа кетіп, борышын өтеп аман еліне оралыпты. 1964 жылы аймақ бойынша ардагер балуандар арасында өткен сайысқа қатысып, аймақтық арыстан Айдаубайдан жығылып екінші орынды қанағат еткен. Алпыс бір жасында күші қайтпаған мықтылығын көрсеткен Мешекең 1975 жылы 3 наурыз күні Қызылқайың ауылы, Қарабастау деген жерде 69 жасында дүниеден қайтқан.

Үш алыптың шешесі Сахила апамыз Шеруші руынан ірі денелі, сұңғақ бойлы күшті адам болған деседі. Апамыз қартайып қалған шағында екі жылқысы жоғалыпты. Әбден күздігүні далада үйінің қасынан өз жылқыларын жетектеген адамдарды көріп қалып, өз жылқыларын тани қояды. Дереу шақырып, екі жылқысын шалмалап тапжылтпай ұстап, арқанды беліне байлап жібермей тартып алған екен.

1980 жылы Моңғолия мемлекет басшысы болған Юмжа ұлы Цэдэнбал арнайы ат басын бұрып Қызылқайың ауылындағы Мешітбай ақсақал үйіне қонаққа келіп, «Үш Арыстанды» туған ананы көремін деп барып, асыл ананың қолынан дәм татып қайтыпты.

Борбан Мешітбайұлы

Б.Мешітбайұлы Қызылқайың ауылында Мешекең атаның шаңырағында 1942 жылы дүниеге келген. Қызылқайың ауылдық орта мектебін бітіріп, Архангай аймағының су шаруашылық техникумын «Суландыру технигі» мамандығымен үздік тәмамдап, Ғовь-Алтай аймағына бөлініп, мамандығы бойынша қызмет атқарыпты. Сол кезде аймақтық «Мемлекеттік Наадам» мейрамына қатысып, күресіп, соңғы екі палуанға қалып «Аймақтық Піл» атағына ие болыпты.

1965 жылы туған елі Баян-Өлгей «Аймақ Наадамында» белдесіп, чемпион болып, алғаш «Аймақтық Арыстан» атағын иеленді. Содан бастап қатарынан 1967, 1968, 1971 – жылдары аймақтық наадамда күш сынасып, бас жүлделерді алып, жеңіс тұғырын бермеген. 1969, 1970 жылдары 2-орын жүлдесі бұйырыпты.

Моңғол ұлттық күресімен айналысумен бірге самбо күресімен шұғылданып, батыс аймақтарының бірнеше дүркін чемпионы, мемлекеттік самбо күрес додасынан бас жеңімпаз, бүкіл халықтық спартакиад сайысының күрес түрінен неше мәрте жеңіске жеткен тұлға еді.

Борбан Мешітбайұлы Алланың берген өлшеулі өмірі таусылып, Қызылқайың ауылында 2000 жылы 16 ақпан күні қайтыс болды.

Бокең марқұм өзі палуан болғанымен қатар артынан ерген інілеріне күрес өнерін үйреткен, жақсы өнеге көрсеткен тәлімгер жанашыр аға бола білді.

Бокең өте қарулы күшті адам болғандықтан «Мемлекеттік атақ шені» бар талай палуанды жыққан тарихы көп деседі...

Ертеде қайсыбір жылы ағайынды үш арыстан Моңғолия елі астанасы Ұланбатырға «Мемлекеттік наадым» мейрамы қарсаңында үшеуінің арасында бір «Зодог-шуудаг», бір етікпен күресіп үшеуі де екі рет жығып, келесі күңгі үшінші айналымдағы іріктеуге өтеді. Алайда келесі күнгі күреске дәл уақытынан сәл кешігіп келгенін сылтауратып, үш батырдан зәре құты қашып қорыққан моңғолдар жалғастырып күресуге мүмкіндік бермей, саналы түрде күрестен шеттеткен деседі.

Содан кейін әділетсіздіктен көңілі қалған ағайынды үш арыстан «Мемлекеттік Наадамға» қайтып келіп күреспеген екен.

Әзкей Мешітбайұлы

1945 жылы Қызылқайың ауылы, Даян жайлауында Мешекең әулетінде Әзкей атты ұл шыр етіп дүние есігін ашқан еді.

Жастайынан өте пысық, еті тірі жігітті жұрт мақтап нағыз әке жолын қуған балуан болады деп үміт артқан. 1953 жылы 8 жасында ауыл мектебі табалдырығын аттап, 15 жасында 7 жылдық ауыл мектебі табалдырығын аттап, 15 жасында 7 жылдық ауыл мектебін үздік оқумен тәмамдаған. Сол жылдары «Май мерекесі» күресінде белдесіп, қарсылас шақ келтірмей жеңіс тұғырынан көрінген.

Орта мектепті бітіре салысымен Дорнод аймағының «Мал дәрігерлік техникумында» оқып жүріп мектеп аралық күрес жарысының неше мәрте жеңімпазы атанып, сол жылы «Аймақтық наадымға» өте сәтті күресіп «Аймақтық лашын шенін» алады. Оқуын ойдағыдай аяқтап, Өлгейге 1969 жылы «Аймақтық наадамға» күш сынасып алғаш «Аймақтық Арыстан шені» атағына ие болып, 1972 жылы «Аймақ наадымында» күресіп соңғы екі палуанға қалып 2 орын бұйырса, 1977 жылы «Аймақтық наадамда» бабы мен бағы қатар жанып екінші мәрте «Аймақтық арыстан шенін» қайта қорғап, күштілігін дәлелдейді.

1966 жылдан бастап аймақтық сауда-саттықпен қамдау ұйымдығында орынбасар бастықтан еңбек жолын бастап, басқарма бастығы болып көп жыл аймақтың өркендеуіне айрықша өнімді қызмет атқарып, еңбек демалысына зейнетке шыққан.

Шәкіртбайқызы Шәрменханға (Шәрмен апаға) үйленіп, үш ұл, бес қызды ұядан ұшырып қанат қақтырған. Балалары әр салада жемісті еңбек етуде. Серік деген баласы әке жолын қуып күресіп, аймақтық наадамда жас өспірімдер арасынан бас жүлдегер атанған.

Басшылық қызметте жүріп екі тізгін бір шылбырды қатар ұстап, ел жұртқа қадірлі, ағайынға қамқор парасатты жақсы адам болған.

Алланың жазған тағдырымен 2000 жылы желтоқсанның 26 күні бұл дүниеден озған.


Алия Кульмагамбетова
Бөлісу: