23.02.2026
12:01
1348
Мысыр қазақстандық туристер үшін қымбаттайды

Мысыр қазақстандық туристер үшін қымбаттайды

2026 жылғы 1 наурыздан бастап Мысыр Қазақстан азаматтары үшін туристік визаның құнын 30 долларға дейін көтереді. Бұл туралы елдің Туристік компаниялар мен агенттіктер палатасының құжатына сілтеме жасай отырып Cairo 24 басылымы хабарлады.

Виза қаншаға қымбаттайды?

Әзірге Мысырға келген кезде берілетін бір реттік туристік виза бағасы – 25 доллар. Ал 1 наурыздан бастап ол 5 долларға қымбаттап, 30 долларды құрайды.

Оқи отырыңыз:

Жаңа тариф елге кіретін барлық негізгі пункттерге қатысты: халықаралық әуежайлар мен құрлықтағы шекара өткелдерінде де осы баға қолданылады.

Билік бұл шешімді туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңарту, қауіпсіздік шараларын күшейту және кіру рәсімдерін цифрландырумен байланыстырады. Атап айтқанда, e-Visa электронды анкеталарын кеңінен енгізу және биометриялық бақылау жүйесін жаңарту жоспарланып отыр.

«Синай мөрі» сақтала ма?

Бірақ Шарм-эш-Шейхке келетін туристер үшін 15 күндік тегін «Синай мөрі» (Sinai stamp) сақталады. Бұл мөр Синай түбегінен шықпай демалатын қонақтарға арналған.

Алайда мұндай рұқсатпен Каирге, Луксорға немесе елдің басқа аймақтарына баруға болмайды. Егер турист Синайдан тыс жерлерге экскурсия жасағысы келсе, стандартты 30 долларлық визаны рәсімдеуі қажет.

Осылайша, бір реттік виза (30 күнге дейін) құны 30 доллар болса, көп мәрте кіруге рұқсат беретін виза әзірге өзгеріссіз – 60 доллар. Ал бес жылдық виза құны 700 долларды құрайды.

Негізі былтыр күзде Мысыр билігі визаны 45 долларға дейін қымбаттатуды жоспарлаған. Тиісті заң жобасы парламентте мақұлданғанымен, іс жүзінде жүзеге аспады. Нәтижесінде баға 30 доллар деңгейінде бекітілді.

Қазақстандық туристерге әсері

Өзгеріс көктемгі туристік маусым қарсаңында күшіне енеді. Әдетте Наурыз мерекесі кезінде Қазақстаннан Мысырға сұраныс бірнеше есе артады. Осыған байланысты туроператорлар бұл шығынды турпакет бағасына енгізуі мүмкін немесе туристерді алдын ала хабардар етуі қажет. себебі елге келген кезде виза төлемі үшін қолма-қол доллар қажет болуы мүмкін.

Қазақстан мен Мысыр арасындағы тарихи және мәдени байланыстар ғасырлар бойы жалғасып келеді. Бүгінде туризм екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағытына айналған. Бірегей табиғи және тарихи көрікті жерлерге ие Мысыр отандық туристер үшін ең танымал бағыттардың бірі саналады.

Соңғы рет Мысыр виза бағасын 2014 жылдың мамырында көтерген еді – сол кезде 15 доллардан 25 долларға өскен. Ал көп мәртелік виза құны 2017 жылы 35 доллардан 60 долларға дейін артқан.

Бұған дейін 2026 жылы қазақстандықтар визасыз баратын елдер тізімі жасалған. Сонымен қатар кешікпейтін әуе компаниялар анықталған.