Намысты қолдан бермеген қазақ балуандары

31 Қазан 2020, 17:35 6717

Аты аңызға айналған қазақ палуандары туралы не білеміз?

Қазақ халқы ежелден бері – жүректі батыр, білекті балуан, қызыл тілді шешен, жүйрік ат, ұшқыр тазы, қыран бүркіт сынды бағалы құндылықтары арқылы рухын шыңдап, ерлік пен елдікті бекемдеген халық. Қазақтың қан кешкен тарихы мен малшаруашылық өмірі олардың спортпен шұғылдануына негіз болып отырған. Әсіресе, жылқы түлігіне қатысты қытай тарихына «Ат үстіндегі тайпа» деген атпен жазылған алтын тарихымыз соның бір дәлелі. Үйсін жылқылары «Тәңір тұлпары» (арғымақтар) аталып, қытайдың Хан заманының өзінде аңызға айналған. Сонымен, киелі халқымыз ел мен жерін қорғап, жауырыны жерге тимеген қандай балуандарымен мақтана алады?

Қопа балуан

Қопа Асуұлы Жәдіктің байқара руынан шыққан айтулы тұлғалардың бірі. Ол 1889 жылы Буыршын ауданы Дулайты ауылында дүниеге келіп, 1975 жылы 86 жасында өмірден озды.

Қопаның шын есімі Сейіт, ол жеті жасқа келгенге дейін мешел ауруымен ауырғандықтан, оны “Қопа” деп атапты. Мүмкін бұл жайттың өзі де бір нысан ба екен, әкесі Асу дәулетті адам болған. Қопа он төрт, он беске келген кезде әкесі қорадағы ақсақ қойларды қайтарады екен де басқаларға ақсаққа ем салдырады. Бір күні көп ақсақтың ішіндегі екі қошқарға ем салынбай қалғанын сезген малқор әке Қопаға тауып келуді бұйырады. Сөйтіп, әке сөзін екі етпейтін бала қошқарларды іздеп тауып алады. Бірақ қошқарлар айдаса тұрмайды. Ашынған Қопа екі қолтығына екеуін қысып, көтеріп әкеліп тастай береді. Мұны көрген әкесі: «Тілім тасқа!» – деп жерге түкіріп, баласының қуатты күшін байқап қалады.

Жас болсада серік боларына сенген әкесі өз інісі Бөкешке қосып, он өгізбен ащы алып келуге Алағаққа жібереді. Бұлар екі жақтап ащыны қаптап, әр өгізге артатын екі қапты бір-біріне қосақтап қояды да, Қопа ағасы Бөкешке өгіздің басын ұстатып, екі қапты қатарынан көтеріп жалғыз артып жүріп кетеді.

Жас жігіттің балуандық атағы тарап он тоғызға шыққан жылы Ертіс жағасындағы Қаракөл деген жерде Алтай керейінің төресі Жеңісхан гүң үлкен ұлы Әленнің үйлену тойын ұйымдастырады. Келетін келін Тарбағатайдағы Мамырбек төренің қызы Қадуан еді. Сондықтан бұл тойға екі аймақ халқы шақырылады.

Тойға сексен үй тігіледі. Тойдың басқаруын Жәнтекейдің Мәмиі мен Жәдіктің биі Қара Оспан өз мойныларына алады.

Бірінші күні той тамағы беріліп, екінші күні бес жүз ат шапқан бәйге болып үшінші күні балуан күресі басталады.

Бас балуанға Жәйір төресі Мамырбектің «Түйе балуаны» келгенде Алтай Керейінен ешкім жүрексініп шыға алмайды. Арада недәуір уақыт өткенде: «Түйе балуанның бәйгесін жықпай аламыз!» – деген айғайлар шыға бастайды.

Бас балуанға Керейден ешкім шыға алмағаны жалпақ Керейдің намысы еді. Әркімнің арқасы қоза бастаған кезде қара мақпал шапан, қара құндыз бөрік киген, қара жорға ат мінген қара Оспан Керей түскен төбеге ағызып келіп: «Керейден төренің балуанымен күресетін бір ұл тумадың ба?!Шық бірің! – деп ұрандағанда бала жігіт Қопа орнынан ұшып тұрып, үлкендерден бата алып, қара Оспанның артына мінгесіп майданға тартады.

Аңдысып жүрген Қопаны басымен сүзіп, шекесінен қанын ағызған «Түйе балуан» енді бір тартып белбеуін үзеді. Басқарушылар белбеу буынуына аз аял бергенде, жасы жетпістен асып қартайған Қойлыбай балуан өз беліндегі дәйлімбі белбеумен Қопаның белін буып, шекесін шытымен таңып береді.

Қойлыбайдың белбеуін буынып, айбарлы бидің сөзін медеу тұтқан жас балуан көптің ұраны ішінде бұл жолғы майданға сеніммен барады. Түйе балуанды екі айландырмай тізесіне қондырып сырт айналдырып тастап жібереді. Жас балуанды ұран салып ала жөнелгенде түйе балуан орнынан тұра алмай жатып қалады.

1944 жылы Буыршындағы Байқара елі Ертісті өрлей көшіп, Өр Алтайдағы көтерілісшілерге қосылады. Бұл кезде Алтай, Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл, Буыршыннан барған бес ауданның қалың елі Шіңгіл ауданының азғантай жеріне сиыспай және қысы қатты, қары қалың болып, мал арықтап, ел жұтай бастайды. Қолындағы онды, бесті қарасынан сойыс шықпағандықтан Қопа балуан бала-шағасының қамы үшін наурыздың бас шенінде жаяулап, шалғайда қыстап отырған күйеу баласы Башбай имамның үйіне екі күнде әзер барып қона түне жатып, екі қой, екі серке алып жолға түседі.

Жолшыбай иендегі бір ауылға бұрылып, жол сұрасады. Қайта малын айдып, бір кезең аса бергенде әлгі ауылдан шыққан мылтық асынған екі атты адам қуып жетіп, алдын орап, аттарынан түсе бірі қойға, бірі Қопаға ұмтылады. Біріншісін астына басып алғанда, екіншісі мылтығымен Қопаны көк желкеге қойып қалады. Бірақ өзінің Қопаның астына қалай түсіп қалғанын білмей қалады. Бірінің аузынан қара нан шықса, бірі: «Ағатай-ай, қоя беріңіз! Біз қалжындап едік», – деп жалынады. Сонда Қопа: «Менде қалжыңдап жатырмын, қалжыңдағанда қалжырағанша қалжыңдаған жақсы» – деп, онан ары нығарлап, оларды көтерілісшілерге табыс етеді. Разы болған көтеріліс басшылары Қопаға жүз тал оғымен бір бесатар тарту етеді.

Қопа балуан жас кезінен бастап балуандыққа жаттығып, шынығумен шұғылданып, өз ауылын, жерін және кәсібін балуандықтың мектебі еткен адам. Буыршын өзенінің алқымында өзеннің шығыс жағындағы таудың бөктеріндегі Майтастың жанында үлкен қара қоңыр тас жатыр. Жас кезінде бұл тасты басынан асырып тастап машықтаныпты. Егделеген кезде кеудесіне көтеріп апаратын.

Кейін осы тасты енді бір үлкен тастың үстіне шығарып қойыпты. Тегі бұдан кейін қозғамайын десе керек. Жақынғы жылдардың бірінде үш жігіт осы «Балуан тасты» көтереміз деп қойған орнынан сырғытып алып, үш жақтап жағаласып қайтып орнына апара алмапты.

Қопаның балуандық аты мен аңшылық өнері бірдей шыққан кісі. Ол атақты құсбегі, мерген, қақпаншы болған. Өмірінің соңына дейін осындай аңшылық, саятшылықпен шұғылданып, комунада ұжымға жұмыс істеп жүрген кезінде де осы кәсіппен айналысады. 1964 жылы жазда жиырма екі аю алып, ШҰАР бойынша озаттардың жиынына қатысып, өлке бастығының арнайы қабылдауында болады.

Омари балуан

Омари Жондыбайұлы 1888 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қарасты Кендірлік өзені бойында кедей отбасында өмірге келген. Ер жетіп ат тізгінін қолына алғаннан бастап құрбыластары ішінде талантты, қарулы өжет, тартымдылығы арқылы басқалардан дараланып ел көзіне түсе бастайды. Он саусағынан өнер тамған шіліңгір ұста, шебер өнер иесі болып қалмастан, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат болып, домбыра тартып, ән айтып, айтыс ақыны болса, жарысқа түсіп алысқанды жыққан алып күштің иесі болған.

1917 жылғы қазан төңкерісі тұсындағы ірі саяси өзгерісінің дүмпуінен үрейленген қазақ ауылдары қытай аумағына ауа көшкенде солар қатарында Омари да Сауырға келіп мекендейді. Кейіннен, яғни, 1948 жылы Алтайдың Шеміршек деген жеріне барып қоныстанады. Ұрпақтары қазір сол өңірде өмір сүреді.

Қазақ тарихында әйгілі адамдарға ас беру салты өте дабыралы да салтанатты болып өткен астың көлемдісі «Үш жүзге» сауын айтып исі қазақ шақырылса, шақтысы бір арыс елдің басын қосып отырған. Ал ас берген жылдары сахара есебінде ерекше сақталып келген, тіпті бір адамның туылған жылын адақтағанда да «Бәленшенің асын берген жыл» немесе одан ілгері-кейін деп жататында, ол асқа қанша жерден адам шақырылғандығы, дастарханның молшылығы мен салтанаттылығы, кімнің балуаны жығып, бәйгесі келгендігі өз тұсында ел ішінде кең әңгіме болып айтылса, кейінгі ұрпақтарға аңыз болып жалғасып отырған.

Осындай бір айтулы ас кезінде Абақ Керейінің төрт биінің төбесінен қарайтын арғы атасы Көгедайдың он сегіз жасында Ежен ханнан әкелген гүңдік шеннің төртінші мұрагері Жеңісханның асы еді.

Жеңісхан, әкесі Қасымхан гүң қайтыс болғаннан кейін жиырма жеті жасында әке орнына атқа мініп, жиырма екі жыл ел билеп, 1942 жылы қырық тоғыз жасында науқастан қайтыс болып, сүйегі Сауыр тауының теріскей бөктері Айру деген күзеулік жеріне жерленген. Сол жылы басына үлкен күмбез тұрғызғанда гүң ордасының ендігі иесі болған Әлең уаң (шын есімі Әлмұхаммед) төрт орынды негіз еткен Керей біліктілері мен әкесінің асын қалай өткізу жөнінде ақыл қосыпты. Жиылған топ кеңесе келіп қарадан шыққан бай да, би де емес, хан тұқымынан қалап әкелген Көгедайдың төртінші мұрагері Жеңісхан асының салауаты да, салмағы да жеңіл болмасын айта келіп, асқа Алтай, Сауыр түгелімен, Тарбағатай, Қобық елдерінен және Жайырдағы Мамырбек төренің әулеттері, Патшалық Ресейдегі бес керей бодам елі шақырылатыны мақұлданып асқа үш жүз ат шабатындығы, бас бәйге мен бас балуанға қырық тайлақтың құнаннан тура келетін жүлде қойылатындығы, сонымен бірге бұл астың үлкендігі ең атақты деген найман, керейдің әрқандай астарынан атақ-даңқы, сән-салтанаты ерекше болуын дәріптейді.

Бұрынғы астарда бәйге тігілмеген, құны елу қойдан жоғары тұратын Ежен ханның Гүң ордасына ілгерінді-кейінді сыйлыққа жіберілген асыл тастардан жасалған шыныдан бас жүлденің әр қайсысына екіден қосып беруді белгілеп, жоғарыдағы жерлерге бір жарым жыл бұрын сауын айтылады.

Бұл хабар ең алдымен сол кездегі Шың үкіметінің Алтайды басқарып отырған өкілі Яң Шыңсайға жеткізіліп, алдағы болатын астың қадірменді қонағы болуын ұсыныс етеді. Үшінші қабылданған Яң Шыңсай би төрелерге алғыс айтумен бірге, қазақ салтына құрмет етіп, балуанын және бәйгесін баптап апаратынын айтады.

Ян Шыңсайдың мұндағы ойы ішкеріден арнайы тәрбие көрген, ұлты солан, әскери тәрбиешіні жарысқа түсіріп, қазақтың қара көшінен басқа әдіс-амалдан мақұрым бассыз балуандарын жер құштырып, өмешегін үзген бас балуанның жүлдесін алу еді. Одан болмаса, арнайы әскери атбегіне баптатып отырған қара арғымағын бәйгеге қосып үш жүз атты шаң қақтырып бәйгенің бас жүлдесін алуды мақсат етеді.

Ян Шыңсайдың бұл жолғы аста алысқа шабатын арғымағын, жарысқа түсетін балуанын сайлап отырғаннан хабардар болған би төрелер ашып сөз байласпаса да өз іштерінен ұпай ұттырып, намыс жібермеуді ойластырған. Сол тұста Алтай, Сауырда Яң Шыңсайдың босаға темірді доғаша иетін «Шойын қара» балуанымен бел ұстасуға беделді азаматтардың жоғын ескере келіп, өз іштерінен Керейдің мол руы Жәнтекейден шығар деген байламға келіп салмақтарын Мәми бейсіге аударыпты.

Мәми бейсі Қазақстанның Зайсан ауданына қарасты Кендірлік өзеніндегі жеңілген керейді басқарып отырған Жұптыбай болысқа қағаз жазып: «Найман, керей арасында жарысқа түсіп балуандық атағы, айтысқа түсіп ақындық атағы шығып жүрген руы самардан Сақари Жондыбайұлын астан бір ай бұрын Бітеуіргедегі өз ауылына жеткізесің», – деп тапсырады. Жұптыбай болыс Мәми бейсінің қағазы қолына тиген соң, Сақари балуанды шақырып Мәмидің сәлемін айтады.

Ел аузында таралған тағы бір әңгімеге сәйкес, Жұптыбай болыс айтулы күннен жарым ай бұрын Ресей жерінде бес керейдің ел адамдарынан Самыраттың болысы Бекбай қатарлы елбасылары мен ағайынды балуан Сақари мен Омариды, бәйгеге Самырат Құмбайдың қоңыр атын алып, оған баптаушы Мұқамадан атбегін ертіп жиыны отыз адам бітеу іргедегі Мәми бейсінің ауылына келді.

Сонымен қатар, Алтайдың Көксаз деген жерінде арнайы ас беріледі. Асқа сол маңдағы атақты байлар мен би-төрелердің сән-салтанаты бой таластырған алты қанат, сегіз қанат қонақ үйлерден сексен үй тігіліп, оған асқа шақырылған әр елдің атқамінер қасқа мен жайсаңдары жайғасып арнайы күтіледі.

Жарым айға созылған ас салтының күн тәртібі бойынша өліге бағыштаған құран хатым оқылып, хатым ас берілген соң, ендігі кезең тірілердің жомарттығы мен кісілігі көрсетілетін кезеңге айналғанда, астың салтанатын арттыратын түрлі ойын түрлері көрсетіліп, ас ақырласып, қаралы ту жығыларға таяғанда астың ең қызықтысы да, қызбалы ойын түрі ат бәйгесі мен балуан түсіру басталатындығы жарияланып, үш жүз ат түнемеге айдалып, түн ортасынан жарыс майданы ашылады.

Бұл астың ең қымбатты қонақтары болған Яң Шыңсай, Қобық моңғолының Сары Уаңы, ас иесі Әлен мен ханымы Қадуан (Қадиша) бастаған ұлықтар тобы жұрттан оңаша жерге жайылған асты кілем үстіне құс жастықтарды шынтақтай жайғасады.

Жарыс майданына алдымен Яң Шыңсайдың шойынқара балуаны шақырылғанда, шойынқараны төрт азамат кілемге салып көтеріп әкеледі. Шойын қара кілем үстінде басына кигізген жібек ноқтаның екі шаужайынан ұстаған екі азаматты басын шайқағанда біріне-бірін соғыстырса, жерге түскеннен кейін де керіліп-созылып аюша ақырып, бұқаша өкіріп, айбат шегіп шаршы топты таң қалдырады.

Екінші кезекте бодам керейдің балуаны Омари шақырылады. Бұл кезде жасы жетпістен асқан, бодам керейден келген қонақтар иесі болған Бұлан үкірдай, үстіне шағи шапан, басына қозалап үкі таққан, ақ бөбе тымақ киіп, есік пен төрдей ақбоз атқа мініп Омаридың алдына келіп «Мінгес!» – деп тұра қалғанда, түсінде көрген ақ киім киген ақ сақалды адамды өңінде көргендей болған Омари Бұланның артына қалай мінгескенін өзі де сезбей қалады.

Бұл тұста «Бұланбай!» деген ұрандар көтеріліп Бұлан ақбозатпен омыраулаған күйі топты жара майданға кіріп Омариды түсіре салып кері қайтады.

Намыспен жарыс майданында ұстаса кеткен екі балуан бірталайға дейін бірін-бірі дендей алмай бүркітше шеңбектесіп, бураша шайнасып, бір-бірінің алдыртар жерін аңдысып тұрып қалғанда, шойын қараның білек күшін талдырып барып белден қапсыра құшақтап көтеріп әкеткен Омари алып ұрады. Бірақта, жеңілісіне мойынсал болмаған шойынқара аяқтан ала түсіп қайта алыса түседі. Бұл жолы тағы да жыққан Омари шойынқараның басынан күш алып аттап кетеді.

Бұрынғы ас-тойларда болып тұратын рулық, қан қызбалық пен қақтығыс емес, ұлттық жауласуға қаймыққан жұрт не істерін біле алмай дағдарып қалады.

Осы кезде бұл асқа арнайы шақырылған Патшалық Ресей үкіметінің Алтайда тұратын консулдығының адамдары бұл оқиғаны көздерімен көріп істің насырға шауып бара жатқанын байқап, өздерінің бодам керейге ие екенін білдіріп, араға түсіп, Омариды Шыңсайдың жазасынан құтқарып қалады.

Осылайша балуанның қызығы мен қызбалығы басыла бергенде бәйгенің де шаңы көрініп: «Шақабай, Шақабай!» деген ұран ішінде Қомбайдың қоңыр аты бірінші болып кереге ілінеді. Бас балуан мен бас бәйгенің жүлдесін қатар алған бодам керейден келген шағын топтың қуанышы қойнына симай: «Тұлпардың тұяғы, қыранның қияғы, балуанның білегі ортақ» – дейтін дәстүр бойынша жүлдені бөліске салып бір жамбы, бір шыныны Яң Шыңсайға, найза топ ас берген гүң ордасына, Мәмиге, Өміртайға тарту етіп, қалған бөліктері Жәнтекейдің белді адамдары мен бодам керейдің би-болыстарына үлестіріле келгенде ат иесі мен балуанға елуден, жүз бас үргілжін қой ғана қалыпты.

Бір аста қос жүлделі болып, сексен тайлақтың құнын өзі алғанына бодам керей мақтанса, бергенін төре әулеттері абырой санап, қаралы туды жығып, Жеңісхан асын ақырластырды.

Бұл ас Яң Шыңсайдың шойынқара балуанын жыққан Омаридың атағын алысқа жеткізсе, балуанды жығып бәйгесі келген Самыраттың мақтанышпен айтатын әңгімесіне айналады.

Ахметшан балуан

Ахметшан Әуелұлы 1884 жылы бұрынғы Алтай ауданының (қазіргі Алтай қаласы) Ертіс бойында дүниеге келген, керейдің Жастабан руынан шыққан. Әкеден жастай айырылған Ахметшан бала күнінен-ақ жағаласқан балаларды шақ келтірмей лақтырып, балуандығы байқала басталады. Оның алғашқы жарысқа түсуі сөз болғанда көзқарақты қариялар былай деп әңгіме өрбітеді:

1900 жылы көктемде Ханбтебі моңғолдары өз салттары бойынша Оба тәкіп, көршілері Шірікши, Сарғұсын, Қызылтас ауылдары, Бурылтоғайдың Көкебұлақ, Сарбұлағындағы малшыларды қамтыған ат бәйге, балуан өнерін тамашалатады. Балуанның бастапқы мезгілінде, Ахметшанды ешкім елен ескеріп кетпейді, бірақ әр ру өз балуанын шығарған тұста Шақабай руының белді адамдары немере ағасы Омардың көрсетілуімен Ахметшанды талдап балуанға салмақ болады.

Сөйтіп алғашқы жарыста-ақ, «Бала балуан» аталған Ахметшан жетімдік тағдырын ұмытып, ел мәпесіне бөленеді. Бала балуан атағы мен қоса Ахметшанның батырлығы да көзге түсе бастайды, алғашқы жарыста аты шығып Рүстемнің қолына келгеннің өзінде өрдегі Зуканың жігітттері Рүстемнің бір қысырағын қуып әкетіп, оған Ахметшан бастаған бірнеше адамдары аттанады. Түн жастана барып Көктоғай жерінен жылқыны қайта қуып алған олардың соңына қуғыншы түседі.

Олар Зукаға қайта барғанда «Рүстемде тошындай қара бала бар екен» – деп мәлімдейді. Сөйтіп ендігі жерде Ахметшанның балуандығына қосылып батырлық аты да шыға бастайды.

Бір жылы Рүстемнің інісінің баласы үйіне барған балуанға бір өгіз отын алдырады. Отынды өгізге басып артқан Ахметшан қайтайын десе өгіз тұрмайды, көтеріп тұрғызып көрсе де, өгіз жүрмей қайтадан жатып алады, ашуланған Ахметшан өгізді жұдырықпен бір қойып сол орынға қалдырады да, әр өгізінің өлгенін мәлімдейді. Мал иесінің өзіне ренжіп, тіл тигізермен болғанына ашуланған балуан тамаққа қарамай аттанып кетеді, мұны естіген Жаңқабай зәңгі Ыбырайға айып салып, Ахметшанның қайраты ел үшін жаралғанын айтады.

1918 жылдары Сауырдағы Торғауыттың Сары уаңы Алтай, Сауыр, Қобданы шақырып дабыралы той жасайды. Тойға Салымбақының әкесі Татанның бастауы мен Ахметшан да келеді. Сары уанның Қалқадан арнайы алдырған балуаны айырым үйде бағылып, майданға әкеледі де, екі жағына төрт адам шынжырлай тартып кежім жабылып келеді. Ол жараған бураша айбаттанып аяғымен жердің топырағын тарыдай бұрқылдатып айбат көрсетеді.

Арбақ-құрбақ алыса кеткен де, жердің топырағын боратып, бірін-бірі атып жіберердей сұстана алысады, бір әредікте айлакер моңғол балуаны Ахметшанды көтеріп алмақ болып, жылдам қимылдағанда ол қылтадан аяғының басын іліп жіберіп сіресіп қалады, бүркіттей шеңбектескен осы тұста шықшытқа бармағын тірей буғанда қол салған Ахметшан моңғол балуанның бұғанасын сындырып, оны жығады.

Бұл жолғы жеңілісіне мойынсал болмай қатты жауыққан әлгі моңғол балуан араға көп жыл салып, өз еліндегі азулардың айтағымен Ахметшаннан кек алу байламына келеді. Сөйтіп оны өлтірмек болады.

Ахметшанның бір әдеті балықшылық екен, ал Барбөке деген жерде отырғанда Ертістен балық аулауға түседі. Қойшалуынның қысаңына келгенде бетін перделеген әлгі дәу аңдып отырып, арт жағынан басына күпі жаба салып міне түседі. Ат үстінде алыса алмай жағаласқан олар жерге домолай түсіп жалғасты алысады. Басына киілген күпі тұншықтырған ол қапелімде тиіскен жаудан бастапта абдырағанымен бір әдікте қайқы тұмсық етігінен моңғол екенін танып, жанын алмаққа сұқтанған жан екенін біліп күпіні жыртып тыныс алады да, күш шақырады.

1921 жылдардың шамасы болса керек, Рүстем елінен жоғалған екі айғыр үйір жылқының жаласы Шажағайтыдағы моңғолдардан келгендігін естіп, осының қарымжысын қайтарып әкелуге Ахметшанды жұмсайды, Ақаң жанына сенімді Байқұрманды ғана ертіп, жортуылға аттаныпты.

Бұл кез ел бөктерге көшкен мамыр айы мезгілі екен. Сауырдан жылқы қуған олар Қиынкеріштің Жырыққұдығына түсіп шөл басып дамылдайтын болады. Байқұрман тезек теріп жүреді де, Ахметшан демалып жатады, Байқұрман енді тезек әкеліп тоғаға шай аспақ болғанда, ойда-жоқта тоғыз қара мылтықты қуғыншы моңғол басып қалады. Қоршай келіп қалған оларды көргенде Ахметшан басын бір көтереді де, көрмегенсіп жата береді.

Ахметшанның кең мол шалбары болады екен де, бір жақ мықынына ішінен бос мойын қысқа шоқпар байланып алады екен, есінеп қасынған болған ол ышқырына қол жүгіртіп шоқпарын суырып алып қас пен көздің арасында екі жағында мылтық оқтап тұрған екеуді ұрып жығады. Басқалар шай ішіп отырғандықтан мылтығына үлгіртпей, оларды да тарпа бас салады.

Байқұрманға «Байла, байла!», – деп бұйырады. Тоғыздың үшеуі қашып құтылады да қалған алтауын тырыстырып байлап тастап, Ахаңдар жайланып шай ішеді, ендігі жерде шыбын жандары үшін жалынған әлгілерге бір ат қалдырған олар мылтықтарының оқ-шақпағын сыпырып алып кете барады.

Бір жылы Шоңқан деген жерде бір құнан атан құдыққа түсіп кетеді де, он шақты жігіт арқанмен тартып шығара алмай жатқанда, үстілеріне Ахметшан түседі, ол бір науа алдырады да, науаны аяғының астына қойып, құнан атанның шабынан, кеудесінен қайыс арқанмен байлап түйіп ұстайды. Онан соң күш жиып бір лоқытқанда құнан атан құдық түбінен суырыла аузына таман келеді, арқанды ыспалай қысқартып екінші лоқытқанда құдықтың аузына, алдына жетіп келеді. Енді оны құдықтан аулақ асыра тастаймын дегенде, кебістің шажамайы опырылып кетеді, Құнан атан құдықтан шығады. Мұқан Мақарбайұлы деген етікші кебісін жамап беріп аттандырады.

1938-1939 жылдар шамасы болса керек, Жазықбұлақ деген жерде құлынды биенің құлынына аю басып қалып, көп адам жиналып барады. Шұңқырда көк тікеннің арасында жемтікті басып жатқан аю барғандарға тап береді, бір қанша адамның аты жараланады. Аюға Жақаш деген шал шалма тастап, ұстамақ болғанда, аю Жақашты атымен қоса басып алады. Осы оқиғаның үстінен түскен Ахметшан айбалтасын алып, аюға қарсы шауып қасқа маңдайдан шабады. Адам мен ат аман құтылып басынан айырылған аю сеспей қатады. Аюды сойып терісін бөктерген балуан «Жаныңның аман қалғаны үшін», – деп Жақашқа сыйлайды, еті мен майын қалғандар бөліп алысады.

1905 жылдардың мөлшері, бір жылы ел жайлаудан етекке көшкенде Рүстемнің бір қысырағы кейінгі тауда қалып қойып Ахметшан екеуімізді жұмсады, біз жылқыны іздеп Зерліктің күнгейіне келе жатсақ бір жерге құс айналып жүр екен. Жемтікке айналған болар-ау деп әлгі жерге келсек, межеміз дұрыс шықты. Ол жерде жемтік бар екен де, жемтіктің ар жағында бір аю күншуақтап ұйықтап жатыр екен. Мен мылтығымды оқтап атпақ болғанда Ахаң маған атқызбады. Баспалай жүгіріп аюға құр қол кетті. Ұйықтап жатқан аю басын көтергенше екі құлағынан басып жағаласа кетті. Дала мақұлығы да тосын келген жауға оңай алдырмайтынын білдіріп, екеуі шатқалды тітіретіп жердің шымын қопарып шеңбектесе арпалысты. Қапелемде аюға жем болады-ау деп алаңдап, атайын десем оғым адамға тиіп жазым болама деп ата алмадым.

Ақметшан балуанның қол қарымы жайлы әңгіме болғанда құнан өгіздің жауырынан сығып ұмытып жіберетіндігі, керіп тастаған жас теріні қамшымен бір тартып айыратындығы, екі қолының бас бармағын өгіздің жауырын сүйегінің алақан қанатына сұғып жіберіп, екі жаққа айыратындығы жайлы әртүрлі әңгімелер, аңызға айналып елге кеңінен таралған.

Ахметшан балуанның ендігі бір ерекшелігі оның сушылдығы екен, бір жылы Ақаңмен Қараке деген адам Ертіс өзенінің Жымбы деген жерінде белгілі жұмыстарға айналып, азығы таусылып ар жақтан азық алуға тура келеді. Сонда Ақаң ағаш басына шығып жатқан суға өзін атады да, аржаққа тартады. Шәй қайнатым уақытта-ақ бір серкені ұстап бері қарай суға түседі де, ағып отырып аяққы жақтан шығып серкені жетектеп жеткен екен.

Балуанның ендігі бір тас көтеруі 30 жас шамасы кезі екен, Бурылтоғай ауданына қарасты Сарбұлақта той болып бір топ қария Мелгейті жақ кезеңшеде бір төбеде отырады. Сонда айналада тұрған жігіттерге Сәлімбақы: «Үш ошақ тас тігіңдер, күштеріңді салыстырып көрейік», – дейді. Шөлтек, Ақаң қатарлы үш қарулы жігіт ошақтың бір-бір бұтын көтеріп, жол бойынша үш ошақ тас орнатады. Кейін, яғни, 1993 жылы қазан айында Қамбар Қарысбайұлы, Құрман Құнапияұлы, Нұрқұмар Асқалиұлы, Жалел Әубәкірұлы қатарлы балуанның немерелес ұрпақтары оның сүйегін көшіріп, ас беріп күмбез орнатқанда сол үш тасты қалпын құратпай күмбездің алдына орнатыпты. Ахметшан көтерген сол тастың нақтылы салмағы 318 килограмм шығыпты.

Елі ардақтаған сол аяулы арыс алыбы 1943 жылы қыста гоминдаң үкіметі жағынан «Бандылармен астастың», – деп қолға алынып, тірідей зынданға тасталып, жантүршігерлікпен жан үзді.

1944 жылы ел гоминдаңды елсіз қалдыру саясатымен ел Шіңгілге ауып, 1945 жылы ғана балуанына қайырыла алатын дәрмен тапты.

1945 жылы қазанда мекені Қарамағай ауылының Сартал деген жеріндегі Рүстем зәңгінің қасына жерленеді. 1993 жылы қазанның 24-інші жұлдызында аяулы балуанын есінен шығармаған ақ еділ халқы сүйегін көшіріп басына күмбез орнатып, ас береді. Балуанның өзі өмірден озғанымен, оның есімі өлмеді, ұрпағы өлтірмеді.

Қайысбай балуан

Қайысбай Иісұлы 1866 жылы ҚХР ШҰАР Алтай аймағының Сарғусын деген жерінде дүниеге келген. 1961 жылы желтоқсанда, Шіңгіл ауданының Арал ауылдығы Байшің қыстағында 95 жасында қайтыс болған.

Әкесі Исітің қара күші мол, саудагерлігі бар адам болған. Анасы да қарулы болды. Қайысбай әкесі Иістен 9 жасында қалады. Иіске қарасты бірқанша отбасына жастайынан бас қалқа болып, әкеден жастай айрылып, көп азап тартып жапа-машақатта өседі. Қайысбайдың әкесі Иіс ел құрметіне бөленген ақылгөй, іскер адам болыпты. Тұрмысы қоңырқалта болса да Алдай ауылының арқа тірер тиянағы, ел ағасы болғандықтан бүкіл ауыл ол кісіні ақылгөй, дана тұтып, оның айтқанын екі етпей орындаған.

Қайысбай Керей ішінде Жәнтекейдің Шақабай руынан – Балықбайдың үлкен ұлы Түлкібай деген атасынан тарайды.

Түлкібайдан Бәйтерек, Алдай, Қалдай, Төкен деген төрт ата болған. Қайысбай балуан Алдайдың үлкені Иістен туады. Иістен Қайысбай, Боранбай екі ағайынды болған.

Ал, балуан атамыздың қайын жұртының сүйегі қарақас. Ұлы шешеміздің аты Сақыш, әкесінің аты Жолжақсы. Рақшай деген мықты серік қайын ағасы болған.

Бұл жерде айта кететін бір іс, әлемге әйгілі спортшы Мұстафа Өзтүріктің (Мұстафа Өзтүрік Кәбенұлы) әкесі Кәбен Қайысбай балуанның туған жиені. Мүмкін, нағашы жақтан дарыған болар, Кәбен ел ауа көшкенде Түркияға барған. Халық арасында той-думан, ойын-сауық, балуан күресі болмай тұрмайды. Сол жердегі қазақтарды қойып, күресемін деген түріктерді шаң қаптыра берген.

Сондықтан жиналған түрік азаматтары «Мынау өзі түрікше күреседі екен» деп таңданысады. Осылайша, кіммен күрессе де, бәйгені ала берген Кәбен «Өзтүрік» аталып кетіпті. Содан баласы Мұстафа Өзтүрік деген фамилияны алған.

Қайысбайдың өмірі мен балуандығы жайында ақиқат пен аңыз аз емес.

1867 жылдар шамасы, Алтайдың Шеміршек өңірінде «Қызыл аяқ қаптаған жыл» дейді. Иістің 27 жастағы кезі болса керек, Алтайда ашаршылық болып, халық азып-тозыпты.

Осы жолы Иіс ауылды бастап, Боғдаға көшпекші болады. Көшер алдында Иіс жанына жеті жолдасын ертіп, Үрімжіге (бұрынғы аты Дихуа) барып, мал саудасын істейді. Мал тайтұяқ күміске, ұн-шайға айырбастайды. Сауан ауданының Айғайқұм деген жерінде, жол тосқан қарақшылар ере жүріп, түнгі ұйқыда тиісіп, шайқас үстінде жеті жолдасымен бірге шейіт болады. Иістің мал саудасын істеп кеткенін білетін жақын туысы Жәңгір Атыкұлы саудашылардың кешіккенінен алаңдап, артынан барып, жеті шейіттің сүйегін іздеп тауып, түйемен артып әкеліп, Алтайдың Сарғусын деген жеріне жерлеген.

Қазір ол жер Шеміршектегі «Жеті шейіт» деп аталады. Қайысбайдың әкесі Иістің шайқаста қаза болған кезде үстіндегі мата жейдесі қан дағы мен қара шаңырағында әлі сақтаулы. Немересі Дағыстан мен келіні Нұржәмила қастерлеп сақтап келеді.

«Қайысбай» атының қойылуына келсек, мұның өзінде де үлкен бір хикаялар бар екен.

Қайысбай туып жатқанда, Иіспен дос болып өткен моңғолдың Ламжа деген төресі бұйрықша келіп, Иістің үйіне түседі. Иіс «Шілдеханаға қатынас» деп Ламжа төрені жібермейді. Ламжа төре қонып, қайтарында Иіс ырымдап: «Шыңғысхандай батыр әулетінің ұрпағысың, мына жаңа туып, шілдеханасы болған баланың атын қойып бер» деп өтінеді. «Рұқсат етсеңіздер, баланы әкеліңдер. Бетін ашып көрейін, дінім бөлек болса да, ниетім ақ, атын қойып бер деп өтіндің» деп ат қоюға мақұл болған соң, түйе жабағысына ораулы жатқан баланы алдына алдырады. Ламжа төре баланың бетін ашып: «Балаңның сүйегі сом, маңдайы жазы, көзі өткір екен» деп қасындағы атқосшысына қанжығадағы қайыс арқанды алдырып, баланың үстіне тастайды. «Менің сыйлап, ат қойғаным осы болсын» дейді. Сонда Иіс отырып: «Онда баламның аты Қайысбай болды ғой. Жарайды, қайыс берік болады. Ал, қайыстай адам қайыспайтын қайсар болар» дейді. Сонымен, Қайысбай деген есім осылай қойылған екен.

Ламжа төренің ақ тілегі Қайысбайға дарыды ма, айтса айтқандай, Қайысбай қайыстай шыдамды, алып денелі, кең жауырынды, керме иықты, мұрынды саусақтары салалы, аяғы талыстай, әрі балуан, әрі батыр, жаужүрек азамат болып ержетіпті.

Ел ішіндегі ендігі бір аңыз оның «Қайысбай» аталуын былайша әңгімелейді:

1897 жылдардың ішінде Әтік деген адамнан асы болыпты. Осы аста Шақабай, Қайысбай Байғозымен күресіпті. Бұл кез Байғозының дәурендеп тұрған шағы екен де, ұстасқан адаммен ұстасып жатпай лақтырып жіберетін оған ешкім шақ келмейді деп тұрғанда 18 жастағы Қайысбай Байқозыдан жығылсам ұяттығы жоқ деп майданға шығыпты. Қайысбай жетіп барғанда, Байғозы: «Күрессең, кел бала!» – деп Қайысбайды шап беріп ұстап алып: «Әуп!» деп көтере сілкіп тарқанда, дедек қағып барып Қайысбай тұрып қалыпты. Екінші рет қайратын бойына жиған Байғозы оны лақтырып жібермекші болып күш көрсеткенде Қайысбай қозғалмай қалыпты. Сонда Байғозы: «Әке-ау, мынау қайыспайды-ғой! – деп қалыпты. Іштей опынған Байғозы: «Өз елімнің ішіндегі баламен бұлай ұстасатын жөнім жоқ еді, мені құдай атқан екен!» деп ойлапты. Қайысбайдың шын аты Оранбай екен, содан «Қайыспайды» делініп, Қайысбай аталып кетіпті.

Қайысбадың балуандық істері жайында алты Алашқа тараған хикаялар өте көп.

Алтайдың өрмегейтісінде Қызылкүңгей деген жер бар болып, Қызылкүңгейдің бір сайында Қайысбайдың түйесі жатады екен. Сол Өрмегейтіде «Ашаңның түйе көтерген сайы» деген жер бар. Қайысбайды рулас жақындары Ашаң дейді екен. Сол Өрмегейтіде Қайысбайдың жұрты да бар.

Қайысбай өз жұртына келсе, атан түйесі құрыққа түсіп ауыр жараланып қалыпты. Қайысбай өзі жалғыз атан түйені құрықтан шығарып алыпты. Бірақ құрықтан шыға алған түйе аяғын баса алмай, тұра алмай жатып қалыпты. Какең түйесін тепсеңге шығарып қойып, үйіне келеді. Үйіне келсе Шақабай ішінде Әбілмәжін қатарлы 3-4 жігіт қыдыра келіп отыр екен. Ол жігіттерге түйенің жығылған мән-жайын айтып, «Оны емдеу қиын, алып келсек» деп оларды ертіп түйе жатқан жерге келіпті. Қайысбай түйені шөктіріп төрт аяғын буып, басыңа арқан тағып жігіттерге беріп «Басын соғып алмасын» депті де арқасына салған түйені тік көтеріп жаяу адам әзер жүретін соқпақпен бір шақырым шамалы қайқая жүріп үйіне әкеліпті.

Бір жылдары балуан ауылы (1885 жылдары шамасы) Моридың құмында қыстап, Қызылқадам Иранбекті жаз жайлау, күз күзеулік етеді екен. Сол кездегі бес Шақабайдың биі Тары, Шыбарайғырдың биі Ұтмұқамет, шерушіден Сүгірбай, бейсі Мәмидің бас қосқан бір кездері, Қобдаға мал саудасымен сығайлап, 20 неше азаматты аттандырады екен. Қайысбай балуан Байқозы балуаннан бата алып, Тоқпайдың сынынан өтіп, екі балуандық арыста жеңіп, 19 жасқа келген кезі. Бұл жолы оған өзінің жақын туысы Құшық бірге барыпты. Сол сауда сапарында қайынағасы Рақшай да бірге екен. Олар айдап барған малдарын айлап жатып саудаға салып, шаруаларын бітіріп, қайтар жолында Қобдадағы моңғолдың көкмоншақты төресі Доржы жалғыз ұлына келін түсіріп, тойға қатынасуға шақырып, бір апта ереуілдетіпті, әрі оларға тойдың құрмет сыйы бойынша, ат бәйгесі мен балуан күрестіру ойындарын көрсетіпті.

Ойын кезегінде, «Жүйріктерің мен балуандарың болса алып шығыңдар» деп, Доржы төре араға адам салады. Қайысбайдың қайынағасы Рақшай: «Бізде жүйрік болмаса да, күш сынасар бала балуанымыз бар, балуандарыңыз жазым қылмаса түсіреміз» дейді. Сонымен, 19 жастағы Қайысбай моңғолдың ноқталап әкелген, жер тарпыған балуаны Доңғарамен күреске түседі.

1942-1943 жылдары Қайысбай балуан Шатырал деген жерге барып, қоныстанған. Осы жерде 7-8 жылдай болып, соңында: «Өлсем ата-бабаларымның жанында жатайын» деп, Қытай азат болды дегенді естіп, 1948 жылы Қайысбай бастаған 16 отбасы 80 неше адам өлгені өліп, қалғаны небір машақатты бастарынан өткеріп, Жерқұт арқылы Мыңтеке асуынан асып, атамекенге оралған. Шинжияңда Шыңсайдың зорлық зомбылығынан безіп, жол азабын тартқан аянышты жағдайдан басқа, ата мекенге қайтып келгеннен кейін, балуан көзін жұмғанша ешқандай зәбір көрген жоқ. 1961 жылғы «Зор секіруде» көп ауырмай дүниеден озған.

 


Алия Кульмагамбетова
Бөлісу: