Мұнайлы ауданында 2023 жылы 59 шақырым жол жөнделеді

10 Наурыз 2023, 09:31 1527

Нұрлан Ноғаев кеше жұмыс сапарымен Мұнайлы ауданына қарасты Дәулет және Баянды ауылдарына барды. Өңір басшысы тұрғындармен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады, - деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бүгінде Дәулет ауылдық округінде 10 600-ге жуық адам тұрады. 1 мектеп, 3 балабақша, денсаулық сақтау пункті бар.

Дәулет ауылдық округінің әкімі Жанболат Жақаевтың айтуынша, ауылда 45 шақырым жол болса, оның 11 шақырымына асфальт төселген.  Былтыр Былтыр Дәулет ауылының кварталдарына және Жаңа Дәулет тұрғын массивінің кейбір көшелеріне тас аралас құм төсеу жұмыстары жүргізіліп, барлығы 1,1 шақырым жол тегістелді.

Жалпы Мұнайлыда аудандық маңыздағы 91 шақырым автомобиль жолына 100% асфальт төселді. Биыл да жол жөндеу жұмыстары жалғасады.

«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 1 миллиард 282 миллион теңгеге жалпы ұзындығы 59 шақырым тас жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.  Атап айтқанда, Баянды ауылында - 3,5 шақырым, Қызылтөбе ауылдық округінде - 11,4 шақырым, Басқұдық ауылдық округінде - 5,9 шақырым, Маңғыстау ауылында - 19 шақырым, Батыр ауылдық округінде - 15,2 шақырым және Дәулет ауылдық округінде - 4 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.

Облыс әкімімен кездесуге келген ауыл тұрғындары медициналық құрал-жабдықтар мен дәрігерлердің жетіспеушілігі, ауыз сумен қамтамасыз ету, қаңғыбас иттерді аулау мәселелерін көтерді. Сондай-ақ ауыл тұрғындары қоғамдық көлікті жаңартуды сұрады.

Қазіргі таңда Мұнайлы ауданында 6 бағытта қоғамдық көлік тұрақты қатынайды.  2022 жылы Ақтау-Басқұдық-Маңғыстау бағыты бойынша жүретін №105 маршруты заманауи, кондиционері бар, Wi-fi және бейнекамерамен жабдықталған 12 жаңа автобуспен толықты. Биыл Мұнайлы ауданына тағы 22 автобус беріледі.  Осылайша, аудандаралық «Ақтау-Батыр 2-Ақтау», Мұнайлы ауданішілік «Маңғыстау-Батыр-Маңғыстау» және «Маңғыстау - Баянды- Маңғыстау» бағыттарына автобус шығару жоспарлануда.

Түстен кейін облыс басшысы Нұрлан Ноғаев 8 мыңнан астам халқы бар Баянды ауылында болды. Баянды ауылының әкімі Дастан Мұраталиев 2022 жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарымен бөлісті.

Оның айтуынша, Баянды ауылындағы жолдардың 97 пайызы асфальтталған.  Биыл «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 79 млн теңгеге 3 шақырым жол салынады.

Басқосуда Баянды тұрғындары су, инженерлік желілер мен заманауи аялдаманың сапасын жақсартуды, жолаушылар тасымалын арттыруды сұрады.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев мемлекет қолдауымен жолаушылар тасымалын жақсартуға басымдық берілгенін атап өтті.

 – Жолаушылар тасымалы, қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі.  Елді мекендік, ауданаралық жолаушылар тасымалын ұйымдастыруға көңіл бөлініп жатыр. Енді мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс орталықтары мен қалалар арасында жолаушылар тасымалы үшін автобустарға 0,01 пайызбен жеңілдетілген несие берілуде. 2022 жылы 28 жаңа автобус алынса, биыл «Каспий» ӘКК-мен бірге метанмен жүретін 120 автобус сатып алынады. Сондай-ақ мобильді қосымша арқылы қоғамдық көліктердің дер кезінде жүруін бақылауды ұйымдастыру жолға қойылды, - деді Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысы мұнай өнеркәсібіне қажетті ауыр техника құрастыратын "Caspiy" машина жасау зауытында болды. Компания жұмысын мамыр айында бастайды. Нысан ашылғаннан кейін 100-ге жуық жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ облыс әкімі Дәулет ауылындағы техникалық су өңдейтін мембраналық қондырғының жұмысымен танысты.

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: