«Намысама тиеді». Ринат Зайытов мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді заңмен шешу керегін айтты

4 Қыркүйек, 12:51 581

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов елімізде тұтынушыларға мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді заң жүзінде қарастыруды талап етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат бұл мәселеге қатысты сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке сауал жолдады.

Сіз баяндамаңызда мемлекеттік тіл туралы жанама әңгіме айтып өте шықтыңыз. Біздің қоғамдағы ең үлкен проблема осы – тілдің айналасында. Баршаңыз осы заңның («Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң жобасы мен оған ілеспе құжат – ред.) маңыздылығын айтып отырсыздар. Қарапайым мысал айтайын. Өздеріңіз де әлеуметтік желіден көріп жүрсіздер. Тұтынушы келеді де «Маған неге мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейсіз?» дейді. Кейін содан дау шығады. Қоғам шулайды. Конституциядан басқа жерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру енгізілмейді. Сондықтан заңда нақты жазылуы керек, - деді мәжілісмен.

Ринат Зайытовтың сөзінше, Қазақстанның кез келген аумағындағы орындаушы және сатушы бірінші кезекте мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге міндетті деп заңға жазу керек.

Менің намысыма тиеді. Мысалы, бір жерге барғанда мемлекетім бар, мемлекеттік тілім бар. Бірақ мені барған жерде неге өзге тілде қарсы алады? Егер тіліміз жетпей жатса айтамыз. Маған десе, 5 тілде қызмет көрсетсін. Бірақ Қадыр атамыз айтпақшы, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте». Бірінші кезекте, мына заңда мемлекеттік тілдің статусын анықтауымыз керек. Егер анықтасаңыздар, қалай анықтағандарыңызды айтыңыздар, - деді Зайытов.

Айта кетейік, Мәжілісте депутаттар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң жобасы мен оған ілеспе құжатты талқылады.

Миражан Махан
Бөлісу: