Ән өнерінің саңлағы – Әміре

23 Қараша 2020, 18:46 7786

Өнерді жоғары бағалаған Франция жұртшылығын талантымен мойындатқан, таңдай қақтырып таң қалдырған тұңғыш қазақ Әміре болатын. Сіңірі шыққан кедей отбасында дүниеге келіп, жоқшылықтың зарын көзін ашқан шақтан бастап тартып өскен Әміренің өмірі әуел бастан тар жол тайғақ кешуден тұрады.

Әміре Қашаубаевтың туа бітті талант иесі екені талассыз болатын. Күміс көмей, жез таңдай деген теңеу осындай талант иелеріне қарата айтылған болса керек.


Қазақтың аяулысы Әміре 1888 жылы дүниеге келген. Оның кіндік қаны тамған туған жері Шығыс Қазақстанның қазіргі Абыралы ауданын жағалай жайылып жатқан Бегелен тауының етегі. Қашаубай Әміренің әкесінің аты. Жоғарыда айтып өткенміздей, Қашаубай кедей кісі болған. Анасының есімі Тоғжан.  Әкесі ауыр сырқаттан ерте көз жұмады. Сондықтан, Әміреге бала кезден бастап ауыр еңбекке арқа тосуға тура келеді.

Әміре 12 жасында сол аймақтың атақты байының ат айдаушысы болып жұмыс жасайды. Әміре бала кезінен әнге құштар болған. Ән айтқан кезде жас баланың делебесі қозып, бір орында отыра алмай, айналасындағының бәрін ұмытып кетеді екен. Сондықтан болар, оның әншілігін білетін айналасы бала кезден «Әнші бала» деп атап кетеді. Оның өнері жалпақ жұртқа жария бола бастаған шақта, ауылдың ғана емесе, көрші елді мекендерде тұратын бай мырзалары да әнші баланы шақыртып, әнін тыңдайтын болған.

Жалпы мамандар Әміренің дауыс диапазонының өте жоғары болғанын айтады. Оның дауысы зор, яғни 2,5 октава болған. Егер бейнелеп айтар болсақ, бұл бір адам бойында екі адамның дауысының болуы екен. Ол лирикалық тенордың және драматикалық баритонның иесі. Әміренің дауысының мықтылығы соншалық, ол бір әнді бір-ақ деммен айтып шығатын болған. Музыка зерттеушілерінің сөзіне сенсек, Әміренің оң жақ алқымында өкпе тұсында дауыс сақтайтын қалташасы бар-мыс. Әміре ән саларда сол қалташаға алдын ала ауа толтырып алып, әнді сол арқылы бір деммен айтып шығады екен.

Әміренің өнерге келуі әр тарихи шығармаларда әрқалай баяндалады. Бір деректерде Әміренің өзі қызмет ететін байды Қоянды жәрмеңкесіне алып келгендігі және сол жерде кәсіби әншілерді көріп, олардың өнеріне тәнті болғандығы соншалық, тіпті жұмысын тастап өз өмірін өнерге арнау туралы тәуекелге бел буғандығы айтылады.

Әміре жастайынан байдың атқосшысы болып жүріп, шаршы топта домбырасымен ән салып үйренген. Ол ел аралап жүріп, жұрт аузына ерте есімі ілігеді, Жаяу Мұсамен, Майра Уәлиқызымен, Сәтмағамбет, Ғазиз сынды арқалы әншілермен таныстығы оның әншілік өнерін шыңдай түсті.

Әміренің отбасы әкесінің көзі тірісінде Семейге көшіп алған болатын. Ол қара жұмыс жасап, отбасын асыраудың қамын қылды. Алайда, ауыр жұмысқа ерте жегілген Қашаубай қырықтан асқан шағында жұмысқа жарамсыз болып, ауруға душар болады. Шешесі де үйдің ұсақ тірлігі болмаса, қара жұмыс жасайтындай емес еді, бір күн ауру, бір күн сау күйде болатын.


Әміре атқосшы бола жүріп, ыңылдап ән айтып жүретін. Уақыт өте келе, Әмірені күллі Семей өңірі таныды. Алайда, атқосшысының танымалдылығы Исабек байға ұнамайды. Сондықтан, оның жүрісін шектеу үшін оған тері күзеттіріп қояды. Әміре тері күзетіп отырып та, түн жарымында ән шырқайтын. Семейдің аспанын әуелете шырқалған әнді жастар терезелерін ашып қойып тыңдайтын. Ақыры ол Исабек баймен есеп айрылысып, анасынан рұқсат алып, өнердің жолына белін бекем буады. Сөйтіп Арқа әншілері бас қосатын Қояндыға жол тартады. Осы Қояндыда ән өнерінің нешетүрлі саңлақтарымен кездесіп, сабақ алады. Қарт болса да, даусының зорлылығы таймаған Жаяу Мұсамен кездеседі. Әміре үшін бұл үлкен олжа еді, ол өзін аса бақытты сезінді. Жаяу Мұсаның Гауһар қызын, Ақ сисасын өзі де сүйсініп орындайтын.

Әміре үш жасынан бастап ән салған екен. Оның Қояндыда ән өнерінің саңлақтарымен кездесуінде Әміре небары 18 жаста болған

Әміре сол кезеңдегі қазақ жастарынан шыққан ат төбеліндей ғана аз зиялылардың бірі. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Семей өңірінде «Ес-аймақ» қазақ жастарының қоғамы ұйымдастырылады. Бұл ұйым мал баққан, бай есігінде жалшылықта жүрген жастарды өнер-білімге тартуды көздейді. Олардың тағы бір миссиясы ауыл аралап жас таланттарды іздеу болатын. Әмірені бұл ұйымға Жұмат Шанин алып келеді. Әміре осы қазақ жастары ұйымында жүріп алғашқы рет актер ретінде сахнаға шығады. Ол драма актері ретінде рөлдерді сәтті ойнап шыққанымен, оның әншілік өнеріне басымдық берген режиссерлер Әміреге сахнада ән айтатын рөлдерді береді. 1924 жылы Семейде өткен әншілер байқауында Әміре мен қазақтың және бір зор дауысты әншісі Қали Байжанов екеуінің өнері мен таланты сыналады. Нәтижесінде, өнер бәсін бәсекеге сала алмаған комиссия мүшелері екеуіне бірінші орынды бөліп береді. Әміре мен Қалиға жүлденің теңдей бөлініп берілуіне байланысты мынадай естелік әңгіме бар ел ішінде. Екі дүлдүл де бір-бірінен қалыспай, кезек-кезек айтысады. Әнді домбырамен де, баянмен де айтады. Жұрт қанша жершілдікке салғанымен, Әміренің мінсіз сұлу дауысы тыңдаушысын еліктіріп әкететіндей әулетті еді.

Содан комиссия бас жүлдені кімге береміз деп таласады. Сол кезде Әміре: «Босқа таласпаңдар! Бірінші және екінші бәйгені қосып, екеумізге қақ бөліп беріңдер» дейді. «Маған екінші бәйгені беріңдер, біріншіні Әміре алсын, өйткені талабы зор, менен артық екені рас, аспанға өрлеп тұрғанда беті қайтып қалады. Менің жасыма жеткенше өрлей берсін», – деп Қали да өз ұйғарымын айтады. Алайда, Қалидың жасы мен жолын сыйлаған Әміре бірініші жүлдені алудан бас тартады. Осылайша жүлде екіге бөлініп беріледі. 

Әміре кейін яғни дәлірек айтсақ, 1926 жылы Қызылорда қаласында алғашқы қазығы қағылған қазақ драма театрында жұмыс жасайды. Ал 1934 жылдан бастап Әміре қазақ музыкалық театрына жұмысқа ауысады.


