Нұр-Сұлтан әлемнің үздік студенттік қалалары рейтингісіне кірді

2 Шілде 2022, 08:45 2455

Қазақстанның астанасы беделді QS рейтингіне алғаш рет еніп отыр.

Британиялық Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы QS Best Student Cities 2023 әлемдегі ең үздік студенттік қалалардың жыл сайынғы рейтингін жариялады, оған қазақстандық екі ірі қала – Нұр-Сұлтан мен Алматы енді, деп хабарлайды Еl.kz.

Қаланы бағалау кезінде көптеген критерий ескерілді: студенттер қауымдастығының интернационалдық сипаты, қоғамның басқа мәдениеттерге төзімділікпен қарауы, экология, өмір сүрудің экономикалық деңгейі, қауіпсіздік деңгейі және т.б.

Талаптардың бірі – қалада QS World University Rankings жоғары оқу орындарының ең беделді әлемдік рейтингіне енген кемінде екі университет болуы керек.

Бір қызығы, Қазақстанның астанасы беделді QS рейтингіне алғаш рет еніп, Дарем (АҚШ), Анкара (Түркия) және Кейптаунды (Оңтүстік Африка) артқа тастап, 92-ші орыннан көрінді.

Сонымен қатар Алматы студенттерге арналған ең жайлы қала ретінде алғаш рет 2022 жылы QS назарына іліккен. Дегенмен биыл ол бірден 30 позицияға – 105-орыннан 75-орынға көтеріліп, Голд-Кост (Австралия), Каир (Мысыр) және Лестерді (Ұлыбритания) артқа тастады.

Best Student Cities 2023 тізіміне барлығы140 қала енді. Үздік үш студенттік қаланы Лондон (1-орын), Мюнхен (2) және Сеул мен Токио (3) бастады.

Еске сала кетейік, биыл бұл рейтингіге бірден 16 қазақстандық жоғары оқу орны енді, оның ішінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Satbayev University және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бар. Соңғысы әлемнің үздік 150 университетінің қатарына қосылды.

Бөлісу: