Мүмкіндігі шектеусіз. Арбаға таңылған атыраулық азамат әкім кеңесшісі боп тағайындалды

12 Маусым 2023, 17:15 646

Атыраулықтарға қайырымды ерікті ретінде жақсы таныс Қуат Жанесеев арбаға Индер ауданы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

AtyrauPress сайтының мәліметінше,1990 жылы аталған ауданның Елтай деген ауылында дүниеге келген азамат арбаға таңылса да, өзінің ерік-жігері мен өр рухының арқасында көпшілікке қол ұшын беріп, түрлі қайырымдылық шараларды ұйымдастырып жүр. Атап айтқанда, көмекке мұқтаж отбасыларға баспана, азық-түлік тарату, науқас балалардың еміне қаржылай көмек ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып келеді. Сондай-ақ, белсенді блогер ретінде жергілікті жердегі мәселелерд жоғары билікке жеткізуге үлес қосып отыр. Бүгінде оның Instagram парақшасына 37 мың жазылушы тіркелген. Ол ,тіпті Мемлекет басшысымен де кездесіп үлгерді.

"Жаңа қызметімде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтенуі жолында еңбек етемін. Олардың кәсіп ашуына, мамандық меңгеруіне қандай мүмкіндіктер бар? Бұл бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар қалай жұмыс жасайды? Міне, осындай тақырыптарда кеңес беріп, ақпараттандыратын боламын" дейді ол.

Айта кетейік, Қуат 2010 жылы көлікке қағылып, қиын жағдайға тап болған. Бірақ, бұл оның қоғамнан өз орнын тауып қана қоймай, тұлғалық өсіп-өркендеуі мен дамуына кедергі келтіре алмады. Керісінше, бойындағы күш-жігерін өзі секілді қиындықпен күресіп жүрген жандарға арнап келеді.

Равиль Ашығали
Бөлісу: