Мультфильм бизнеске айналғанда ғана дамиды – Әбдіқадыр Сабыр

28 Тамыз 2022, 14:30 4089

Мультфильм режиссері Әбдіқадыр Сабырмен сұхбат.

Әбдіқадыр Сабыр осы уақытқа дейін продюсер, сценарист, режиссер, мультипликатор ретінде 60-қа жуық жобамен айналысқан білікті маман. Ол жобалардың ішінде ең қызық «Менікі», «Үш достың ерлігі», «Бәйтерек қасиеті», «Көксерек» секілді мультфильмдерін ерекше атап өтуге болады. Бүгінде университет қабырғасында ұстаздық етіп жүрген кәсіби маманмен мультфильмнің қыр-сырын білу мақсатында сұхбаттасқан едік.

Әбіқадыр Сабыр, сіздің мультфильмге деген қызығушылығыңыз қашаннан басталды?

– Мен сурет салуға кішкентай кезімнен құмар болдым. 1-сыныпта оқып жүрген кезде Ержан деген досыммен «Ну, погоди» деген секілді мультфильмдердің суретін газеттен көріп қызығатын едік. Өсе келе менің мультфильмге деген махаббатым арта түсті. Салған суреттерім әдеміленіп, сиқырланғандай көрінетін. Ол кездері мен кәсіби маман болмасам да салған суреттерім өте сұлу болатын. Сөйтіп, бала арманыма 32 жасымда бірақ қолжеткіздім.

Бұл саламен кәсіби түрде қай уақыттан бері айналыса бастадыңыз?

– 1998 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-на жұмысқа кірдім. Оған дейін мен педагог-жаттықтырушы болып жүрдім. Ол кездері айлықты айлап емес, жылдап кешіктіріп беретін. Бірақ сонда да арман қуып Алматыға бардым. Мен барған кезде «Қазақфильмде» «Қадірдің бақыты» деген мультфильм жасалып жатты. Сценарий бойынша бас кейіпкердің аты Қадір болса, ал менің есімім Әбдіқадыр, бас кейіпкердің әкесінің есімі Сабыр, менің тегім де Сабыр. Бұны Құдайдың бір құдіреті дер едім. Мультфильмде Қадір өз бақытын іздесе, мен де Алматы қаласына бақытымды іздеп бардым. Мен мультфильм саласына алғаш осылай келдім.

Маған мультфильм жасау барысындағы басыңыздан кешірген қызықты бір оқиғаны айтып беріңізші.

– Бұрындары мультфильмнің бояуы, тізбегін (контур) сызатын сияcы (тушь) болған. Бір күні мультфильм жасауға қажет барлық бояу таусылып қалған еді. Оны Мәскеуден алдырту үшін маманды жібермекші болды. Бірақ мен сол қажет бояуды да, сияны да 1 түннің ішінде ойлап таптым. Мектепте сабақты өте жақсы оқыдым, ол үшін мен білім берген ұстаздарыма, әсіресе химия мұғалімі Бибіжар Нұрымбетоваға алғысымды білдіремін. Себебі химияны жақсы білгеннің арқасында бояуды ойлап таба алдым.

Әбіқадыр Сабыр, кәсіби маман ретінде айтыңызшы, мультфильм қалай түсірілуі керек?

– Мультфильм өнері – үлкен тәрбие құралы. Әр мультфильмнің астарында бір бөлек мағына жатыр. Оны жасап шығару үшін кәсіби мамандар қажет. Ол тек мультфильмға қатысы бар адамдар ғана емес, педагог, психолог, тарихшы, этнограф барлығы атсалысуы керек. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген сөз мультфильмге арналғандай. Әбден жан-жақты қарап, сценарийін де дұрыс жазып, әсіресе оның беретін мағынасына аса назар аудару қажет. Сонымен қатар балалардың жас ерекшелігіне ескеру керек. Тіпті жасынан бөлек олардың туған мезгілдеріне қарай да психологиясы, әлемді қабылдау түсінігі де ерекше болып келеді. Айтылғандардың барлығын ескере отырып, біз балаларға дұрыс мультфильмді түсіріп шығаруымыз қажет. Әрине кез келген сапалы дүние үлкен тәжірибе мен уақытты талап етеді.

Қазақстандық мультфильмдер балаларды қызықтыра ала ма?

– Қазір жастар салған суретті қарап отырсаң жақсы, мағынасы бар сияқты көрінеді. Бірақ ол балаға не береді? Бұл сұрақты қызықтырып жатқан ешкім жоқ. Ең алдымен біз баланың сұранысын қанағаттандыруымыз қажет. Ал бізде мультфильмді балаға керек деп қана береді. Балаға тек қажет деп санап беретін болсақ, ол оны қабылдамайды. Неге қазақстандықтар шетелдің мультфильмін көруге құмар? Өйткені бізде сұраныс бар, ал ұсыныс жоқ. «Маша мен аю», «Үш мысық» деген сияқты өзге мемлекеттің дүниелерін ғана тықпалап жатырмыз. Сондықтан сол сұранысты өзіміздің шығарған мультфильмдермен қанағаттандыру керек.

Сіз шетелдік мультфильмдерге сұраныс көп деп айтып кеттіңіз. Олардың қазақша аудармасы көңіліңізден шыға ма?

– Бір мультфильмдегі аударма 100% жақсы шығады деп айта алмаймын. Өйткені ол үшін кәсіби мамандар толық құраммен жұмыс істеуі қажет. Егер аудармамен кәсіби аударма бөлімі емес, аутсорсинг компаниялар ғана жұмыс істейтін болса, оның сапасы ешуақытта жақсармайды. Қазіргі аударма мультфильмдердің бірқатары еліктеумен, тілі ауыр аудармамен шығады. 6 жасқа дейін көруге арналған кейбір мультфильдердің аудармасына қарап 16 жастан бастап қарауға ұсынылған ба дерсің! Сол үшін де балалар қазақ тілінде көргісі келмей қалуы мүмкін. Бұдан еліміздегі мультфильм аударудан әлсіздік бар екені байқалады. Бірақ уақыт өте келе бұл кемшіліктердің бәрі ретімен түзеледі деп ойлаймын.

Қазақша мультфильмдердің сапасын қалай көтеруге болады?

– Мысалы шетелде бір мультфильмді түсіру үшін әр саланың мамандары шақырылады. Бір аутсорсинг компания кейіпкерлердің 3д образын жақсы жасаса, ал екінші компания диалогты күшті келтірсе, ал басқасы сценарийін жақсы жазуы мүмкін. Яғни әр саланың мамандары жиналып, бір сапалы дүние шығаруы қажет. Шетелдік мультфильмдердің соңында шығатын титрде бірнеше компаниялардың атының жазылу себебі де осында. Сондықтан да сапасы жоғары. Ал біздегі бір аутсорсинг компания персонаждың образын да жасайды, сценарийін де жазады, режиссеры да болады, дыбысын да жазады. Сонымен сапасы төмендейді. Өйткені бір компанияның жұмысы барлық бағыттан тәжірибесі жоғары болуы мүмкін емес.

Бізде мультфильм саласы неге шетелдікіндей жоғары деңгейге көтеріле алмай жатыр?

– Біз мультфильмді бизнес есебінен қарамай дамыта алмаймыз. Инвесторларды тауып, мультфильммен айналысып-ақ Қазақстанды байытуға болады. Неге шетелдіктердің барлығы мультфильм шығарып кетті? Себебі олар табыс көзінің қайда екенін біледі. Өздерінің ұлттық кодын жоғалтпай келе жатыр. Бізге де соны үйрену керек. Себебі біз көбіне өзге мемлекеттен мультфильмді алып, тек атын ғана өзгертіп бере саламыз. Егер біз өзіміздің ұлттық кодымызды сақтап, мультфильмді бизнес көзі ретінде шығаратын болсақ, ол біраз пайда әкеліп, жоғары деңгейге көтерілетін еді.

Елімізде мультфильммен айналысатын жас таланттар бар ма?

– Бізде жас таланттар жоқ емес, бар. Бірақ солардың барлығын құртатын атақ қой. Аты шыққаннан кейін «Мен күшті екенмін» деп тоқтап қалады. Ең басты кемшілік сол таланттардың басын қосып, коммерциялық тұрғыда ұйымдастыра білмеуде. Инвестиция туралы жаңа заң шығатын болса, инвесторлар келіп мультфильге ақша құятын еді. Бұндай заңның жоқтығынан олар бекерге тәуекелге бел буып, шығынға ұшырағысы келмейді.

Өзіңіз қандай да бір инвестормен жұмыс жасап көрдіңіз бе?

– Алдыма ақшасын құямын деп келген қанша инвесторлар болды. Тіпті кабинетіме келіп 100 миллион теңге ақша беремін, 6 айдан кейін қайтара аласыз ба деп айтады. Бұл жеңіл-желпі бизнес емес қой, 6 айда небәрі оның 1-сериясы ғана жарық көреді. Оның коммерциялық, маркетингтік жағын жан-жақты қарастыру қажет. Мультфильм – үлкен өнер. Оның ішінде музыка, әдебиет, тарих бәрі бар. Бірақ мультфильм өнерін әлі толыққанды түсіне алмай келе жатқандар бар.

Мультфильм саласының болашағы бар ма?

– Мультфильммен айналысқысы келетін мамандар бар және олар әр уақытта көбейе бермек. Себебі мультфильмге деген сұраныс та, онымен жұмыс істегісі келетін азаматтар да өте көп. Бірақ жоғарыда мен атап өткен кемшіліктерді ретке келтірсе, бұл саланы әлі де жоғарыға көтеруге болады. Яғни болашағынан зор үміт күттіретін, қызықты да қиын сала дер едім.

Сұхбатыңызға рахмет!

Ажар Лаубаева
Бөлісу: