Балаларымыз шетел мультфильмдерін көріп өсіп жатыр, ал біз неге әлі күнге дейін сапалы анимация жасай алмай жүрміз? Мәселе қаржыда ма, мамандарда ма, әлде жүйелі қолдаудың жоқтығында ма?
Қазақ анимациясындағы мәселелер
Қазақ анимациясының дамуына тосқауыл болып отырған түйткілді мәселелер бар. Отандық мультипликацияны толыққанды индустрия деңгейіне көтеру үшін бірқатар жүйелі мәселелерді шешу қажет. Ең алдымен, ұзақ мерзімді институционалдық тұрақтылықтың жоқтығы қолбайлау болуда. KEME Animation негізін салушы, продюсер Альберт Асқарұлы анимацияға бөлінетін қаржының бірізді емес екеніне назар аударады.
Қаражат бар, бірақ жүйе жоқ. Қаржыландыру кейде бөлінеді, кейде үзіліп қалады. Бұл тұрақсыздық студияларға ұзақ мерзімді жоспар құруға мүмкіндік бермейді, – дейді ол.
Шынында да, егер жыл сайынғы мемлекеттік қаржыландыру көлемі құбылып отырса, студиялар толықметражды болсын, ұзақмерзімді сериялы жобаларын болашаққа жоспарлай алмайды. Сондықтан қаржыландыру үдерісінің ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету – саланың басты міндеттерінің бірі.
Келесі үлкен түйткіл – білікті мамандардың тапшылығы. Анимация бір адамның емес, тұтас команданың еңбегін талап ететіні белгілі. Жобаға қажет аниматор, иллюстратор, сценарист, режиссер сынды кәсіби кадрларды тұрақты даярлау қажет екені белгілі. Мәдениет және ақпарат министрлігі сауалымызға берген жауабында аниматорлар, сценаристер, режиссерлер және дизайнерлерді жүйелі түрде даярлау арқылы кадрлық әлеуетті күшейту қажеттігін атап өткен еді. Шындығында, Қазақстанда анимация мамандарын оқытып шығаратын арнайы мектептер мен курстар әлі аз. Жас суретшілер мен режиссерлер көбіне өз бетінше үйренуге немесе шетелдік оқу орындарында білім алуға мәжбүр. Бұл олқылықты жою үшін мемлекеттік деңгейде де, жеке студиялар деңгейінде де ауқымды шаралар қажет.
Материалдық-техникалық база және технология мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр. Отандық студиялардың құрал-жабдықтарын жаңартып, заманауи анимациялық технологияларды меңгеруі – уақыт талабы. Министрлік өндірістік базаны жаңғыртып, заманауи анимациялық технологияларды енгізу керектігін саланы дамыту бағыттарының бірі ретінде атады. Қазіргі көптеген әлемдік жобаларда компьютерлік графика, 3D модельдеу, таңғажайып визуалды эффектілер кең қолданылады. Қазақ студиялары бұл тұрғыда өз әлеуетін толық іске асыру кезеңінде деп айту қиын. Материалдық-техникалық базаны жаңарту – отандық жобаларға сапа және жылдамдық жағынан серпін беретін маңызды қадам.
Сонымен қатар мультипликация саласында институционалдық және өндірістік бірізділік әлі толық қалыптаспаған. Продюсер Альберт Асқарұлының сөзінше, шетелдерде анимация индустриясы мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестікке негізделсе, Қазақстанда әр студия өз күшімен күнелтіп келеді.
Мысалы, Кореяда немесе Францияда анимация – мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестік. Бізде әр студия өзі тіршілік үшін күреседі, – дейді ол.
Демек, салаға ұзақ мерзімді стратегия мен құрылымдық қолдау керек. Сондай-ақ, продюсерлік менеджмент пен кәсіби сценаристер мектебінің жолға қойылмауы да – маңызды мәселелердің бірі.
Нарыққа менеджмент, сценаристер және продюсерлер мектебі қажет, – деп атап өтті продюсер.
Бұл – шығармашылық емес, басқарушылық қабілеті бар мамандар дайындау қажет деген сөз. Мұндай кәсіпқой продюсерлер мен сценаристер шоғыры қалыптасса, көптеген жақсы басталған жобалардың орта жолда тоқтап қалмай, аяғына дейін сапалы жетуіне жағдай туар еді.
Халықаралық нарыққа шығу мүмкіндіктерінің шектеулілігі де – үлкен кедергілердің бірі. Өзімізде қаншалық сапалы өнім жасалғанымен, оны шетелге таныстыратын, таратып табыс әкелетін тетіктер әлсіз. Министрлік қазақ анимациясының экспорттық әлеуетін арттыру үшін локализация мен халықаралық аудиторияға бейімделуге (дубляж, фестивальдерге қатысу, шетелдік дистрибуция) баса назар аудару қажеттігін айрықша атады. Шын мәнінде, көп жағдайда мультфильм дайын болғанымен, әлемдік деңгейде оны кең көлемде көрсетудің жолы табылмай жатады. Продюсер Альберт Асқарұлы да осыны растап, «Фильм бар, бірақ оны әлем көрмейді» деп, халықаралық дистрибуция мен маркетинг жүйесінің жолға қойылмауын басты кедергілер санатына қосады. Оның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін шетелдік әріптестермен бірлескен копродукциялық жобаларды көбейту, жаһандық онлайн платформалармен серіктестікті нығайту, фестивальдерге белсенді қатысу және отандық мультфильмдерді ағылшын тіліне кәсіби деңгейде аударып, шетелдік көрерменге ұсыну керек.
2D және 3D анимация өндірісінің ерекшеліктері
Анимациялық жобалардың өндіріс форматы (екі өлшемді классикалық 2D суреттелген анимация немесе үш өлшемді компьютерлік 3D) олардың бюджеті мен жасалу уақытына елеулі әсер етеді. Отандық мамандардың айтуынша, 2D анимацияны жасау салыстырмалы түрде арзанырақ, алайда өте көп қол еңбегін, сурет салуға кететін уақыт пен шыдамдылықты қажет етеді. Ал 3D анимация өндірісіне әуелде қымбат жабдық, білікті мамандар керек, бірақ бастапқы дайындық кезеңінен кейін 3D форматта сериялар мен фильмдерді шығару жылдамырақ жүреді.
2D – арзан, бірақ уақытты көп алады, көп қол еңбегін, сурет салуды, бірегей стиль мен атмосфераны талап етеді. 3D – бастапқыда қымбат (жабдық, маман, лицензия), бірақ кейін өндіріс процесі жылдам жүреді, – деп түсіндіреді Альберт Асқарұлы.
2D технологиясы көрерменге эмоциялық әсер беру, ерекше көркем стиль қалыптастыру тұрғысынан ұтымды болса, 3D анимация ауқымды көріністер мен күрделі визуалды эффектілер жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі әлемде осы екі әдістің артықшылықтарын ұштастырған гибрид анимациялар трендке айналды. Қазақстандық студиялар да 2D эстетикасы мен 3D технологиясын біріктіріп, жаңа бағытта тәжірибе жасап көруде.
Салыстырмалы түрде Қазақстанға қарағанда әлемдік алып студиялар (мәселен, Disney немесе Pixar) бір анимациялық фильм жасауға жүз миллиондаған доллар қаржы жұмсайтыны белгілі. Демек, отандық жобалардың бюджеті жаһандық деңгеймен салыстырғанда ондаған есе кем. Соған қарамастан, жергілікті мамандар аз қаржымен мүмкіндігінше сапалы дүние шығаруға тырысуда. Бірақ тым төмен бюджеттер мен қаржыландырудың үздіксіз болмауы ұзақ мерзімді тұрақты даму жолын қамтамасыз ете алмайтынын ұмытпауымыз керек.
«Қазақ анимациясын брендке айналдыру қажет»
Жоғарыда аталған түйткілді мәселелерді еңсеру үшін салаға кешенді өзгерістер қажеттігі анық. Ең алдымен, мемлекеттік қаржылық қолдау тетіктерін реформалап, оны студияларға жобаларды ұзақмерзімді жоспарлауға мүмкіндік беретін тұрақты негізге көшіру маңызды. Сондай-ақ, шығармашылық индустрияда тек суретші немесе режиссерлер ғана емес, білікті продюсерлер мен басқарушы менеджерлер буынын қалыптастыру қажет. Бұл – анимация саласына бизнес жүргізу қағидаларын енгізіп, нарықтық тетіктерді күшейтуге сеп болмақ.
Сонымен қатар, отандық студиялардың өзара кооперациясы мен тәжірибе алмасуы өте маңызды. Бәсекелестік бар жерде сапа өсетіні сөзсіз, алайда бір елдің аниматорлары ортақ мүдде үшін бірлесе жұмыс істеп, ко-продукциялық жобалар жасау арқылы да көп нәрсеге қол жеткізе алады. Қазақ анимация студиялары бір-біріне бәсекелес қана емес, серіктес ретінде де қараса, бірлесіп ірі жобалар жүзеге асырса – ол өнімнің сапасы мен ауқымы артып, шетел нарығына шығу мүмкіндігі де көбейер еді.
Продюсер Альберт Асқарұлы қазіргі қолға алынған бастамалар жүйелі жалғасатын болса, алдағы 5-10 жылда Қазақстан анимациясы айтарлықтай өркендейді деп үміттенеді.
Егер біз жүйелі түрде кадр дайындау мен өндіріс мәдениетін қалыптастырсақ, 10 жылда анимация ел экономикасының экспорттық бөлігіне айналады. Қазақстан Орталық Азиядағы анимациялық хабқа айнала алады – бізде талант бар, енді оны масштабтау керек, – дейді Альберт Асқарұлы.
Демек, қазақ анимациясы өз даму жолын дұрыс жалғастырса, болашақта Орталық Азия өңіріндегі жетекші анимациялық индустрия ретінде қалыптасып, отандық өнімдер әлемдік платформаларға да шыға алады.
Ең басты стратегиялық нысана – қазақ анимациясын ұлттық бренд деңгейіне көтеру. Альберт Асқарұлы «қазақ анимациясын брендке айналдыру қажет» дейді. Шынында да, осы мақсат орындалса, әрбір жаңа мультфильміміз шетелге экспортталатын мәдени құндылыққа айналар еді, ал әрбір студиямыз ұлттық руханияттың шығармашылық елшісі рөлін атқарар еді.
Контент және көрермен сұранысы
Анимациялық фильмдердің тақырыптық ауқымы кеңейіп, көрермен талғамы да өсіп келеді. Соңғы жылдары ұлттық тарих пен фольклор негізіндегі жобалар көбейді: еліміздің ерте дәуірлерін баяндайтын «Күлтегін» мен «Мұзбалақ», Алтын Орда кезеңін суреттейтін «Жошы», халқымыздың қасиетті мұрасы жайлы «Алтын адам», ортағасырлық жәдігер туралы «Тайқазан хикаясы», ана әлдиінің құдіретін көрсеткен «Бесік жыры», сондай-ақ «Жерұйық», «Тұңғыш көк түрік», «Ботай құпиялары», «Ахмет» (Қожа Ахмет Яссауи туралы) сияқты танымдық туындылар жарық көрді. Қазақ халқының классикалық ертегілері желісімен «Толағай», «Қожанасыр мен ұрылар», «Шырақ батыр», «Марғау мен Мақтақыз», «Ер Төстік және Айдаһар» мультфильмдері түсіріліп, жас көрерменге жол тартты. Тәуелсіздік кезеңінің оқиғаларын қамтитын «Отан», «Үміт әрдайым жанымызда», «Әмен ағаның ғажайып бәйтерегі» секілді туындылар еліміздің жаңғыру жылдарын бейнелі түрде көрсетіп, өскелең ұрпаққа тарихи таным мен отансүйгіштік тәрбие беруді көздеді.
Жалпы, бүгінгі балалар мен ата-аналар сапалы отандық өнімді өз ана тілінде тамашалауға мүдделі. Соңғы 3-4 жылдың көлемінде қазақ тіліндегі анимацияға деген сұраныс күрт артқаны байқалады. Бұрын экранды көбіне шетелдік («Disney», «Nickelodeon» студияларының) өнімдері жаулап келсе, қазір көрермендер отандық контентке зор қызығушылық танытуда. Балалар шетелдік кейіпкерлерден гөрі өзіміздің мәдениетімізге жақын, ұлттық колориті бар мультфильмдерді көргісі келеді. KEME Animation негізін салушы Альберт Асқарұлы осы үрдісті ерекше атап өтті.
Қазақ тіліндегі контентке сұраныс соңғы жылдары күрт артты. Балалар мен ата-аналар өз тілінде сапалы, заманауи өнім іздейді. Бұрын шетелдік жобалар үстем болса, қазір көрермен отандық контентке қызығушылық таныта бастады, – дейді ол.
Алайда көрермен талғамы өскен сайын мультфильмдердің сапасына талап та күшейетіні түсінікті.
Мультфильм қазақ тілінде шықса да, сапасыз болса, бала көрмейді. Біз көрермен талғамын сыйлай білуіміз керек, – дейді продюсер.
Яғни, тіл маңызды болғанымен, шешуші фактор – шығарманың көркемдік және техникалық сапасы.
Отандық анимацияда тақырыптық тұрғыдан да ізденіс бар. Бұрынғыдай тек бүлдіршіндерге арналған қарапайым хикаялармен шектелмей, қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғаған әлеуметтік мультфильмдер де түсірілуде. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі балалардың инклюзивті өмірін насихаттаған «Үміт әрдайым жанымызда» (2023 ж.) қысқаметражды фильмі арнайы балаларды оңалту орталықтарында көрсетіліп, көпшіліктің жүрегіне жол тапты. Сонымен қатар, ересектерге арналған терең философиялық немесе тарихи-фэнтези бағытындағы анимациялық жобалар да пайда бола бастады.
Нарықта жаңа тақырыптар пайда болды – бұрынғыдай тек балаларға емес, ересек аудиторияға арналған, философиялық немесе тарихи контентке сұраныс өсіп келеді. Бұл – салада сапалық өзгеріс басталғанының белгісі, – дейді Альберт Асқарұлы.
Мемлекеттік қолдаудан бөлек, жеке анимациялық студиялар да өзіндік тың ізденістермен көзге түсуде. Солардың бірі – Алматыда орналасқан KEME Animation студиясы. Продюсер Альберт Асқарұлы негізін қалаған бұл тәуелсіз студия соңғы жылдары бірнеше халықаралық жобаға атсалысып, авторлық контент жасауда. Қазір студияда екі ірі жоба әзірленіп жатыр: оның бірі – түркі мифологиясына негізделген толықметражды «Арлан батыр» анимациялық фильмі, екіншісі – XV ғасырдағы көшпелі өмірді фэнтези жанрында бейнелейтін анимациялық сериал (атауы – «Жібек жолы», Silk Road). Продюсердің айтуынша, бұл қос жоба тек экранға арналған өнім ғана емес, жаңа аудитория мен мәдени бағыт қалыптастыруды мақсат ететін креативті бастама болмақ.
Әрине, шетелдік танымал мультфильмдер қаптаған нарықта отандық өнімге өз орнын табу оңай емес. Кейбір мамандар ресейлік «Маша мен аю» сынды хит жобаларды балалар арналарында шектеу арқылы бүлдіршіндердің назарын ұлттық мультфильмдерге көбірек аударуға болады деген пікір айтқан еді. Алайда отандық сарапшылар мұндай әкімшілік әдісті түбегейлі шешім деп санамайды.
Отандық анимация шетелдік контенттің азаюынан емес, өз сапасының артуынан дамуы керек. Бәсеке – бұл жақсы нәрсе. Біз бәсекеден қорықпай, өзіміздің сапа мен мазмұн арқылы көрерменді қызықтыруымыз керек, – дейді Альберт Асқарұлы.
Демек, қазақ мультфильмдері халықаралық бәсекеге қабілетті, тартымды деңгейге көтерілгенде ғана өз аудиториясын толық баурай алады.
Анимациялардың прокатқа шығуы мен қаралымы
2025 жыл отандық анимация үшін айрықша кезеңге айналды. Биыл алғаш рет мемлекеттік қолдау аясында түсірілген төрт бірдей толықметражды мультфильм – «Шоқан. Қашқарияға саяхат», «Желаяқ», «Тоқты мен Серке» (соңғысы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы өндірген) және «Алтын адам» – кең экранға бір-ақ шықты. Аталған туындылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы Ұлттық құрылтайда жүктеген балаларға арналған, мемлекеттік тілдегі ұлттық болмысты көрсететін мультфильмдердің санын арттыру туралы тапсырмасы шеңберінде жүзеге асқан алғашқы толықметражды жобалар еді. Сонымен бірге, 2025 жылы елімізде жекеменшік қаржыға түсірілген тұңғыш толықметражды мультфильм – «Адам: Нартәуекел» де прокатқа жол тартты.
Жаңадан түсірілген туындылармен қатар, бұған дейінгі жылдары шығарылған анимациялық фильмдерді көпшілікке қолжетімді ету жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылдың шілде айында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі 2019 жылдан бері мемлекеттік қолдаумен өндірілген 47 фильмнің ішінен 43 анимациялық туындыны «Қазақфильмнің» YouTube желісіндегі ресми арнасына жүктеп, еркін көру мүмкіндігін жасады. Небәрі төрт ай ішінде солардың кейбірі қомақты қаралым жинады: мысалы, «Қожанасыр мен ұрылар» мультфильмі – 126 мыңнан астам қаралым, «Айбынды аула» анимациялық сериалы – 36 мыңнан астам, «Тұран» жобасы – 31 мың, «Тұңғыш көк түрік» – 24 мың, «Шырақ батыр» – 23 мың, «Толағай» – 18 мың қаралымға жеткен.
Бұдан бөлек, қазақстандық мультфильмдерді телевизия және стриминг платформалары арқылы көрерменге кеңінен тарату шаралары қолға алынды. 2025 жылы «Қазақфильм» студиясы анимациялық каталогындағы ондаған туындыны бірнеше отандық телеарна мен онлайн-кинотеатрға коммерциялық негізде көрсету құқығын берді. Атап айтқанда, MEGOGO, Otau TV, Galam TV секілді стриминг сервистерімен және «Qazaqstan», «Balapan», «Хабар», «Ел Арна», «Qonaev TV» телеарналарымен тиісті келісім-шарттар жасалып, олардың эфирінде отандық мультфильмдер көрсетіле бастады. Сол арқылы көпшілікке бұрыннан таныс және сүйікті кейіпкерлері бар «Тоқаш пен Бақаш» (13 сериялы анимациялық сериал), «Менің атым Қозы» (4 серия), «Айбынды аула», «Марғау мен Мақтақыз», «Толағай», «Ботай құпиялары», «Әмен ағаның ғажайып бәйтерегі» секілді бірқатар туындылар телеэкран мен цифрлық платформалар арқылы көрерменге жол тартты.
Халықаралық жетістіктер
Отандық анимация алғаш халықаралық деңгейде нәтижелер көрсете бастады. 2023 жылы Испания астанасы Мадридте өткен MADFA – Madrid Film Awards фестивалінде 1500-ден астам үміткердің ішінен топ жарған «Бесік жыры» мультфильмі «Ең үздік қысқаметражды анимациялық фильм» жүлдесін иеленді. Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі, қазіргі Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов осы жеңісті отандық мультипликацияның дұрыс бағытта дамып келе жатқанының бір айғағы деп бағалаған еді.
Қазақстандық анимациялық фильмнің беделді халықаралық байқаудың бас жүлдесін иеленгені отандық анимация саласының оң бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді деп санауға болады. Мәдениет және спорт министрлігі 2030 жылға дейін жалпы прокаттағы қазақстандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 35 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Ол үшін жыл сайын кемінде 10 анимациялық жоба жасалатын болады, – деді ол.
2025 жылы қазақстандық толықметражды мультфильм «Алтын адам» Иорданияда өткен IV Халықаралық балалар кинофестивалінде «көрермендер көзайымы» (Audience Choice) жүлдесін жеңіп алды. Сол жылы тамыз айында Ақтау қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «Үркер» халықаралық кинофестивалінде «Қазақанимация» студиясы шығарған «Алтын көл» анимациялық қысқаметражды фильмі Бас жүлдеге ие болды. Бұл табыстар шетелдік аудиторияның да қазақстандық мультфильмдерге қызығушылық танытып келе жатқанын және өнеріміздің біртіндеп бәсекеге қабілеттілікке ұмтылғанын көрсетеді.
Әрине, әлемдік деңгейдегі айтулы жетістіктерге жету үшін әлі біраз еңбек ету керек.
Соңғы жылдардағы өндіріс қарқыны
Ресми дерекке сүйенсек, 2019-2024 жылдар аралығында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы 49 анимациялық жоба шығарған. Олардың ішінде 4 қысқаметражды сериал, 1 толықметражды анимациялық фильм, 1 дербес қысқаметражды мультфильм және 43 пилоттық жоба бар. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарлауынша, осы кезеңде ұлттық киноны мемлекеттік қолдау аясында 47 анимациялық жоба «Қазақфильм» арқылы қаржыландырылды. Сондай-ақ 2019–2024 жылдар аралығында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы арқылы қосымша 12 анимациялық жоба өндіріске жіберілді. Оның 8-і қысқаметражды мультфильм (мысалы, «Бесік жыры» (2020 ж., 13 минуттық, Испаниядағы фестивальде Гран-при жеңіп алған), «Бұйрабас» (2022 ж.), «Әмен ағаның ғажайып бәйтерегі» (2022 ж.) т.б.), 2 анимациялық сериал («Кенже қыз» және «Караван историй», 2020 ж.) және 4 толықметражды мультфильм – «Алтын адам» (өндірісі аяқталып, 2025 жылы экранға шықты), «Алан туралы аңыз», «Жібек» және «Команда A: Миссия Айка» (соңғы үшеуі қазіргі таңда өндірісте) – мемлекеттік қаржылық қолдауға ие болған.
2024-2025 жылдары да анимация өндірісі қарқын алып келеді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 2024 жылы тағы 3 жобаға, 2025 жылы 2 жобаға қаржылық қолдау бөлген. Атап айтқанда, 2024 жылы өндірісі басталған жобалар: «Адамзатқа іздеу саламын» – 3D форматтағы қысқаметражды фильм (өндіріс аяқталу мерзімі 2026 ж.), «Жібек» – 2D форматтағы толықметражды анимациялық фильм, «Команда A: Миссия Айка» – 3D форматтағы толықметражды фильм. 2025 жылы қолдау тапқан жобалар: «Қиял vs қадам» – 3D форматындағы қысқаметражды фильм (өндірісі 2026 ж. аяқталмақ) және «Бәйтерек туралы аңыз» – 2D+3D форматындағы толықметражды мультфильм (өндірісі 2027 ж. аяқталады деп жоспарланған).
2019 жылы отандық анимацияны дамытуға жаңа серпін берген маңызды қадамның бірі – Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің құрылуы болды. Бұл құрылым аниматорлар мен сценаристердің басын қосып, отандық жобаларды бір орталықтан үйлесімді өндіруге мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, бірлестік жас мамандарды қолдап, тәжірибе алмасу алаңына айналуды мақсат етеді. 2023 жылдан бастап осы бірлестік шеңберінде 2025 жылы 12 қорытынды пилоттық анимациялық фильмнің өндірісі аяқталуға жақын. Олар негізінен қысқа метражды, эксперименттік жобалар, кейбірі болашақ сериалдардың пилоттық бөлімдері. Атап айтқанда: «Атаманға ақталу» (Айбынды аула топтамасы аясында) – 3D, «Әбжыланның әлегі» (Айбынды аула топтамасы аясында) – 3D, «Құпия жоспар» (Айбынды аула топтамасы аясында) – 3D, «Келісім» (Айбынды аула топтамасы аясында) – 3D, «Қорғаныс» (Айбынды аула топтамасы аясында) – 3D, «Призрачный Наурыз» – 2D, «Көлеңке» – 2D, «Хочу домой» – 2D, «Унисон» – 2D, «Su perisi» – 2D, «Слёзы Умай» – 2D, «Шаңырақ» – 2D.
Бұл жаңа пилоттық жобалар ұлттық анимацияның дамуына, отандық контенттің сапасын арттыруға және жас көрермендерді рухани-мәдени тұрғыда тәрбиелеуге үлес қосуға бағытталған.
Қазақ анимациясының бастауы
Еске сала кетсек, алғашқы қазақ мультфильмі 1967 жылы көрерменге жол тартқан «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты қысқаметражды туынды еді. Оның режиссері әрі суретшісі Әмен Қайдаров бүгінде қазақ мультипликациясының негізін салушы ретінде танылады. Кеңес Одағы дәуірінде Алматыдағы «Қазақфильм» студиясында бірнеше анимациялық фильмдер шығарылғанымен, жалпы индустрия ауқымы шектеулі болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да отандық анимация өндірісі біршама тоқырауға ұшырады – қаржылық тапшылық, техника мен кадр мәселесіне байланысты санаулы ғана жоба іске асты. Дегенмен 2000-жылдардың ортасынан бастап мемлекет бұл салаға қайта көңіл бөле бастады. Мысалы, 2010 жылы «Balapan» балалар телеарнасының ашылуы және сол канал үшін жергілікті мультфильмдер өндірісін жолға қою қадамы осы кезеңге тұспа-тұс келді. 2009 жылы «Қошқар мен Теке» атты қазақша анимациялық сериал телеэкранға шықса, 2013 жылы ұлттық фольклор желісімен түсірілген «Ер Төстік және Айдаһар» толықметражды мультфильмінің премьерасы өтті. Ал 2018 жылы тарихи-фэнтези жанрында түсірілген «Мұзбалақ» пен «Күлтегін» анимациялық фильмдері қазақ мультипликациясына жаңа серпін беріп, көрермен тарапынан жылы қабылданды.
Әрине, анимация өнері дамыған елдермен салыстырғанда Қазақстан әзірге бұл салада алғашқы қадамдарын жасауда. Бүгінде жаһандық мультфильм индустриясында Walt Disney, Pixar, DreamWorks, Sony Pictures секілді алып студиялар үстемдік етеді, ал аймақтық деңгейде жапон анимесі мен оңтүстік кореялық анимация өнімдері бүкіл әлемге таралуда. Қазақ анимациясы осы алпауыттармен тікелей бәсекелесе алмаса да, ұлттық бояуы қанық, мазмұндық тұрғыда ерекшеленетін туындылар арқылы халықаралық нарықта өзіндік орын алу мүмкіндігіне ие.
Қазақстандық анимация өнері соңғы жылдары тың серпіліс кезеңін бастан өткеруде. Бұрын елде бірлі-жарым студия ғана мультфильм өндірсе, қазір жаңа буын режиссерлер, продюсерлер мен суретшілер өз студияларын құрып, авторлық жобалар жасауға кірісті. Нарықта тек балаларға арналған өніммен шектелмей, ересек аудиторияға бағытталған философиялық, тарихи туындылар да пайда бола бастады. Бұл – қазақ анимациясы сапалық тұрғыдан өсіп, жанрлық ауқымын кеңейте түскенінің белгісі.