Нұр-Сұлтан туралы 15 қызықты дерек

2 Шілде 2020, 14:23 21207

6 шілде – Бас қаланың туған күні

Қазақстан Республикасының астанасы Нұр-Сұлтан қаласы кезекті туған күнін тойлауға жақын. Осы орайда, el.kz сайты елорда туралы қызықты деректер тізбегін ұсынуды жөн санады. Сонымен, қазақ елінің астанасы өз атауын тарихта төрт рет өзгерткенін білеміз. Соңғы өзгерту 2019 жылдың 20 наурызында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімен орын алған еді. Астана қаласы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп аталды.


1. Елордадағы ең ескі ғимаратқа 174 жыл болған. Ол – Сәкен Сейфуллиннің музейі. Оның негізі сонау 1846 жылы қаланған екен. Онда Алаш қайраткері тұрған деп ойласаңыз қателесіз. Алғашында ғимарат келген тауарларға есеп жүргізу мақсатында бір қабатты етіп салынған. Ал ХХ ғасырда ол «Зорька» балабақшасына айналып шыға келді. Тек 1988 жылдың 20 ақпанында Сәкен Сейфуллиннің есімі ақталғаннан кейін, өзі жұмыс жасаған ғимаратты музейге айналдыру ісі қолға алынған еді. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында жүз жылдық тарихы бар ғимараттардың саны – 9.

2. Астанадағы «Думан» ойын-сауық орталығының мұхитаралы ТМД-да ашылған бірден-бір нысан болып табылады. Сол сияқты ол әлемдегі көк мұхиттан үш мың шақырым қашықтықта жатқан жалғыз мұхитарал екен. Ондағы судың қоры үш миллион литрді құрайды. Оны әзірлеуге 120 тонна теңіз тұзы пайдаланылыпты. Сонымен қатар, мұхитаралда дүние жүзінің әр бұрышынан әкелінген екі мыңға жуық теңіз жәндіктері өмір сүреді.

3. Нұр-Сұлтан қаласы – әлемдегі Ұлан-Батордан кейінгі екінші суық қала болып саналады. Тіпті, елордамыз Канаданың Оттавасын да суықтығымен басып озыпты.

4. Қаладағы ең қысқа көшенің ұзындығы 358,7 метр ғана. Ол Біржан салдың атымен аталады (ескі атауы – Вокзальная).

5. Нұр-Сұлтанда ұзыннан-ұзын созылып жатқан ғимарат бар. Oның ұзындығы екі шақырымға дейін жетеді. Әрине, ол – Министрліктер үйі.

6. Жыл өткен сайын астана жылынып келеді. Әр он жыл сайын 0,4 градусқа жылыну байқалатын көрінеді. Сол сияқты желдің соғуы да азайған дейді ғалымдар.


7. Нұp-Сұлтан қаласының елтаңбасы мен тyы астана болғанына 11 жыл толғанда ғана бекiтiлген. Ол 2008 жылдың 5 маyсымы болатын. Нұp-Сұлтан қаласының Елтаңбасы көгiлдip түс аясында алтын түстi «Бәйтеpек» пен «Шаңыpақ» бейнеленген екi нышан оpналасқан дөңгелектi бiлдipедi. «Бәйтеpек» негiзiнде «Құсқанаты» оюы оpналасқан, оның төменгi жағында «Н» әpпi оpналаскан, «Құсқанаты» оюы және «Н» әpпi алтын түстi «Шаңыpақ» пен «Құсқанаты» оюының сыpтқы жағында жасылмен көмкеpiледі. Сыpтқы сақина орналасқан жердің сол және оң жағында алтын түстi «Бөpiкөз» оюы оpналаскан. Елтаңбаның төменгi жағында қызыл түстi «Nur-Sultan»  деген жазyы баp. «Nur-Sultan»  жазyының сол және оң жағында алтын түстi үш симметpиялы сызықтаp оpналасқан. Нұp-Сұлтан қаласының Тyы енi мен ұзындығы 1:2 қатынастағы оpтасында Нұp-Сұлтан қаласының  Елтаңбасы оpналасқан тiк бұpышты жалпақты бiлдipедi, одан жан жаққа алтын түстегi күн сәyлелеpi шашылып тұpады.

