23 қараша Қазақстан таэквондо федерациясының негізін қалаған Мұстафа Өзтүріктің туған күні, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Халқының аяулы ұлдарының бірі болған азаматтың арамызда жоқтығына да 29 жыл болыпты.Тірі болғанда, 70 жасқа келеді екен.
Мұстафа Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елге келді. Онымен бірге қазақтың рухы тірілгендей болды. Өйткені орыстанып кеткен қоғам «қазағым» деген азаматтар мен батыр жігіттерге зәру-тін. Міне, осындай талапқа сай тұлғалардың бірі Мұстафа Өзтүрік еді.
Кәбен ұлының тағдыры оңай болмапты. Ата-бабалары 1930 жылдардың орта тұсында Қытайдың қысымына шыдамай, Пәкістан арқылы Үндістанға өткен. Сол көште болған Халифа Алтай атамыз өзінің бір естелігінде “18 мың адамнан 5 мыңы ғана үнді еліне аман-есен оралды. Олардың жартысына жуығы сол жақта оба ауруына шалдығып, қайтыс болды. 1950 жылдардың орта тұсында тірі қалған 1500 адам Түркияға келіп қоныстандық” деп жазады. Тірі қалғандардың ішінде Төлебайдың баласы Кәбен де болған. Кәбеннің немере ағасы Құсайын Қытайдан Пәкістанға келген қазақтарды Түркияға бастап әкелген жолбасшы екен. Текті әулеттің ұрпақтары деседі. Лауазымды қызметтер атқарған.
Кәбен екі әйел алыпты. Алғашқы жары Мәликеден ұрпақ болмаған. Содан 1941 жылы 15 жастағы Рәзияға үйленеді. Бірақ Рәзияның алғашқы екі баласы шетінеп, Кәбеннің көңілі одан сайын пәс тартады. Содан 1954 жылы Кайсері қаласына қарасты Мұсаходжалы ауылында Мұстафа дүниеге келеді. Оның артынан бір қыз ереді. Есімі – Ферухан.
Анасының айтуынша, екі әйел тату-тәтті тұрған көрінеді. Кәбеннің бәйбішесі Мәлика Мұстафа мен Феруханды өз баласындай жақсы көріпті. Екі ананың арасында өскен Мұстафаны ешкім бетінен қақпаған. Стамбұлдағы орта мектептердің бірінде білім алған. Кейіннен Тайвандағы экспериментальды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін қоса бітірген. Қытайға оқуға түскенде оның жасы небәрі 14-те болыпты. Осы елде жүріп корейдің көне спорт өнері таеквондоны үйренеді. Әйтпесе, оның бала кезгі арманы журналист болу еді. Кейін Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Стамбұл қалаларында өзінің таэквондо мектебін ашты.
Атақты Брюс Лиде төрт дан болса, Мұстафа алтыға жеткізді. Брюстің Мұстафадан басты артықшылығы, актерлік шеберлігінде. Қазақстандағы достарының бірі болған Талғат Теменов Мұстафаның актерлік қабілеті жайлы былай дейді:
Ол 1986 жылы Стамбұлда түсірілген «Алатай» фильмінде қаражорғаны өзі ойнап берген. XX ғасырдың орта тұсында батыс елінде шығыс спортшыларын киноға түсіру үлкен модаға айналды. Әсіресе, Брюс Лиге деген қызығушылық күшті болды, – дейді Талғат Теменов.
Досының айтуынша, одан кейін Джеки Чан шықты. Түркия осы мақсатта Мұстафа Өзтүрікті өздерінің «Джеки Чаны» ретінде көрген. Қолданбақ болған.
Бірақ Мұстафаның мінезі көп нәрсеге көне бермейтін. Ол өзінің бала-шағасымен бірге Германияға кетіп қалады. Оның актерлік қабілетіне қарағанда, негізгі таланты спортта еді. Сондай-ақ өзінің кәсіби мамандығы журналист қой. Қызығып жазған тақырыптары да бар еді, – дейді актер.
Мұстафа Қазақстанға келгеннен кейін таэквондо спортынан Республикалық федерация құрып, соның президенті болды. Сосын ел тарихында алғаш рет таэквондошыларды халықаралық жарыстарға Түркияға және Америкаға апарып, ірі жеңіспен оралып жүрді. Бір кездері: «Мен әлемді көрдім. Енді өз елімді көрдім. Несін айтасыз, үлкен айырмашылық. Сондықтан еліме өз біліміммен, күшіммен көмектесу үшін елде қалуға бел шештім», – деп еді. Тағы бірде:
– Біздер енді шетелде жүрміз. Кейде ойлайсың, «барлығының елі бар, менің елім қайда?», – деп!
Мұстафа қалаған қазақ таэквондосы кеңінен қанат жайған. Арман Шылманов Олимпиада ойындарында қола жүлде алды. Азия ойындарында топ жарған қыз-жігттеріміз тағы бар. Бүгінде бұл спортты серік еткен елімізде 11 мың спортшы бар екен. Сондықтан Өзтүрік өлген жоқ, жүрген ізі еліміздің барлық аумағында да сайрап жатыр.
Ол сәл ертеректе «чемпион болу – оңай, адам болу – қиын» деген еді. Ол осы екі атаққа лайықты азамат болды.