Тарихтан белгілі, 1917 жылы орын алған Қазан төңкерісі ішкі Ресейдің ғана емес, шетте жатқан қазақ елінің әлеуметтік тұрмысы мен кейінгі дамуына да саяси өзгеріс алып келді. Теңдік деген сөзді естімеген қалың қазақ ұйқысынан оянғандай болды. Елдің барлығы бірдей ат тізгініне аяқ салып, өзі ғана емес, ата-бабасы есігіңде жалшылықта өткен байлардан теңдік, енші талап ете бастады. Ел ішіндегі бұл алақұйын өзгеріс Әміреге де әсер етпей қоймады. Әміренің әнші ретінде қалыптасуы осы кезеңмен тұспа-тұс келеді. Оның әншілігі мен тума талаттылығы туралы ауыл арасында желдей ескен әңгіменің аяғы Кремльге барып тіреледі.

Ақыр соңында сонау Мәскеуден халық ағарту комиссары Анатолий Луначарскийден Қазақстанға үшбу хат жетеді. Әлгі жеделхаттың мәтіні мынау: "Қырғыз әншісі Әміре Қашаубаев Парижде өтетін бүкіләлемдік көрме аясындағы этнографиялық концерттерге қатысуға келісімін бере ме, жоқ па? Шұғыл анықтап, хабар беріңіздер".

Семей губерниясына келген хаттың арты үлкен дауға ұласады. Ағарту бөлімінің қызметкерлері Әмірені Мәскеу қайдан танысын деп ойлап, әлгі хатта қате кеткен болар деп ойлап, оған жауап беруді «мүлдем» ұмытып кетеді. Анатолий Луначарский бұл жолы өзі қол қойып тағы бір жеделхат жібереді. "Менің қырғыз әншісі Әміре Қашаубаевқа қатысты жіберген жеделхатыма жауап беріңіздер. Оның Парижде өтетін концерттерге қатысуы мемлекет үшін маңызды", - делінеді бұл хатта. Әрине, дайындық жұмыстары аяқ астынан қысқа мерзімде ұүйымдастырылып, Әміре 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне жедел түрде жөнелтіледі.

Әміре Парижде қазақ даласында дүниеге келген еркіндіктің әуезді әндері «Ағаш аяқты», «Қанапияны», «Үш досты», «Жалғыз аршаны», «Қос балапанды», «Балқадишаны» күмбірлетіп, әуелетеді. Осы сапар Әміренің шын мәнінде жұлдызды сәтіне айналады. Ол күміс медаль иеленеді. Және оның сирек талант екенін француздық «Париж апталығы» мен «Ле мюзикль» басылымдары жарыса жариялайды. «Ле мюзи-каль» журналы Әмірені сирек кездесетін музыкалық көрініс деп жазады.

Әміренің ән айту мәнеріне қазақ этноөнерінің дәстүріне риза болған, таң қалған Сорбонна университетінің профессоры Перно Әміренің әндерін оның өзінің орындауында фонографқа таспаға жазып алады.  Алайда, кейін қазақстандық зерттеушілер Әміренің бұл дауыс жазбасын қолға қанша түсіруге тырысқанымен, ол табылмады.

Әміре Францияда этнографиялық ансамбльмен бірге он бір концертке қатысады.


Қазақстандық сыншылардың айтуынша, Әміренің қай әнін болмасын, оның деңгейінде орындап шығу өте қиын.

Әміре Париж сапарынан кейін елге қайтып оралады. Семейде көп тұрақтамаған ол кейін Қызылордаға жол тартады.

Ал 1927 жылдың сәуірінде Әміре Мәскеу консерваториясында ән айтады. Одан кейін Германияның Франкфурт қаласында халықаралық көрмеге жолдама алған Әміре, бұл жерде де қазақ әндерін әуелету мүмкіндігіне ие болады.

Тарихи деректерде Әміре Қашаубаевтың шетелге шыққан кездері қазақтың тағы бір аяулы ұлы, алашшыл Мұстафа Шоқаймен бір емес, бірнеше рет кездескендігі айтылады. Бұл үшін кейін Әміреге НКВД алдында жауап беруге тура келеді. Себебі, кеңес үкіметі сол кездегі Түркістан автономиясын құрып, қазақ халқына тәуелсіздік сұраған Мұстафа Шоқайды сатқын, қашқын деп санайтын. Сондықтан, Әміре НКВД-ның қатаң бақылауына алынады. Әміреге қатысты барлық қудалау шаралары осы Мұстафа Шоқаймен байланыстырылады.

Бұл туралы Әміренің тергеу материлдарында да анық жазылады. Ол өзінің түсініктемесінде 1925 жылдың маусым айының ортасында Парижге келген сапарында Мұстафа Шоқаймен кездескенін жазады. «...Екінші күні бөлмеме Мұстафа Шоқай келді, таныстық. Ол Қазақстан туралы сұрай бастады. Менің оқыған, оқымағанымды сұрады. Мен "кәсіби білімім жоқ" деп айттым. Байтұрсынов пен Дулатов жайлы және олардың немен айналысып жүргенін сұрады. Мен Байтұрсынов Қызылордада оқытушы, ал Дулатов жазушы, кітаптар жазып жүр дедім. Мұстафа Шоқай маған өзінің Сұлу-Төбеде туғанын, туыстарының әлі күнге дейін сол жақта тұрып жатқанын жеткізді. Олармен хат алысып, хабарласып тұратынын айтты. Совет елшісі Красин оған елге қайтуға ұсыныс жасағанын, бірақ Отанына оралса, қуғын көретінінен қауіптенетінін жеткізді" дейді әнші ұлт зиялысымен кездесуі туралы дерегінде. Тарихшы зерттеушілер мен Әміренің көзін көрген өнер адамдарының айтуынша, Мұстафа Шоқай шын мәнінде Әміре Қашаубаевтың концертіне арнайы келіп қатысады. Және әншіні достарымен бірге мейрамханаға ас ішуге шақырады. Мұстафа жалғыз емес болатын, оның жанында Анри Барбюс, Ромен Роллан сынды француз достары болады. Ал Әміренің өз естеліктерінде Мұстафа Шоқайдың концерттен кейін келіп, барлық әртістерді мейрамханаға шақырғаны айтылады. Өнерпаздар Мұстафаның кім екенін білген болулары керек, әрқайсысы әрқалай сылтау айтып, мейрамханаға барудан бас тартады. Бұл кездесуге жалғыз Әміре ғана барады. Мұстафа мен Әміре мейрамханада құшақтасып амандасады, бұл қылығына қарап француз жазушылары оларды туыстас деп ойлап қалғандарын да жасырмайды. Алайда, бұл екі қазақ бір-бірін алғаш рет көріп танысып тұрған кездері болатын. Әміре Қашаубаев Шоқайдың өзі арқылы идеялас жақтастары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына хат беріп жібергендігін мойындайды. Әміре Париж сапарынан кейін Міржақыппен, Ахметпен танысады, және олармен кездесіп тұрғанын айтқанымен, оларға Шоқай берген хатты жоғалтып алып аманатқа қиянат қылғанын айтады. Алайда, бұл оны НКВД-ның тұзағынан босата алмады, Әміре олардың қырағы назарына іліккен болатын. Әлгінде айтып өткеніміздей, 1927 жылы Әміренің Майндағы Франкфуртте өткен көрмеге қатысуы кезінде де Әміренің жолы тағы да Мұстафа Шоқаймен түйіседі. Бұл әрине, коммунистік партияның күдігін тудырады, сондықтан, Әміре елге оралған бойда ол ашық түрде қудалауға ұшырайды.

Анатолий Луначарский бірнеше мәрте Әмірені қудалаудан алып қалады. Алайда, 1930 жылы өнерді аса жоғары бағалаған Луначарский аса ауыр сырқаттан көз жұмады. Луначарскийдің көзі тірісінде Әміреге тиісуге батылы бармай, тісін қайрап жүргендер көп болатын. Оның өмірден өтуі Әміренің өмірінде тар жол тайғақ кешудің басталуына себеп болады.

НКВД жендеттері Әміренің үйін жедел түрде тінтуге келеді. Бірақ оның қызыл үкіметке жаулығы мен сатқындығын дәлелдейтін еш айғақ таба алмайды. Бірақ, оның тазалығы шаш ал десе бас алатын жендеттер үшін тосқауыл бола алмады. Түн ішінде есікті тарсылдатып келіп, Әмірені қара қарғаға салып жиі алып кететінді шығарды. Әр алып кеткен сайын Әміре үйіне қан жоса болып оралатын. Оның бұл түрінен шошыған жұмыстастары мән-жайды білмекке тырысқанда, «Ештеңе сұрамаңдар, бәрібір айтпаймын» дейді екен Әміре. Кейін ол жақын досына түнде мемлекеттік саяси басқармасына алып кетіп тергейтінін, кейде аяусыз ұрып-соғатынын және бұл туралы біреуге тіс жарар болса, отбасын да оңдырмайтынын айтып қорқытатынын сыр қылып айтады.

Әміренің досы Серке Қожақұлов естелігінде Әміренің бір күні жұмысқа келгеннен кейін солқылдап жылағанын жазады. Сұрағандарға «айтсам, отбасыма бәле болады» деп жауап береді.  

Соның салдарынан Әміре Қашаубаев аса ауыр күйзеліске түседі. Кеңестік композитор Евгений Брусиловский бұл туралы былай деп жазады: «Операға дайындық жүріп жатқанда Әміре  келді. Жасыратын түгі де жоқ. Арақтың иісі шығып тұрды. Жағдайы мәз емес еді. Кешегі Францияда ән айтқан Әміре мен жанымдағы тұрған Әміреге көзім сенбей тұрды».

Әміре Қашаубайұлы ақыры ұзақ қудалаудан кейін 1934 жылы театрдан жұмыстан шығарылады. Сүйікті кәсібінен қол үзген Әміре қатты қайғыға душар болады. Оның жолдастары Әміренің сол уақытта ауруға шалдығып, қатты жүдеп, қартайып кеткенін айтады.

Әміре үлкен сахнаға соңғы рет 1934 жылы шықты. Бұл оның өнермен қош айтысуы болатын. Бұл туралы қазақ ән өнерінің қарлығаштарының бірі Ахмет Жұбановтың естеліктерінен көруге болады.

Сол жылы жазда Алматыға қазақ әндерін граммофон таспаларына жазатын топ келеді. Осыған байланысты халық ағарту комиссариатында жиын болады. Жиналғандар сөз сөйлеп қана қоймай, өз өнерлерін де ортаға салады. Жиын соңында бұған дейін бір бұрышта басы салбырап отырған Әміре селт етіп ұйқысынан оянып кеткендей, дүр сілкініп, шырқай жөнеледі. Оны жиынға келмейді, келсе де ән айта қоймас дегендердің өздері де ауыздарын ашып, таң-тамаша қалады. Әміре тоқтамастан жеті-сегіз ән орындайды.  Ғимарат ішінде құлаққа ұрған танадай тыныштық орнайды.

Барлығы бір-бірімен сыбырласып, Әміреден көз айырмай қарап қалады. Әміре болса, маңдайынан шып-шып аққан термен бірге араласқан көзінің жасын білдіртпей сүртіп, кабинеттен үнсіз шығып кетеді. «Бұл оның соңғы рет ән салып, талантының соңғы тиегін ағытқан сәті еді", - деп жазады кейін бұл сәт туралы Ахмет Жұбанов.

Әміре Күләш Байсейітовамен бірге «Қыз Жібек» операсына қатысып, Төлегеннің партиясын орындау керек болатын. Бұл Әміренің арманы еді. Операның премьерасы 1934 жылдың 7 қарашасында өтуі керек болды. Алайда, 6 қараша күні Алматы көшелерінің бірінен жүргіншілер Әміренің өлі денесін тауып алады. Оның өлімі сол күйі жұмбақ болып қалды. Қазақтың аяулысы Әміре өмірден өткен сәтте оның жасы 46-да болған.  

Әміренің кенеттен болған жұмбақ өлімінің себебіне байланысты түрлі жорамалдар айтылды. Соның бірінде Әміреге у берілген деген де жорамал бар. Бір ғана нәрсе анық, өлерінің алдында Әміре Ахмет Жұбановпен кездесіп, оған өз бала-шағасын тапсырған. Сонысына қарағанда, Әміре өзінің аңдулы екенін және соңғы сағатының жақын екенін білген.

Дегенмен, сол уақытағы кеңес билігі дәрігерлердің қорытындысын келтіріп, Әмірені өкпе қабынуының салдарынан қаза тапты деген дәйек келтіреді.

Әміренің өліміне қатысты қазақ зиялылары жергілікті басылымдарда көңіл айту мен естеліктер бере бастады. Оны күллі қазақ халқы болып аза тұтып, арулап жерледі.

Қазақтың ән-күй өнерімен алғашқы рет Әміре арқылы танысқан композитор Александр Затаевичтің «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағын шығаруына Әміре себепкер болады.

Әміренің жолдастары оның адалдығын, ақкөңілділігін, шыншылдығын аңыз етіп жазады. Ол бірнәрсеге ренжіген уақытта үндемей бұртиып қалады екен. Алайда, жанына барып «Қашаубай қараның баласы сен бе?» деп бүйірінен түртіп қалар болса, қытықтан қорқатын Әміре сол сәтте-ақ, өкпе-назын ұмытып, жадырап сала береді екен.

Тағы бір ақиқаттылығы айдан анық тарихи шындық – Әміренің таспаға жазылған әндері қазақ мұрағатынан жоғалып кеткен болатын. Оны тек 1974 жылы ғана тарихшы Жарқын Шәкәрім Мәскеуден тауып, елге жеткізеді.   Зерттеуші Әміренің фонографқа жазылған дауысын Мәскеу қаласында орналасқан Бүкілодақтық орталық мұрағаттың Қырғыз бөлімінен табады.

Әміренің әйелі Оразке де семейлік. Ол да қарапайым шаруа отбасының қызы болатын. Ол Әміремен қуанышта да, қайғыда да бірге болады. Әміренің екі қызы болған. Үлкен қызы Күлән 1926 жылы, ал кіші қызы Күләш 1927 жылы туылған. Әміренің ұлы оның қазасынан кейін дүинеге келеді. Әміре көз жұмған сәтте Оразке жүкті болатын, ол күйеуінің 40 күндік садақасынан кейін ұл баланы дүниеге алып келеді. Әміренің достары келіп, баланың шілдеханасын өткізеді, оған Әміржан деп ат қояды. Алайда, өкінішке орай, Әміржан 40 күнге толмай, шетінеп кетеді. Әміре өлгеннен кейін де оның отбасы қуғын-сүргіннен құтылмайды. «Халық жауының отбасы» деген жаладан құтыла алмайды. Оразке бұл сынаққа да төтеп береді, қыздарын өсіріп, оларды жеткізеді. Алайда, өзі де 1950 жылы туберкулезден көз жұмады. Ал Әміренің кіші қызы Күләш әке жолын таңдап, музыкант болады.

Қазақстан халық ағарту комиссариаты Әміре өлгеннен кейін 1934 жылдың 19 қарашасында Әміреге Қазақ драма театрының ауласынан ескерткіш мүсін орнату туралы бұйрық шығарады. Алайда, бұл бұйрықтың соңы сол күйі сиырқұйымшақтанып, орындалмай қалады.

Ең сорақысы сол, Әміре Қашаубаевтың зиратын табудың өзі мұңға айналады. Алайда, оны жерлеуге қатысқан Әбілмәжін Сапақов деген ақсақал бейіт басында өскен терекке жерлеген күні «Бұл жерге Әміре Қашаубайұлы жерленген» деп жазып кеткен екен. Сол ақсақалдың көрсетуімен ғана Әміре әншінің жерленген жерін табу мүмкін болады.

1925 жылы астана Орынбордан Ақмешітке көшіріледі. Ақмешіттің атауы «Қызылорда» болып өзгертіледі. Астананың көшірілуіне байланысты жалпыкөпшілік мереке ұйымдастырылады. Бұл мерекеге Әміре Қашаубаев, Қажымұқан Мұңайтпасов секілді қазақтың нарқасқа ұлдары арнайы шақырылады.  

Әміре халық әндерін орындап қана қоймады, оған жаңа рең, сипат берді. Мұқағалишаласақ, «шекпен киген әнге шапан жауып қайтарды».

 

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: