Елордада 235 мың адам сиятын жаңа мешіт ашылды

12 Тамыз 2022, 11:02 5668

Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық Бас мешіт әлемдегі ең үлкен 10 мешіттің қатарына енді.

Нұр-Сұлтан қаласында әлемдегі ең үлкен мешіттердің қатарына енген жаңа мешіт бой көтерді. Жаңа мешіт тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен үш жылда салынды.

Мешіт орналасқан жер учаскесінің алаңы – 10 гектар Оның жалпы алаңы – 68 062 шаршы метр. Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, диаметрі – 62 метр. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Оның биікті – 130 метр.

Сонымен қатар, мешіттің жерасты қабатында 440 орындық банкет залы, 405 орындық жабық паркинг, вестибюль, дәретхана, техникалық, ритуалдық қызмет көрсету орны, құрбан шалу орны және басқа бөлмелер орналасқан.

Бірінші және екінші қабаттарда намаз оқитын орыннан бөлек сыныптар, конференц-зал, неке қию залы, Құран оқитын бөлме, телестудия, кеңселер, қызметтік бөлмелер, дүкендер, мұражай және техникалық бөлмелер бар.


 

1. Сыйымдылығы

Мешіттің жалпы сыйымдылығы 235 000 (екі жүз отыз бес мың) адамды құрайды, яғни бір мезетте осынша адам сапта тұрып намаз оқуға мүміндігі бар.

Ашық алаңда шамамен 200 мың адам, яғни:

1) Подиум мен сахан аймағында 30 мың адам;

2) Мешіт ауласында 170 мың адам бір мезетте құлшылық жасай алады.

Мешіт ішінде 35 мың адам, яғни:

1) ерлерге арналған орында 30 мың адам;

2) әйелдерге арналған орында 5 мың адам намаз оқи алады.


Мешіттің сыйымдылығы бойынша әлемдегі ең үлкен 10 мешіттің қатарына енеді.

Бүгінде сыйымдылығы бойынша ең үлкен мешіттер:

1. Харам мешіті (Мекке, 638 ж.) (2 млн адам);

2. Нәбәуи мешіті (Мадина, 622 ж.) (1 млн адам);

3. Имам Риза мешіті (Иран, Мешхад, 818 ж.) (700 мың адам);

4. Шах Фейсал мешіті (Пакистан, Исламабад, 1986 ж.) (300 мың адам);

5. Ақса мешіті (Палестин) (250 мың адам);

6. Тәуелсіздік мешіті (Индонезия, Джакарта, 1978 ж.) (200 мың адам);

7. Алжир мешіті (Алжир, 2019 ж.) (120 мың адам);

8. Хасан ІІ мешіті (Марокко, Касабланка, 1993 ж.) (105 мың адам);

9. Патша мешіті (Пакистан, Лахор, 1678 ж.) (100 мың адам);

10. Жамиғ мешіті (Индия, Дели, 1656 ж.) (85 мың адам);

11. Чамлыджа мешіті (Түркия, Стамбұл, 2019 ж.) (65 мың адам);

12. Салих жамиғ мешіті (Йемен, 2008 ж.) (45 мың адам);

13. Шейх Зайд жамиғ мешіті (БАӘ, Әбу Даби, 2007 ж.) (40 мың адам);

14. Бәйтул мукаррам мешіті (Бангладеш, Дакка, 1960 ж.) (30 мың адам).

(дереккөз: https://ar.wikipedia.org)

 

2. Қақпасы

Мешіттің кіреберіс есігі әлемдегі ең биік ағаш есіктердің бірі болып саналады. Ол тропик Африкада өсетін ироко атты қатты ағаштан қолмен жасалған. Оның биікті 12,40 метр, салмағы 1,5 тонна. Сондай-ақ есіктер қазақша өрнектермен безендірілді.

Сонымен қатар, мешіттің ішкі шыны есіктері де биік. Оның биіктігі – 12 метр, салмағы 1,5 тонна. Ол түрлі түсті ою-өрнектермен шыныдан жасалған.

  

3. Туристік мұнара

Мешіттің төрт биік мұнарасы бар. Оның биіктігі – 130 метр. Мұнара бес бөліктен тұрады. Ол Исламның бес діңгегін (иман, намаз, ораза, зекет және қажылық) білдіреді. Сол қанатындағы мұнара «Туристік мұнара» деп аталады. Келген қонақтар лифт арқылы немесе жаяу көтеріліп, елорданы биіктен тамашалай алады.

4. Мозаика  

Құбыла жақтағы мозаика орнатылған қабырға ұзындығы – 100 метр, биіктігі – 22,4 метр. Қабырғадағы мозаика 25 млн алуан түсті шынымен безендірілген. Қолмен жасалған мозаиканың әрбір бөлігі жеке-жеке панельге орнатылған. Мозаика мөлшері – 10*10, 10*20, 20*20 мм. Сонымен қатар, панельге Алла Тағаланың 99 есімі жазылған.



5. Аспашамы (люстра)

Мешіттің үлкен залына ілінген ортадағы таза шыны (хрусталь) аспашамы әлемдегі ең үлкен аспашамдардың бірі болып саналады. Оның диаметрі – 27 метр, салмағы 20 тонна. Ол да түрлі көлемдегі хрусталь панельдерден құралған. Барлық хрусталь жеті түстегі 3 614 833 бөлшектен тұрады, әрқайсысы қолмен жиналған. Үлкен люстра 1.360.890 хрусталь бөлшектен құрастырылған. Сонымен қатар мешіттің төрт бұрышында диаметрі 8 метрлік төрт аспашам ілінген.

6. Төселген кілемі

Мешіттің жалпы алаңы – 68 062 шаршы метр. Оның үлкен залы мен әйелдер намаз оқитын орынға толық кілем төселген. Бұл – әлемдегі қолмен тоқылған ең үлкен кілем. Оның жалпы ауданы – 15 525 шаршы метр. Салмағы – 4 700 гр/м2. Қалыңдығы – 15 мм. Кілем Жаңа Зеландияда таза (100%) жүннен тоқылған. Кілемнің ортасындағы медальонының диаметрі – 70 метр. Ол да әлемдегі ең үлкен кілем медальоны болып саналады. Кілемнің оюлары қазақша нақышпен безендірілген.


7. Каллиграфиясы

Мешіт қабырғаларына және күмбездің ішкі жағына түрлі түсті нақыштар, өрнектер мен оюлар, Құран аяттары, Алланың есімдері, дұғалар жазылған. Көбіне қазақша өрнектер қолданылған. Құран аяттарын ҚМДБ тарапынан құрылған арнайы комиссия ұсынды. Мысалы, үлкен күмбезге «Нұр» сүресінің 35-41 аяттары, галерея аймағына «Уақиға» сүресінің 1-46 аяттары, мешіттің сыртқы қабырғасына «Бақара» сүресінің аяттары мен басқа да аят-дұғалар жазылды.

Араб каллиграфиясын жазған – «Нұр-Мүбәрак» университетінің түлегі, әлемдегі атақты каллиграфия ұсталарынан сабақ алған қазақстандық хаттат Асылбек Байұзақұлы.

8. Автобусқа арналған туннель

Мешіт астынан арнайы туннель салынған. Қалалық автобустар жерасты жолындағы аялдамадан жолаушыларды мешітке қалдырады. Қала тұрғындары дәл мешіттің қасына дейін қоғамдық көліктермен келе алады. Бұл мешітке келушілердің жолын қысқартады әрі ауа-райы қолайсыз (жауын, аяз, боран, т.б.) жағдайда қауіпсіз болып саналады.



9. Мешіт асханасы

Мешітте 440 орындық асхана бар. Онда құдайы астар, қайырымдылық іс-шаралар өткізіледі.

10. Автокөлік паркингі

Мешіттің жертөлесінде 405 орындық жабық автокөлік паркингі орналасқан. Эскалатор немесе жеделсаты (лифт) арқылы паркингтен жоғары қабатқа көтеріле алады. Бұл қыс мезгіліндегі қатты аязда мешітке келушелерге өте қолайлы.

Миражан Махан
Бөлісу: