Мұнай-газ-химиясы өнімдерін өндіру көлемі 1,6 есе өсті – Алмасадам Сәтқалиев

17 Желтоқсан, 16:21 329

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында Қазақстанның 2024 жылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық өсімінің қорытындылары туралы баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәселен, биылғы қаңтар-қараша қорытындысы бойынша шамамен 12,3 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 101,7%.

Ағымдағы кезеңнің қорытындысы бойынша отандық мұнай өңдеу саласы өнімнің негізгі түрлері бойынша оң серпінді көрсетуде. Отынды әкетуге енгізілген шектеулер ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Автобензин өндірісі 4,9 млн тоннаны құрады, бұл былтырғы деңгейден 2,1%-ға жоғары. Дизель отынын өндіру көлемі де ұлғайып, 4,9 млн тоннаға жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға артық.

Авиаотын өндіру көрсеткіші 21,4%-ға айтарлықтай өсіп, 0,68 млн тоннаны құрады. Сонымен қатар, мазут өндіру көлемі 1,8 млн тоннаға дейін төмендеді (өткен жылдың деңгейіне 85,7% – 2,1 млн тонна). Қысқартудың себебі мұнай өңдеу тереңдігінің 85%-дан 87%-ға дейін ұлғаюы болды, бұл қайта өңделетін өнімнің сапасын жақсартуға және өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.

Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі 506,1 мың тоннаға жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе артық, — деді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Қабылданған шаралар мұнай өнімдерінің ішкі нарығын тұрақтандыруға және ел экономикасының стратегиялық маңызды салаларын үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: