Музыка менің өмірім – Думан Байтлеуов

11 Қараша 2022, 14:27 3830

Бір аптада 700-ге жуық оқушыға ән айтуды үйретемін

Елімізде балалар әнін дамытып, оны насихаттап, балалар шығармашылығын жандандырып жүргеннің бірі – Думан Байтлеуов. Ол жасөспірімдер мен балалар арасындағы ән мәдениетін қалыптастырып, шәкірт тәрбиелеуді жолға қойды. Осы жолда қандай ұстанымы бар екенін өзінен сұрап білдік.

– Музыка саласына деген қызығушылығыңыз қалай пайда болды? Шығармашылығыңызды неден бастадыңыз?

– 1967 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келдім. 1986 жылы Орал мемлекеттік музыка училищесі халық аспаптар бөлімін баян класы бойынша бітірдім. Ақтөбе облысындағы Эмба-5 әскери қалашығында әскери борышымды үрмелі аспаптар оркестрі құрамында өтеп, кларнет-саксофон аспаптарында ойнадым. Әскерден келген соң Оралдағы балалар музыка мектебінде баян класы бойынша сабақ бердім. Жоғары білім алуды жөн көріп, 1990-94 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының «Саз және педагогика» мамандығы бойынша білім алдым. Оқып жүріп Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің жетекшісі қызметін атқарып, аталған ансамбльдің репертуарын байытуға үлес қостым. 1997 жылы Түркияда өткен халықаралық фольклорлық ансамбльдер фестиваліне қатысып, «Орал сазы»  фольклорлық ансамблі лауреат атандық. Ресейдің бірнеше өңіріне  концерттік сапармен араладық.

Жалпы музыка саласында 32 жылдық тәжірибем бар. Бүнгінге дейін университтерде, коледждер мен мектепте де сабақ беріп келемін. 20 жылға жуық баян музыкалық аспабы және «музыканы компьютермен өңдеу» пәндерінен сабақ бердім. Сондай-ақ 100-ге жуық шәкірт тәрбиелеп, өз тәжірибеммен бөлісіп, білгенімді үйреттім.  Қазіргі таңда мектепте балаларға музыка пәнін дәріптеп, баулудамын. Студенттерге қарағанда мектеп оқушыларымен жұмыс істеген жаныма жақын.

– Балаларға арналған қанша туындыңыз бар?

– Қоржынымда балаларға арналған 60-қа жуын ән бар. Оның ішіндегі 40-тан астам әнді Мұнайдар Балмолдамен бірге шығардық. «Балапан» телеарнасында менің 17 әнім мультипликацияланып, караоке нұсқасымен орындалып жүр. Барлық әндер YouTube платформасында караоке нұсқасымен жарияланды.  

Тамыз айында «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның басқармасы ұсынған Қазақстанда балалар әндерін насихаттау бағытындағы жобаның шартымен таныстым. Басшылықтың айтуынша, елімізде балалар арасындағы байқау өткенімен, балаларға арналған ән өте аз. Жасөспірімдер байқауларда байқауларда ересектердің өзіне қиынға соғатын әнді орындап жатады. Сондықтан бұл жоба арқылы балалар әндерін көбірек насихаттауға жол ашады. Жобаға өзімнің балаларға арналған бірнеше әнімді жолдадым. Республика күні қарсанында нәтижесі шығып, «Жау жаңбыр» әнім үздік бестіктің қатарына ілікті. Тіпті әнге бейнебаян түсіріп, марапаттау күні тұсаукесерін өткізіп, тосын сый жасады. Әннің авторы ретінде арнайы дипломмен де марапатталдым.

Студенттерім мен оқушыларымды үлкен халықаралық және республикалық байқауларға дайындадым. Мен үшін үлкен естелік боп қалғаны 2008 жылы Павлодар қаласында «Дос-Мұқасанның» әндеріне өткен байқауға 3 шәкіртім қатысып, республика бойынша бас жүлдені алды. Марапатты «Дос-Мұқасанның өз қолынан алып, құтықтауын естіді. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, шәкірттерім тарихи тұлғалардан марапат алып, олардың алдында өнер көрсеткенінің өзі мен үшін үлкен жетістік.

– Музыка саласында 32 жылдан астам тәжірибеңіз бар. Көптеген оқу орындарында білім бердіңіз. Жалпы, қазіргі кезде мектепте музыка пәні қалай өтеді? Бұрыңғыдан айырмашылық бар ма? 

– Мектепте музыка пәні 1-6 сынып оқушыларына оқытылады. Жаңа бағдарлама бойынша 7 сыныптың оқушыларына «Жаһандық құзыреттілік» пәні өтеді. Онда  оқушыларға домбыраны тартуды үйретеді. Бұл сабақты басқа маман оқытады. Білуімше, бұл еліміздегі барлық мектепте әлі енгізілмеген көрінеді. Сондықтан балалар қолда барды пайдаланып қалуда. Оқушылар үшін барлық жағдай жасалып, 60 домбыра мен студия қамтылды.

Бір аптада 700-ге жуық оқушыға ән айтуды үйретемін. Осы уақытқа дейін шаршадым деп айтып көрген емеспін. Себебі, әр қайсысының бойындағы жасырын қабілетін оята алдым деп ойлаймын.

Музыкада балаларға ән үйретер алдында қазірг заман талабына сай болу үшін оның караоке нұсқасын жазамын. Кейін өңдеп, оқушылармен бірге айтамыз. Бір жағынан, бұл адамның әнді тез үйренуіне көмектеседі.

Оқушылар керекті кезінде айта алуы үшін және өздерін жаттыруы үшін әндердің барлық нұсқаларын YouTube каналыма жүктеп отырамын.

– Сіздің туындыларыңыздың ішіндегі ең сүйікті әніңіз?

– Бұл сұрақты шәкірттерім де жиі қояды. Оларға «Сендердің сүйікті әндерін қайсы?» деп сұраймын.  Көбісі «Жеті қазына» деп жауап береді.  «Оқушыларымның сүйікті әні, менің де сүйкті әнім» деп жауап беремін. Бұл ән балалар арасындағы хит әннің бірі. Сөзін ақын Бауыржан Ерман жазды. Қазақтың салт-дәстүрі туралы, сөзі ерекше  және жеңіл болғандықтан да балаларға ұнайды  деп ойлаймын. «Жеті қазына» әні осыдан бір жыл бұрын шықты. Тіпті балалар үзілісте хормен жиналып айтып жүреді.

– Балалар музыкаға қаншалықты қызығады?

– Балалардың арасында таланттылар көп. Ұстаз ретінде олардың бойындағы 60-70  пайыз  өнерін аштым деп ойлаймын. Музыка балаларды басқа қырынан ашуға да мүмкіндік берді. Мысалы, жақында бір ата-анамен сөйлескенімде өте тұйық баласы менің сабағымнан кейін ашылып, жақындарымен ашық-жарқын сөйлесе бастаған екен. Бұдан баланың болмысына музыканың оң әсер беретінін байқауға болады.

Оқушылардың арасында көпшілік ортада ән айтуға ұялатыны да бар. Оларды ашу үшін сахнада ән айтуға психологиялық тұрғыдан да дайындаймын. Ән айтқанда өзін сенімді ұстауы үшін 100 пайыз емес 150-200 пайыз дайындықты талап етемін. Себебі, бала сахнаға шыққанда бәрі бір толқып, 50 пайыз энергиясын жоғалтып алады.   

Бір байқағаным, қазіргі балалардың сөздік қорында «ң» мен «р» әрпі жоқ. Қазақтың әнедерін «ң» дыбысынсыз айту мүмкін емес. Тіпті, ең мықты, талантты әншінің өзінде де «ң»-ды айта алмаған жағдайлары кездесті. Сондықтан балалармен жұмыс істегенде көбінесе олардың дыбыстарды дұрыс шығаруына мән беремін. «Р» әрпін қанша дегенмен үйретуге болады. Ал «ң»-ды үйрету қиынға соққан кездері де болды. Бұл туралы ата-аналарына айтсақ, олардың өзі аңғармайтын болып шықты.

– Қазақстанда оқушылар енді кітап ұстамайды, барлығы планшетке көшеді деген ұсыныс айтылып жатыр. Бұл жағдайға ұстаз ретінде сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Бұның жақсы жағы да, жаман қыры да бар. Қазіргі кітаптар салмағы да аз емес, көлемі де үлкен. Оқушылар күнделікті кем дегенде 5 кітап арқалайды. Оның барлығы денсаулығына кері әсерін тигізеді. Оның орнын планшет басса, бәлкім оқушыларға қолайлы болар.  Екінші жағын алып қарасақ, онсызда телефонға телмірген оқушыларды өзіміз байлап қойғандай болуымыз мүмкін. Сондықтан бұл туралы біржақты пікір айту қиын.

– Сіз үшін үлкен жетістік?  

– Шәкірттерімнің үлкен аренада өнер көрсетіп, өзі қалаған шыңды бағындырғаны мен үшін үлкен марапат. Шәкірттерімнің әрқайсысы музыка саласына өзіндік үлесін қосып жүр. Мысалы, Хамит Жанғалиев есімді шәкіртім жұмысын айта аламын. Ол 2019 жылы Eurovision ән байқауына қатысып екінші орын алған Ержан Максим мен былтырғы қатысқан балаларды дайындап, олардың әндерін өңдеумен айналысты. Еңбегінің нәтижесінде оның да шәкірттері биік шындарды бағындыруда. Шәкіртіңнің өзіңнен озғаны ұстаз үшін мәртебе.

Қазіргі таңда бастауыш сынып оқушыларынан құралған «Жас дәурен» вокалдық тобына жетекшілік етемін. Қалалық XV-ші «Шаттық» байқауында дипломант атағына ие болып, жеке музыкалық аспап номинациясы бойынша оқушыны дайындауда күміс жүлде иесі болдым.

 

Миражан Махан
Бөлісу: