Мусин интернеттің сапасы туралы: Мегабайттың көбісі видео қарауға кетіп жатыр

12 Шілде 2023, 10:20 2649

Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы интернет сапасын сынға алған. Сосын осы салаға жауапты  Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннен жағдай қашан түзелетінін сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біз байланыс толығымен жоқ 67 локацияны анықтадық. Ондағы тұрғындармен сөйлескен кезімізде, олардың радиофоб екендері анықталды. Олар тұрғын үй кешендеріне базалық станцияны орнатудан қорқады. Алайда әкімдіктің көмегімен 39 үйдің төбесіне базалық станцияны орнатуға тұрғындарды көндірдік. Олардың бесеуіне орнатылды, алтауына қазір қойылып жатыр, қалғандарымен келісімшарт орнатуды бастап кеттік. Ал одан бөлек, 28 үйдің тұрғындарына 3 ай бойы базалық станцияның адам денсаулығына қауіпсіз екенін түсіндіргенімізбен, сол күйі көндіре алмадық, - деді министр.

Оның айтуынша, заң талабына сай егер тұрғын үйінің төбесіне базалық станса орнатуға қарсылық білдірсе, онда құрылғы алынып тасталады.Министр келтірген мәлімет бойынша жылына осындай 150 станция алынады.

Тұрғын үй қатынастары заңына өзгеріс енгізілгеннен кейін, егер де тұрғындардың 50 пайызы базалық станцияны орнатуға қарсылық танытса, онда орнатпайтын боламыз. Ал екінші мәселе – тарифтердің төмендігі. Қолданушылар интернетте көп отырады, тиісінше ол жүйеге көп салмақ түсіреді. Мәселен, шетелдіктер қандай да бір материалды ашпас бұрын «Бұл мен үшін пайдалы ма, жоқ па?» деп ойланады. Өйткені, оны қараса, көп мегабайты кетеді, -дейді Бағдат Мусин.

Ал Астана әкімі Жеңіс Қасымбек интернет сапасына қатысты мәселе қазан айына дейін 60-70% шешіледі деп сендірді.

Негізінен осындай орындардағы тұрғындардың 90 пайызы келісімін береді. Тек 3-5 адамның қарсылығы қолбайлау болып отыр. Тиісінше станция орнатуға рұқсат беруге ниетті адамдар осындай тұрғындардың кесірінен бұл мәселеге тап болып жатыр, - дейді Жеңіс Қасымбек.

Оқи отырыңыздар:

Президент жиында «Біз барлық жерде Астананы «ақылды қала» және өңірлік IT-хаб ретінде мәлімдейміз. Бұл пайым өз кезегінде базалық цифрлық инфрақұрылымның жоғары сапалы екенін меңзейді. Алайда, елордадағы интернет пен ұялы байланыстың қалыпты жұмыс істеу деңгейі жетілдіруді қажет етеді» деп сынаған болатын.

Жалпы, Қазақстандағы интернет мәселесі бүгін ғана көтеріліп жатқан жоқ. Бірнеше жылдан бері жыр болып келе жатыр. Алайда министр соған қарамастан 2025 жылға дейін Қазақстанның үлкен қалаларында 5G интернетін қосуды жоспарлап жүр.

Оның айтуынша, айтуынша, қазір министрлік Қытай мен Әзербайжан арқылы балама интернетті іске асырып жатыр. «Батыс-Шығыс» ұлттық гипермагистралінің құрылысы Қытай тасымалының Қазақстан аумағы арқылы және суасты кабелі арқылы Әзербайжанға, одан әрі Еуропаға шығуын және транзиттік тасымалдауды сақтау үшін III деңгейден төмен емес деректерді өңдеу орталығын құруды көздейді.

Алмас Абылай
Бөлісу: