Кеше, 09:39
«Ботаникалық бақта пикник жасауға болмайды»: рейдтен кейінгі көрінісАлаңда 253 адамның есімі кезек-кезек оқылды. Әр есімнен кейін мыңдаған адам «осында!» деп үн қатты. Бір ғана сөз. Бірақ сол сөздің өзінде қаншама сағыныш пен қайғы жатқанын сезінбеу мүмкін емес. Өйткені бұл – жақынынан айырылған жандардың жүрегінде сақталған ауыр күннің естелігі еді.
Түркиядағы 2016 жылғы 15 шілдедегі мемлекеттік төңкеріс әрекетінің тойтарылғанына биыл 10 жыл толды. Осыған орай Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар басқармасы шетелдік журналистерге арналған 15 шілде халықаралық медиа бағдарламасын ұйымдастырды.
Анкара мен Ыстамбұлда өткен үш күндік бағдарламаға әлемнің 21 елінен 41 журналист қатысты. Қазақстаннан барған журналистердің қатарында біз де болып, сол түні оқиға болған орындарды араладық, ардагерлермен, оқиға куәгерлерімен және қаза тапқандардың жақындарымен сұхбаттастық.
TRT: төңкеріс туралы мәлімдеме оқылған студия
Халықаралық бағдарлама Анкарадағы Түркияның мемлекеттік телерадио корпорациясы – TRT-дан басталды. Биыл 62 жылдық тарихы бар медиахолдинг 2016 жылғы 15 шілдеде мемлекеттік төңкеріс әрекеті кезінде алғашқы нысаналардың бірі болған.
Сол түні қарулы топ TRT ғимаратына басып кіріп, тележүргізуші Тижен Карашқа қарудың күшімен төңкеріс туралы мәлімдемені оқытқан. Көп ұзамай бұл бейне әлемнің жетекші ақпарат құралдары арқылы кеңінен тарады.
Бағдарлама аясында бізге TRT бас директорының орынбасары Ахмет Гөрмез сол түні болған оқиғаларды егжей-тегжейлі баяндап, мәлімдеме оқылған студияны көрсетті. Он жыл өтсе де, студия сол күйінде сақталған. Мұнда сол түні пайдаланылған үстел, камералар мен басқа да жабдықтар өзгеріссіз тұр.
15 шілде тарихын баяндайтын музей
Бағдарлама Президенттік кешен аумағындағы 15 шілде Демократия музейінде жалғасты. Мұнда 2016 жылғы оқиғалар басталған сәттен бастап мемлекеттік төңкеріс әрекетінің қалай тойтарылғанына дейінгі кезең түгел қамтылған.
Музейде сол түні түсірілген бейнекадрлар, архив құжаттары, жарылған оқ-дәрілердің қалдықтары, әскери техниканың бөлшектері және басқа да түпнұсқа жәдігерлер қойылған. Әр зал 15 шілде оқиғасының белгілі бір кезеңіне арналған. Бейнеинсталляциялар, дыбыстық жазбалар мен фотоматериалдар сол түннің атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді.
Экскурсия барысында музей директоры Али Хайдар Аталар музейдің әр бөлігінің мәнін түсіндіріп отырды. Оның айтуынша, келушілер алдымен әдейі қараңғы залдар арқылы өтеді. Бұл – 15 шілде түні ел басынан өткен ауыр сәттерді сезіндіру үшін жасалған. Ал соңғы жарық зал төңкеріс әрекеті тоқтатылғаннан кейінгі жаңа күнді бейнелейді.
Бізде «Әр қараңғы түннің артынан міндетті түрде жарық таң атады» деген сөз бар. Бұл зал – сол қиындықтың аяқталғанын білдіреді, – деді ол.
Музей директоры соңғы залдағы алып шынар ағашының да өзіндік мәні бар екенін айтты. Оның сөзінше, шынар ағашы мемлекеттің беріктігі мен тамырының тереңдігін білдіреді.
Көп ананың көз жасы әлі кепкен жоқ. Көптеген бала ата-анасының дауысын тек естеліктері арқылы ғана сақтап келеді. Бірақ сол түні халық көшеге шығып, бұл елдің туы ешқашан жығылмайтынын, азаны ешқашан тоқтамайтынын бүкіл әлемге көрсетті, – деді Али Хайдар Аталар.
Халық 15 шілде құрбандарын еске алды
Анкарадағы бағдарламаның негізгі бөлігі Елорда ұлттық саябағында өткен 15 шілде – Демократия және ұлттық бірлік күніне арналған еске алу рәсімі болды.
Іс-шараға Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмаз, министрлер, парламент депутаттары, саяси партиялардың жетекшілері және мыңдаған тұрғын қатысты.
Рәсімдегі ең әсерлі сәттердің бірі – 2016 жылғы оқиға кезінде қаза тапқан 253 адамның есімі оқылған кез еді. Әр есім аталған сайын алаңға жиналған жұрт «осында!» деп жауап берді. Осы арқылы халық сол түні қаза тапқандардың есімі ұмытылмайтынын білдірді.
Түнгі сағат 00:13-те Түркияның барлық мешітінен 2016 жылғы оқиғада қаза тапқандарды еске алуға арналған діни үндеу айтылды. Бұл дәстүр 15 шілдеден бері жыл сайын жалғасып келеді.
Биыл Түркияда 15 шілде – Демократия және ұлттық бірлік күні елдің барлық 81 провинциясында аталып өтті.
Қатер әлі де сейілген жоқ – Режеп Тайип Ердоған
Еске алу рәсімінде сөз сөйлеген Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған арада он жыл өтсе де, 15 шілде оқиғасынан туындаған қауіп толық жойылмағанын айтты.
Президенттің сөзінше, 2016 жылғы мемлекеттік төңкеріс әрекетін ұйымдастырды деп айыпталған FETÖ құрылымы әлсірегенімен, оның жақтастары әлі де Түркияға қарсы әрекеттерін түрлі жолмен жалғастырып келеді.
Арада 10 жыл өтсе де, 15 шілде түні мақсатына жете алмағандардың жымысқы пиғылын жүзеге асыру үшін әлі де қолайлы сәтті күтіп жүргенін көріп отырмыз, – деді Режеп Тайип Ердоған.
Ол бүгінде ұйым мүшелері шетелдерде Түркияға қарсы ақпараттық және лоббистік жұмыстар жүргізіп, әсіресе әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар арқылы қоғамдық пікірге ықпал етуге тырысып жатқанын айтты. Президенттің сөзінше, дәл осы себепті Түркия қауіпсіздік мәселесінде босаңсуға жол бермейді.
FETÖ-ден туындайтын қауіп белгілі бір деңгейде шектелгенімен, қатер әлі де сақталып отыр. Мұндай жымысқы құрылыммен күресте ешқашан босаңсуға болмайды, – деді ол.
Режеп Тайип Ердоған 15 шілдеден кейін елдің қорғаныс өнеркәсібі, қауіпсіздік жүйесі мен мемлекеттік басқару саласында ауқымды реформалар жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістер Түркияның терроризммен күрестегі мүмкіндігін күшейтіп, мемлекеттік институттардың тұрақтылығын арттырды.
Президент сөзінің соңында халықтың сол күнгі ерлігі мен бірлігін ешқашан ұмытпау маңызды екенін айтты.
Ұмытсақ, бұрынғы қиындықтарды қайта бастан кешуіміз мүмкін. Сондықтан ұмытпаймыз. Сақ боламыз. Қырағылығымызды жоғалтпаймыз және ұйыммен күресті бір сәтке де бәсеңдетпейміз, – деді Режеп Тайип Ердоған.
«Денеме 27 бомба жарықшағы қадалды»
Еске алу рәсімі барысында саябақта 15 шілде оқиғасы кезінде жараланған ардагерлерді әңгімеге тарттық. Олар сол түні бастан кешкендерін баяндап, мемлекеттік төңкеріс әрекеті кезінде елде қандай жағдай болғанын өз естеліктері арқылы жеткізді.
Солардың бірі – 15 шілде түні Бас штаб ғимаратының маңында ауыр жараланып, бүгінде ардагер мәртебесіне ие болған Юсуф Ай.
Оның айтуынша, президент Режеп Тайип Ердоған халықты көшеге шығуға шақырған үндеуден кейін ол достарымен бірге еш ойланбастан қала орталығына аттанған.
Президентіміз халықты көшеге шақырғанда, біз де бірден шықтық. Отан үшін күресуге бардық. Танкілердің астынан да, үстінен де өттік. Бас штабқа дейін жеттік. Сол жерде ұшақтан тасталған бомбаның жарылысынан денеме 27 бомба жарықшағы қадалды. Сол күні жараланып, кейін ардагер мәртебесіне ие болдым, – дейді Юсуф Ай.
Ардагердің аяқтары мен арқасына жарықшақ тиіп, ұзақ уақыт ем қабылдауына тура келген. Алайда оның сөзінше, сол сәтте өз жарақатынан бұрын елдің тағдыры маңыздырақ болған.
Юсуф Ай 15 шілде түрік халқы үшін тек мемлекеттік төңкеріс әрекеті ғана емес, елдің бірлігі мен қайта жаңғыруының символына айналғанын айтты. Ол сол түні жанында болған үш досынан айырылғанын ауыр күйзеліспен еске алды.
Жанымдағы үш досымды жоғалттым. Олар ұшақтан тасталған бомбалар мен тікұшақтан атылған оқтардан қаза тапты, – деді ол.
Әңгіме соңында Юсуф Ай кеудесіндегі медалін көрсетті. Оның айтуынша, кейін президент Режеп Тайип Ердоған 15 шілдеде болған оқиға кезінде жараланған азаматтардың барлығына «Ерлік пен жанқиярлық» медалін табыстаған.
«Жау сырттан емес, өз ішімізден шықты»
Ахмет (есімі өзгертілген) аты-жөнін жарияламауды өтінді. Ол 2016 жылғы 15 шілде түні президент Режеп Тайип Ердоғанның қауіпсіздігін қамтамасыз еткен қызметкерлердің бірі болған.
Ахметтің айтуынша, сол түні уақыт тоқтап қалғандай әсер қалдырған. Кеш батқаннан таң атқанға дейін олар қарулы шабуылға тойтарыс беріп, президенттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жан аямай күрескен.
Кештен таң атқанға дейін қарумен де, оқпен де, психологиялық тұрғыдан да күрестік. Президентіміздің үндеуінен кейін бүкіл түрік халқы көшеге шықты. Халықтың бірлігі мен табандылығының арқасында бұл лаңкестік әрекеттің жолы кесілді, – дейді Ахмет.
Ол президенттік кешеннің негізгі кіреберіс қақпасында кезекшілік кезінде жарақат алғанын айтты. Алайда оның сөзінше, сол түннің ең ауыр сәті алған жарақаты емес, өз елінің әскери қызметкерлерінің халыққа қарсы қару көтеруі болған.
Ең ауыры – өзіміз өндірген қарудан, өз әскери тікұшақтарымыздан оқ жаудырылды. Яғни жау сырттан келген жоқ, өз ішімізден шықты. Бірдей әскери киім киген адамдардың өз халқына қарсы шыққанын көру өте ауыр болды, – деді Ахмет.
Оның айтуынша, егер бұл сырттан келген жаумен болған соғыс болса, оны қабылдау әлдеқайда жеңіл болар еді. Ал мемлекеттің өз ішінде болған мұндай сатқындық қоғамға да, қауіпсіздік құрылымдарының қызметкерлеріне де ауыр соққы болған.
Ахмет сол түні полиция қатарындағы 70 әріптесінің қаза тапқанын, ал үш мыңға жуық қызметкердің жараланып, кейін ардагер мәртебесіне ие болғанын айтты.
Сол түнді ұмыту мүмкін емес. Ол Түркия тарихындағы ең ауыр әрі тағылымы мол кезеңдердің бірі. Сондықтан оны кейінгі ұрпақ білуі, есте ұстауы керек, – деді ол.
«Бұл әрекетке 40-50 жыл дайындалған»
Бағдарламаның келесі кезеңі Ыстамбұлда өтті. Мұнда халықаралық БАҚ өкілдері алдымен Ыстамбұл губернаторлығында өткен кездесуге қатысып, кейін 15 шілдеде қаза тапқан азаматтарға арналған ескерткішке тағзым етіп, 15 шілде естелік музейін аралады.
Кездесуде сөз сөйлеген Ыстамбұл губернаторы Давут Гүл бұл оқиға бір күнде бола салған әрекет емес, оған ондаған жыл бойы дайындық жүргізілгенін айтты.
Оның сөзінше, FETÖ ұйымы 40-50 жыл бойы мемлекеттік құрылымдарға біртіндеп еніп, өз мүшелерін түрлі мекемелерге орналастырып отырған.
Олар ондаған жыл бойы өте мұқият әрі жүйелі жұмыс істеді. Әлеуметтік жағдайы төмен жастарды өздерінің жатақханалары мен үйлеріне орналастырып, сол арқылы өз ықпалын күшейтті. Сонымен қатар дінді өз мақсаттарына пайдаланған, – деді Давут Гүл.
Губернатордың айтуынша, ұйым мемлекеттік қызметке қабылдау емтихандарының сұрақтарын заңсыз иеленіп, өз мүшелерін жауапты қызметтерге орналастырған. Ал қарсылық танытқандар қолдан ұйымдастырылған қылмыстық істер арқылы қызметінен шеттетілген.
Сөз соңында Давут Гүл терроризмге қатысты Түркияның ұстанымын тағы бір мәрте жеткізді.
Лаңкестіктің жақсысы болмайды. «Сенің лаңкесің жақсы, менікі жаман» деген түсінік дұрыс емес. Лаңкес – қай жерде болса да лаңкес. Террорды саяси құрал ретінде пайдаланатын кез келген ұйым бүкіл адамзат үшін қауіпті, – деді ол.
Оның айтуынша, 15 шілде оқиғасынан кейін мемлекет өз құрылымдарын қайта қарап, заң бұзғандарды жауапкершілікке тарту және мемлекеттік мекемелерді заңсыз ықпалдан тазарту жұмыстарын жүргізген.
15 шілде музейі: әр жәдігердің өз тарихы бар
Ресми кездесуден кейін халықаралық журналистер Босфор бұғазының Азия жағалауында орналасқан 15 шілде естелік музейіне барды.
2019 жылы ашылған музейдің әрбір экспонаты 15 шілде оқиғасынан сыр шертеді. Мұнда архивтік құжаттармен қатар қаза тапқан азаматтардың жеке заттары, оқ тиген көліктердің бөлшектері, оқ-дәрілер, фотосуреттер және басқа да жәдігерлер қойылған.
Экскурсия барысында музей қызметкері Мұхаммед Йылдыз әрбір экспонаттың тарихына тоқталып, олардың басым бөлігі 15 шілде оқиғасынан қалған нақты айғақтар екенін айтты.
Музей экспозициясы екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта мемлекеттік төңкеріс әрекетінің барысы заманауи мультимедиялық форматта көрсетілсе, екінші қабат 15 шілдеде қаза тапқан азаматтар мен сол түні ерлік көрсеткен жандарға арналған. Мұнда олардың күнделікті тұтынған заттары, киімдері, жеке құжаттары және оқиға орнынан әкелінген жәдігерлер қойылған.
«Мен қайта ораламын...»
15 шілде естелік музейінде біз сол түні ауыр жараланған ардагер Ахмет Алкылычтың жұбайы Элван Алкылычпен тілдестік. Оның айтуынша, арада он жыл өтсе де, сол күннің әр сәті әлі күнге дейін көз алдынан кетпейді.
Кешкі уақытта әлеуметтік желілерде көпірдегі танкілер туралы алғашқы ақпараттар тарай бастағанда, ол күйеуіне қайта-қайта хабарласқан.
«Өтінемін, үйге келші», – дедім. Біраздан кейін келді. Бірақ Президенттің халыққа үндеуін көрген соң: «Отанымды оларға бермеймін», – деді де қайта шығып кетті, – деп еске алды Элван Алкылыч.
Ол кезде үйде емізулі сәбиі мен тағы екі баласы қалған.
Элван Алкылыч жолдасының үйден шығарда айтқан сөзін әлі күнге дейін ұмытпаған. Жолдасы «телефонымның қуаты таусылып барады. Бірақ уайымдама, мен қайта ораламын», – деп үйден шығып кеткен.
Алайда көпір маңында Ахмет Алкылычқа оқ тиіп, бас сүйегінен ауыр жарақат алған. Бұл туралы Элван Алкылыч сол түні емес, тек келесі күні таңертең ғана білген.
Ардагер бірнеше күрделі отадан өтіп, бес ай бойы тіл қата алмаған.
Палатаға кіргенде өзімді мықты ұстауға тырыстым. Бірақ оның сөйлей алмайтынын көргенде ғана бәрі шын екенін сезіндім, – дейді Элван Алкылыч.
Дәрігерлердің ұзақ емінен кейін Ахмет Алкылыч біртіндеп сауығып, бүгінде қалыпты өміріне оралған.
Элван Алкылычтың айтуынша, 15 шілде олардың отбасы үшін тек қайғылы күн емес, ел тағдыры таразыға түскен тарихи кезең ретінде есте қалған.
Бұл күн әрі мұңды, әрі мақтанышқа толы. Біз елімізді ешкімге бермедік. Бірақ көптеген отбасы жақынынан айырылды. Сондықтан бұл күнді ұмыту мүмкін емес, – дейді ол.
15 шілде Түркия тарихындағы ең ауыр күндердің бірі ретінде есте қалды. Арада он жыл өтсе де, ел мен жердің тұтастығы үшін жанын қиған азаматтардың есімі ұмытылған жоқ. Олардың ерлігі ел жадында мәңгі сақталып, кейінгі ұрпаққа аманат болып қала береді.
Кеше, 09:39
«Ботаникалық бақта пикник жасауға болмайды»: рейдтен кейінгі көрініс16 Шілде, 17:14
Финалда Испания жеңіске жетеді – сарапшы болжамы15 Шілде, 12:09
Зендеяны стиль иконасына айналдырған адам: Лоу Роуч туралы не білеміз?14 Шілде, 17:41
ӘЧ-2026: қай құрама финалға жолдама алады?