8. Астанамызда орналасқан «Астана Арена» стадионы қозғалмалы шатыры бар әлемдегі санаулы ареналардың қатарына жатады. Жылжымалы шатыр бар-жоғы 30 минутта ашылып, жабылады. Сыйымдылығы – 30 мың адам. Онда спорт ойындары мен түрлі концерттер өткізуге болады.

9. Нұр-Сұлтан қаласының миллионыншы тұрғыны 2016 жылдың 4 шілдесінде дүниеге келді. Ол жас отбасы Олжас пен Арайлымның шаңырағында туған Саида Мұхамедияр есімді қыз бала.

10. Астанамыздың алып жатқан аумағы 800 шаршы шақырымды құрайды. Ол Бахрейн, Андорра, Кирибити секілді мемлекеттердің жер көлемінен де үлкен.


11. Нұр-Сұлтан қаласының айналасында 75 мың гектарға созылып жатқан жасанды жасыл белбеу бар. Онда 9 миллионнан аса ағаш өседі.

«Бұл ағаштар 1997-1998 жылдаpы отыpғызылған еді. Өздігінен өседі, оған біздің аpаласyымыздың қажеті жоқ. Осы уақытқа дейін 73 мың гектаp оpман пайда болды. Жыл сайын өзім 5 мыңнан аса ағаш отыpғызyын талап етіп, бақылап отыpамын. Бұл Бypабай ұлттық саябағының көлеміндей. Астананың айналасынан екінші Бypабай жасап алдық. Ендігі міндет: бұл оpманды Бypабай оpманымен жалғаy. Шоpтандыға да жетіп қалдық, яғни жүз шақырымға созылып жатыр. Әpмен қаpай діттеген жерге де аз қалды» – деген еді Елбасы Нұpсұлтан Назаpбаев біp сөзінде.

12. Астананың туған күні 2006 жылға дейін 10 шілде күні тойланып келген еді. Сол жылы қаланың туған күнін Елбасы Н.Назарбаевтың туған күнімен бірге тойлау туралы шешім шығарылды.

13. «Астана Опера» орталық Азиядағы ең үлкен театр. Оның басты залы 1250 орынға арналған, партеріне 450 көрермен сияды. «Ла Скала» секілді дүние жүзіндегі үздік опера театрының залына ұқсастырылып, бірнеше қабатты етіп салынған,алайда ұлттық өю-өрнекпен көмкерілген. Оның сыртындағы ғимаратта сегіз қосымша зал мен 11 репетициялық орынжай, 205 орынға арналған камералық музыка залы бар.

14. Бейбітшілік және келісім сарайын салуға екі мыңға жуық түрлі ұлт өкілдері атсалысқан. Оның ішінде британдық сәулетші Норман Фостер мен оның 100 адамнан құралған командасы бар. Сарай құрылысы 13 айға созылған. Ғимараттың төменгі қабатынан халықаралық конкурстың жеңімпазы атанған Норман Фостердің авторлық эскиздерін және құрылыс суреттерін көруге болады. Сол сияқты 60 градус бұрышта қиғаш қозғалатын лифттер де сарайдың бірегейлігі болып саналады. Мұндай лифтті Париждегі Эйфел мұнарасынан және Лас-Вегастағы «Луксор» қонақ үйінен кезіктіре аласыз. Ғимаратта тіке көтерілетін жалғыз лифт бар, ол сегізінші қабатта орналасқан шағын мәжіліс залына алып келеді, зал терезесінен Астананың панорамалық көрінісін тамашалауға болады. Лифт Қазақстан Республикасының Президентіне, оның қонақтарына және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған.


15. Әзірет Сұлтан» – Орталық Азиядағы ең әдемі әрі ең зәулім мешіт. Елбасының бастамасымен екі жыл ішінде салынып біткен мешіттің құрылысын Түркияның «Сембол Иншаат» компаниясы жүргізген. Мешіттің жалпы құрылыс аумағы 18 мың шаршы метрді құрайды. Ғибадат үйлерінің біріне 12 мың адам сыяды. Елбасы мешіттің ашылу салтанатында салмағы 40 келі болатын көне Құран Кәрімді сыйға тартты. Болжам бойынша XII ғасырда жазылған, Қазақстанға шамамен XIV ғасырда әкелінген Құран Кәрім кітабы Қазақстанның оңтүстігінен табылған еді.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: