Мұрат Әуезов ұлы тұлғаның лайықты перзенті болды – Ерлан Қарин

15 Маусым, 16:31 772

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин өзінің Facebook-тегі парақшасында Мұрат Әуезовтің өмірден өтуіне байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мұрат Әуезов – парасат-пайымы жоғары, білімі терең, ойы озық, ұстанымы берік тұлға еді. Бір бойына сан түрлі қасиет қонған, бір өзі бірнеше бағытта еңбектенген әмбебап азамат болатын. Мәдениеттанушы, шығыстанушы, дипломат, жазушы, қабырғалы қайраткер ретінде ұлт руханиятын байытуға, әдеби-мәдени өмірдің өркендеуіне, қоғамдық-саяси үдерістердің алға басуына елеулі үлес қосты.

Бұдан бөлек ардақты әке, ұлы тұлғаның лайықты перзенті болды. Асқартау әкенің атын өз биігінде жалғастырды. Асылдың сынығы, алтынның қиығы, жақсының жалғасы ғана болып қойған жоқ, өзінің соқпағын қалыптастырып, Әуезов деген абыройлы текті тұғырынан түсірмеді.

Біз Мұрат ағаны жас кезімізден танитын едік. Алматыда тұрғанымызда етене араласып, жиі пікірлесіп жүретінбіз. Бірде үш кісі болып Қырғызстанға сапармен баратын болдық. Арамызда Мұрат Әуезов те бар. Біз бірден ұшақпен емес, көлікпен баруды ұсындық. Онда да машинаны өзім жүргізіп баратынымды айттып, «Сізге жүргізуші болу біз үшін үлкен мәртебе ғой, аға. Шаршайтын ештеңесі жоқ» дегенімізде, ол кісі жылы жымиып келіскен болатын.

Сол сапарымыз естен шықпайды. Әр төбенің тарихын, әр қыраттың оқиғасын, әр таудың шежіресін айтты десем, өтірік болмас. Төрт күндей уақыт қасында жүріп, шамамыз келгенше қызмет қылып, тәлімді сөзін тыңдап, тәрбиелі өсиетін естіп, көңіліміз шат-шадыман күй кешіп еді. Сол кезде Мұрат ағаның бойындағы зиялылық пен биязылықтың белгісін анық таныдық. Шетсіз білімінің бір бөлігін көрдік.

Одан кейін де қоғамдық-саяси жұмыстар барысында көрісіп, орайы келгенде жолығып отырдық.

2022 жылы президент Семейге жұмыс сапарымен барып, Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа, яғни ұстаз бен шәкіртке ескерткіш ашты. Сол іс-шараға Мұрат аға да қатысып, Мемлекет басшысы екеуі суретке түсті. Осы суретті көргенде ерекше қуанғанымызды жасырғым келмейді. Елдік істе қайраткерлердің бір сапта қатар тұрғаны қашан да жарасымды ғой. Онан соң кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы Мұрат Әуезовті Ақордаға шақырып, арнайы мемлекеттік награда тапсырды. Бұл да тағылымды шара еді.

Мұрат Әуезов өмірден өтіпті деген ақпаратты оқығанда ойымызға оның осындай болмысы оралды, - делінген жазбада.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: