Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қырғызстанға ресми сапары барысында Қырғызстан СІМ жетекшісі Жээнбек Кулубаевпен кездесті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Тараптар қазақ-қырғыз қатынастарының жоғары қарқынын атап өтіп, сауда, энергетика, көлік, логистика, су қатынастары мен ауыл шаруашылығы салаларындағы әріптестікті тереңдетуге уағдаласты. Министрлер сауда айналымын 3 млрд долларға жеткізу, Индустриялық сауда-логистикалық кешен жобасын іске қосу және бірлескен инвестициялық бастамаларды пысықтау мәселелерін талқылады.
Кездесуде мәдени-гуманитарлық байланыстарға да назар аударылып, биыл Қырғызстанда Қазақстан киносы күндерін, қазақ-қырғыз жастар форумын өткізу және «Алтын достық көпірі» ескерткішінің ашылуы жоспарланып отырғаны айтылды.
Сондай-ақ тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тығыз өзара іс-қимылға бейілді екенін растады. Кездесу қорытындысында 2025–2027 жылдарға арналған кешенді ынтымақтастық жоспары бекітілді.