Мұндай кезде бәрімізге күш біріктіру керек – екібастұздық блогер

6 Желтоқсан 2022, 01:35 2470

Олжасхан достарымен қала тұрғындарына көмектесіп жүр

Олжасхан есімді Екібастұз қаласының тұрғыны, блогер қала тұрғындарынан үйлерінен шығып, тоңып отырған адамдар мен коммуналдық апат салдарымен күресіп жатқан жұмысшыларға көмектесуге шақырды, деп хабарлайды El.kz.

Instagram әлеуметтік желісіне салған stories-терінде блогер достарымен бірге жеке көлігімен екібастұздықтарға қалай көмектесіп жүрген видеоларын жүктеген. Онда жылытқыштар, көрпелер таратып, жұмысшыларға жылы қолғаптар, қалта шамдар мен құралдар таратып жүр.

«Аманатқа қиянат жасамайық, халықтың бізге берген аманаты» деп түсіндірді өздерінің игі істерін.

Мына үйлерде толықтай су жоқ. Әкімшілік тарапынан ол жерге ауызсу әкелініп, көмек көрсетіліп жатыр. Блогерлер басқа қаладан келіп, видео түсіріп, тек қана проблемаларды айтуда. Онсыз да жаңалықтарда жетеді. Ең ішім ашитыны, суықт, далада -33 градуста жұмыс істеп жүрген ағаларымыздың еңбегі ескерусіз қалғаны жүрегіме батады. Олардың жұмысын ешкім көрсетпейді. Тек «әкімдік қайда қарап отыр, неге көмектеспей жатыр?» деп айтады. Бәрі жасалуда, көрсетпесе, олардың жұмысы туралы халық қайдан біледі, - деді Олжасхан.

Ол Екібастұзға келген басқа блогерлерден нақты іспен көмектесіп, тұрғындарды да далаға шығып, апаттың салдарын жою үшін күндіз-түні тынбай еңбек етіп жатқан жұмысшыларға көмектесуді сұрады.

Міне, далада жұмыс істеп жатқан кісілерге апалар, әйелдер, қыздар ыстық шай мен тамақ тасып жүр. Мұндай кезде бәрімізге күш біріктіру керек, - дейді блогер.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұзда ЖЭО апат орын алды.

28 қарашада қалада ТЖ режимі енгізілді.  

EL.KZ
Бөлісу: