Нағыз Алматы Апортын өсірген қос кәсіпкер

23 Қазан 2017, 16:39 12946

Аңыз алманы «қайта тірілткен» кәсіпкер кім?

Біреуінің өзі 1 келі тартқаны үшін Кремль патшасының таңдайын қақтырған нағыз апорт алмасын қашан көреміз?! Алматының ескі тұрғындары дәл осылай сипаттайтын хош иісті аңыз алманы «қайта тірілтеміз» деп жанын салып жүргендер кімдер?  

Лондонда білім алған қос кәсіпкер жігіт – Тимур Тақабаев пен Андрей Ким елге оралған сәтте тың бастаманы қолға алуды шешеді. Осылайша өмірге «Нағыз Алматы Апорты» жобасы келеді. Іле Алатауының баурайындағы қараусыз қалған үш жүзге жуық алма ағаштарын бір жылдың ішінде-ақ өз күштерімен қалыпқа келтірген екі жігіттің бүгінде сегіз гектарды құрайтын екі алма бағы бар. Оның бірі – Талғар ауданында болса, екіншісі – Есік ауданында. Негізі қос кәсіпкердің екеуі де – басқа саланың мамандары. Әрқайсысының жеке дөңгелетіп жүрген шағын кәсібі бар. Жас жігіттердің басын біріктіріп, агроном ретінде бағын сынап көруге себеп болған – туған өлкеге деген махаббаты.

«Патриоттық сезім дегенді әркім, әрқалай түсінеді. Ал біз үшін ол мына алма бақтарында, жасап жатқан жобаларымызда жатыр», – дейді Андрей. Алматыда туып-өскен жігітке нағыз апорттың дәмі жақсы таныс. Себебі, әжесі кезінде алма ағаштарының бірнеше сұрпын өсірумен айналысқан екен. «Менің балалық шағымда кез келген үйдің ауласында алма өсетін. Ол заманда колхоз бағына барып көшет әкеп, бақшаңа отырғызып қоюға болатын. Ал қазір бәрі де басқаша. Санаулы жылдардың ішінде, Алматының атын әлемге әйгілі етіп тұрған апорт жойылып кетті. Елімізде апорттың күйін кешіп отырған өзге де өнімдер жетерлік. Бүгін енді міне алманың отанында тұрып, қытайдың алмасын жеп жүрміз» - деп Андрей іштегі күйінішін білдірді.

Отызды алқымдаған екі жігіттің достығы сонау студенттік жылдардан басталған екен. Шетелде кәсіпкерлікке байланысты білім алып келіп, бүгінде Тимур – IT саласында жұмыс істесе, Андрей – электрондық коммерция өнімдеріне байланысты екінші дәрежелі банктарға қызмет көрсетеді.

«Бұл бақтар бізге ата-аналарымыздан мұра болып қалған. Әрине бұл жер бөлігін тегістеп, басқа кәсіппен де айналыссақ болар еді. Себебі, біздің мамандығымыз басқа, агроөндірістен хабарымыз да жоқ. Дегенмен, еліміздегі алма өндірісінде әлі бәсекелестік қалыптаспағанын, бұл сала кенжелеп қалғанын ескере отырып осы істі қолға алсақ деп шештік. Бұл жобадан біз мол табыс тауып, байып кетеміз деп айта алмаймыз. Керісінше, өз кәсібімізбен тауып жүрген қаражатты осы жобаға құюдамыз. Шыны керек, бұл іске біз бизнес ретінде емес, жай ғана жанымызға жақын жоба ретінде қараймыз» - деп ағынан жарылды жігіттер.

12 жыл бойы қараусыз жатқан алма бақтары өз құндылықтарын жойып, жемісі де ұсақталып кеткен екен. Бұрынғы апортты қайта тірілту жігіттерге оңайға соқпағаны анық. Дегенмен де, жас бизнесмендердің айтуы бойынша, жыл өткен сайын жеміс іріленіп, хош иісі деп артып келеді.

«Алғашқы жылы біз жоспарлағанымыздан әлдеқайда аз әрі сапасы да төмен жеміс алған едік. Сондықтан да оны сатудан бас тартқанбыз. Бірақ одан кейінгі жылдардың нәтижесі қуантады. Жыл өткен сайын алмамыз нағыз Алматы апортына айналып келеді. Жалпы бұл істі қолға алған сәтте досым Тимур екеуіміз мемлекет тарапынан қандай да бір көмек күтпедік. Біз тек өзімізге сендік, тәуекелге бел буып  осы апорт өсіруді қолға аламыз деп шештік. Әрине, қазір апорт өсірумен айналысамын деген жанға мемлекет тарапынан қолдау бар, түрлі бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Бірақ біз өз мүмкіндіктерімізді тексеріп көргіміз келді», - дейді Андрей.

Жас жігіттердің «Нағыз Алматы Апорты» жобасымен айналысып келе жатқанына 4 жылдан асты. Биыл 50 тонна алма алған шаруашылық  жыл сайын өнімділіктің артып отырғанын айтады. Бұл алмалар үшін қос кәсіпкер қайта қалыпқа келтірілген қағаздан арнайы картон қаптамалар жасап шығарған. Оның ішіне 4 апорт алмасы сияды. Осылайша, жігіттер шаруашылықты ілгері жылжыту үшін бұл іске жылына 20 мың доллар қаржы құйып тұрады.

«Жалпы нағыз апортты қалай таңдаймыз деген сауалға келетін болсақ, біріншіден алманың бұл сұрпы өзге сұрыптарына қарағанда өте үлкен келеді. Күз мезгілінің екінші жартысында пісіп жетілетін апорттың түсі қып-қызыл, аздаған жолақтары болуы тиіс. Бұл аты аңызға айналған сұрып болғандықтан, оны әркім әр түрлі суреттейді. Әсіресе шетелдіктер үшін апорт алмасының орны ерекше. Ал дәміне келетін болсақ, тәтті алмада қышқылтым дәм болуы тиіс. Яғни апорт ол тәтті алма емес, оның болмашы ғана қышқылдығы бұл сұрыпқа бірегей дәм береді» - деп Андрей нағыз апортқа сипаттама беріп өтті.

Ғалымдардың айтуы бойынша, әлемдегі ең алғашқы алма, яғни «сиверс» сұрыпы осы Іле Алатауының бөктерінде пайда болып, бүкіл жер жүзіне тараған екен. Кейінірек, апорт пайда болған тұста қаншама елдің ғалымдары бұл сұрыпты өз елдерінде өсіруге әрекет етіп көреді. Бірақ еш нәтиже шықпаған екен. Себебі, апорт – тек Іле Алатауының климаттық жағдайында ғана өсе алатын жеміс. Сондықтан, апорттың жаңа дәуірін қалыптастыру тек біздің қолымызда. Бұл үлкен жауапкершілікті сезінгеннен болар бүгінде апорт алмасын жандандыруды қолға алған шаруашылықтардың саны күн санап артып келеді.

Жазира Берғалиева
Бөлісу: