Нұр-Сұлтанда жаңа мектеп ашылды

1 Қыркүйек 2022, 15:15 1072

Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді

Елордада BINOM жаңа буынының бесінші мектеп-лицейі есігін айқара ашты, деп хабарлайды El.kz порталы қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жаңа мектепке қазақтың көрнекті ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің есімі берілді. Ашылу салтанатына Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев және «Білім болашағы» коммерциялық емес ұйымының өкілдері қатысты.

Аталмыш мектеп-лицейде оқыту екі тілде жүргізіледі, қабылдау ҚР Білім министрлігінің үлгілік қағидалары бойынша жүзеге асырылады. Жобалық қуаттылығы – екі ауысымда 4 мың оқушы орны.

Заманауи сын-қатерлерді ескере отырып, мектептің материалдық-техникалық базасы оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, білім беру саласындағы МЖӘ пилоттық жобалары елордада өткен жылдан бастап жүзеге асырылуда. Инвесторлар әкімдікпен бірлесіп салған оқу орындары қала тұрғындары арасында белсенді сұранысқа ие.

Нұр-Сұлтанда 3 жыл ішінде 34 мектеп салынды. Оқу орындарының құрылысы қаланың барлық ауданында жүріп жатыр. Елордада 2022 жылы тағы 11 мектеп салынады, осылайша 20 мыңнан астам оқушы орны ашылады.

Сонымен қатар, елордада мектеп салу үшін 72 жер учаскесі белгіленді. Жалпы алаңы 120 мың оқушы орнына (екі ауысымда 240 мың оқушы орны) арналған оқу орындарын салуға мүмкіндік береді.

Бұл жер учаскелері әлеуметтік нысандарға қажеттілікті ескере отырып, қаланың барлық ауданында орналасқан. Егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына (егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына) әрбір ауданда (шағын аудандарда) оқу орындары болуы үшін арнайы бағыт бекітілді.

Бөлісу: