Мен… Кіммін? Ешкім білмейді. Өз ұғымым да бұлдыр
Мұхтар Мағауин - жазушы, тарихшы, әдебиет зерттеушісі, ғалым. Мемлекет сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы. Назарларыңызға жазушының әр жылдарда БАҚ-қа берген сұхбаттарынан үзінділерді ұсынамыз.
- Мен… Кіммін? Ешкім білмейді. Өз ұғымым да бұлдыр. Анық ақиқаты: тегім — кісі, дінім — ислам, нәсілім — түрік, ұлтым — қазақ, ұраным — Алаш, есімім – Мұхтар, сойым — Мағауин, туған жылым — миләди 1940.
- Мен жазбасам, қазақ әдебиеті тұралап қалады, мен күреспесем, ежелгі мұра біржола ұмытылады, атаның аруағын арқалап жүрген — жалғыз өзім, алаштың мұратын келер ұрпаққа жеткізетін — Мен, Мен ғана, Мен болмасам, ұлысымның ырысы ортаяды, ұрпағымның көкірек-көзі ашылмайды…
- 1957 жыл. Мен орта мектепті медальмен, үздік бітірген оқушы ретінде, Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне емтихансыз түскем.
- Ес білген шағымда, үлкен әкем Мағауия мені алдына мінгізіп алып, бұрынғы өткен ақылман, айбарлы аталарымның басына апарып, маған бата, тілек сұрап, аруаққа иман, дұға жасап, үнді даусымен, көмекейден, бар мақамына келтіре Құран оқыған кездерінде, ілкіде немесе жаңа ғана осы атам туралы айтылған әңгіменің әсері – әуезді, сырлы, құдіретті сөз – Құдай сөзімен астасып, ағыл-тегіл жылайтын едім.
- Мен шоумен емеспін. Кейбір ағайындар секілді (аттарын атамай-ақ қояйын) әр басқан қадамымды елге көрсетіп айғайлатып жүретін адам емеспін. Жазушының ең басты насихаты – оның көркем шығармасы. Мен қанша атаққа қол жеткізсем де, ешқандай атаққұмар болғам жоқ.
- Қасиетті Құран сөзі – барлық бастаудың тұнығы. Алайда, Кәләм шарифтың бүгінгі тәржімаларының барлығы да жәутік, мүлде жарамсыз. Мойныма алып, бар қасиетін сақтай отырып, тым құрыса жиырма-отыз сүре аударсам деймін.
- Шіркін, қымыз-ай, деймін мен. Қымыз деген не, шұбатты айтсаңшы, дейді Әбіш. Шұбат деген – түйенің ашытылған сүті, біздің ауылда сирек те болса ұшырасатын, түйе-қымыз дейді, дәп осыған жуық, сұйқылтым сыйыр-қымыз деген де бар, амалсыздан шыққан, нағыз қымыздың жөні бөлек қой, деймін мен.
- Әбіш мен сияқты емес, жазуда ешқандай күй талғамайды. Төсегі тұйық, төргі бұрышта тұратын. Алдында шағын текше. Әбіш, үстінде қолтығы салбыраған кең майка, төсегінің бір жақ шетіне отырып, осы текше үстінде қағазына үңіледі. Кейде маңдайын сүйеп, ойлана бөгеліп, көбіне тоқтаусыз жазып жатады. Кірген, шыққан, арлы-берлі жүрген балалармен тіл қатыса береді, тіпті, бөлменің екінші қапталында өтіп жатқан дау-кеңеске үн қосып қоятыны бар.
- Мен Совет заманында да жағымсыз саналдым, әрқилы кедергi, бөгесiндер өз алдына, ежелгi мұраға арналған тұтас бiр жинақтар баспадан өтпей қалғаны, өткен соң да ойылып, кесiлiп, зорлыққа ұшырағаны, тiптi, әйгiлi бiр кiтаптың шыға салысымен кәмпескеге ұшырап, турауға түскенi бар. Ұлтшыл деген айып тағылды (қазiр “рушыл” дейдi). Мұның бәрi ештеңе емес, басың аман болған соң. Қазiр де ондай қатер жоқ сияқты. Бiрақ мен ендiгi, “тәуелсiз” аталатын елде бұрынғыша бұқпантайлап жүргiм келмеген.
- Әдебиетте әртүрлі дау-дамай болады. Үлкен жазушылар да сыналып жатады. Әуезов те кезінде сынға ұшыраған. Басқалар да сынға ұшыраған. Мағжан атылып кеткен деген сияқты. Бірақ, маған қарсы үлкен науқан жүрді.
- Менің үкіметке де, басқаға да ешқандай өкпем жоқ. Бірақ, айтатынымызды айтып, жазатынымызды жазып жатырмыз. Енді ол жаққа барғанда үлкен жұмыстар бастауға тура келді.
- Прагаға түскеннен кейін араға жеті күн сап жазуға отырдым. Алдымен бір әңгіме жаздым. Одан кейін көлемі үлкен болмаса да, салмағы ауыр «Жармақ» дейтін роман жаздым. 19 күнде жазып шықтым. Өте тез жазылды. Нақтырақ айтсам 18 күнде жаздым, 19-шы күні көшіріп болдым. «Жармақ» Прагада басылып, осында жетті.
- Мен қазақ тілі туралы еш қам жемеймін. Үйіңде балаңмен қазақша сөйлеспе деп отырған да ешкім жоқ. Тіл мәселесі – халықтың өз қолындағы мәселе. Қазаққа не керек? Тұрмыс керек, халықтың әл-ауқаты жақсару керек. Моральдық жағынан, басқа да қырларынан халықтың жағдайы оңалу керек. Ең бастысы, қазақ көбею керек. Көбею үшін ата-анаға, туған балаға көп көмек берілу керек. Сыртта жүрген 5 млн. қазақ бар, оларды да отанына қайтару керек. Сосын тіл мәселесі де, басқасы да өз ретімен шешіледі.
- Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дейтін сөз бар. Мені ешкім желкелеп шығарып салған жоқ, өзім кеттім. Өйткені, тыныш жұмыс жасау керек.