Мұнай-газ саласындағы қазақстандық қамту үлесі қалай артады? Вице-министр жауап берді

13 Тамыз, 11:45 564

Жер қойнауын пайдаланушылардың жалпы сатып алу көлеміндегі елішілік құндылық үлесі 1,7 трлн теңгеге дейін өсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет отырысында мұнай-газ саласындағы отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ҚР энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов баяндады.

Қазақстанда биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутегін сатып алу мен уран өндіруінің жалпы көлеміндегі елішілік құндылық үлесінің орташа салалық көрсеткішінің оң өсімі байқалады. Көрсеткіш 61,6% немесе 1,7 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайыздық тармаққа жоғары. 

Сала бойынша елішілік құндылық көрсеткіші өсуінің оң серпінін сақтауды министрлік нормашығармашылық бастамалармен және практикалық іс-шаралармен қамтамасыз етіп отыр.
Мәселен, жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа өзгерістер енгізу туралы өтініш жасаған кезде, қазақстандық қамтуды міндетті түрде белгілеу немесе бұрын белгіленген көрсеткіштерді ұлғайту жағына қайта қарау практикасы енгізілді. Бұл жаңалық жыл басынан бері тауарлардағы елішілік құндылықтың ең төменгі үлесін орта есеппен 12%-ға, жұмыстарда – 20%-ға, қызметтерде 22%-ға қарастырып немесе ұлғайта отырып, жер қойнауын пайдалануға арналған 9 келісімшартқа өзгерістер енгізуге мүмкіндік берді, – деді Ерлан Ақкенженов.

Биыл үш ірі мұнай-газ компаниясының тауарларын сатып алудағы қазақстандық қамту үлесі 7%-ға ұлғайтылатын болады 

Үкімет отырысында энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов мұнай-газ саласындағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайту жоспарларымен таныстырды. Жаңа отандық өндірістерді локализациялауға және Қашаған, Қарашығанақ, Теңіз секілді ірі мұнай-газ жобаларының сатып алуларындағы қазақстандық қамтуды ұлғайтуға басты назар аударылатын болады. Бүгінгі таңда саладағы барлық сатып алулардың 70%-ы үш ірі жер қойнауын пайдаланушыға тиесілі.

Ірі мұнай-газ жобаларының мердігер компанияларымен бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыс ірі мұнай-газ жобаларындағы жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды сатып алуындағы қазақстандық қамту көрсеткішін 2024 жылы 7%-ға, 2027 жылы 11%-ға, 2029 жылға қарай 15%-ға ұлғайтуды болжауға мүмкіндік береді, – деді вице-министр.

Энергетика министрлігі талдау жүргізіп, ірі жер қойнауын пайдаланушылардың барлық сатып алуларының 60% құрайтын 12 тауар тобын бөлді. Бұл бағытта локализациялау мен қазақстандық қамтуды дамыту үшін елеулі әлеует бар. Мердігер компаниялармен жоғарыда көрсетілген нысаналы топқа КPI-көрсеткіштерін бекіте отырып, ірі жобалардың жергілікті қамтуды дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламаларын қайта қарау бойынша белсенді келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ қазіргі міндеттерді ескере отырып, ірі жер қойнауын пайдаланушылардың тендерлік рәсімдерін жаңарту мәселесі талқыланып жатыр, мұнда тауарлар мен қызметтердің отандық өндірушілерімен инвестицияларға айырбастау үшін тікелей ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу міндеті бекітілетін болады. 

Мадина Асылбекова
Бөлісу: