Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға 95 штабтық вагон қатынайды

11 Шілде, 14:29 561

Жыл басынан бастап Ұлттық тасымалдаушының пойыздарын 116 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жолаушы пайдаланған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жыл басынан бастап Ұлттық тасымалдаушының пойыздарын 116 мың мүмкіндігі шектеулі жолаушы пайдаланған. 2023 жылдың сәйкес кезеңінде мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы купеге 111 мың адам билет сатып алған.

Қазіргі уақытта Қазақстанның теміржол желісінде мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған купесі бар 95 штабтық вагон қатынайды.

Мамандандырылған вагондардың құрылымы көтергіш құрылғыларды, ыңғайлы тамбур аймақтарын және жолаушының мүгедек арбасымен қозғалуына мүмкіндік беретін дәліздерді қамтиды. Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған купеде жолаушыға және оны ертіп жүрген адамға арналған арнайы бекітпелер бар. Сондай-ақ, арнайы дәретхана бөлмесінде жолаушының ыңғайлылығы үшін тұтқалар мен төмен орналасқан қол жуғыш қарастырылған.

Мүмкіндігі шектеулі жолаушылардың сапарларының қолжетімділігін арттыру мақсатында арнайы жеңілдіктер бар. Әлеуметтік маңызы бар маршруттар, коммерциялық пойыздарда және мүгедектігі бар жолаушыларға арналған мамандандырылған купесі бар «Тальго» пойыздарында барлық топтағы мүгедектер мен оларды ертіп жүрген адамдарға 50% жеңілдік беріледі.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған теміржол билеттерін онлайн сатып алу жолдары жеңілдетілді. Енді жеңілдік билеттерін рәсімдеу үшін әлеуметтік ID-ның 6 таңбалы кодын кассада көрсетудің қажеті жоқ. Жеңілдік билеттерін алу үшін ЖСН мен мүгедектік туралы анықтаманың нөмірін онлайн енгізу жеткілікті.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: