Қазақ әдебиеті қара жамылды. Қазақстанның халық жазушысы, тарихшы, филология ғылымдарының докторы, публицист, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Мұхтар Мағауин өмірден өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қаралы хабарды жазушының ұлы Едіге Мағауин әлеуметтік желіде хабарлады.
Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55), - деп жазды ол.
Сонымен қатар ұлы әкесінің шығармасынан үзінді келтірді:
Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!
Жазушы еңбек жолын 1965 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі болып бастады.
1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып істеді. Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді.
1986 жылы қаламгер оқырмандарымен кездесуінде «жазушы болмасаңыз, кім болар едіңіз?» деген сұраққа былай деп жауап берген еді:
Менің ойымша, адам өзінің қалауымен жазушы болмайды. Әрине, адам өзінің қалауынсыз, өз еркінен тыс әрекет жасай алмайды. Әйткенмен де, жалпы өнер саласында адамның бойында бір бейімділік болуы керек. Сол бейімділік ақыр аяғында жазушылыққа, суретшілдікке, композиторлыққа жетелеп апаруға тиіс. Әйткенмен де, мен егер жазушы болмасам, тарихшы болған болар едім деп ойлаймын.
Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда сол кездегі Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Еңбек жолы 1965 жылдан басталады. «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-71 жж. «Жазушы» баспасында бас редактордың орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып, сонымен қатар Мәскеуде М.Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргізді. 1983 – 84 жж. еркін шығармашылық жұмыста, 1984-86 жж. «Жазушы» баспасының бас редакторы, 1987 жылы еркін шығармашылық жұмыс- та, 1988-2006 жж. «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды.
Баспасөз бетінде алғаш рет 1959 жылы көрінді. 60-жылдары негізінен әдебиет зерттеушісі ретінде танылды. Бұдан соңғы кезеңде көркем прозаға көбірек ден қойды. Шығармалары орыс тіліне аударылған, шетел тілдерінде басылған. Филология ғылымының кандидаты (1967). Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақстанның Халық жазушысы (1984). Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері (1997). «Тарлан» сыйлығының лауреаты (2002). Қазақстанның Құрметті жазушысы (2019).
2006 жылдың желтоқсанында Чехияға қоныс аударды.
2007 - «Жармақ» романы.
2007-2008 - «Әрқилы әңгімелер», «Талайсыз әңгімелер» топтамалары.
2008, қараша - 2015, қараша - «Шыңғыс хан және оның заманы», тарихи деректі тетралогия.
2015, шілде - Америкаға түпкілікті қоныс аудару. Мэриленд штаты, әуелде Вашингтонға іргелес Роквилл кенті,
2017 жылдың соңынан бастап осы төңіректегі Силвер Сприң кенті.
2016-2017 - «Естеліктер кітабы»: «Ілияс аға Есенберлин», «Әбіш екеуіміз» және басқа жазбалар
2018 - «Естеліктер кітабының» жаңа тараулары.
2019 - Шығармаларының жиырма бес томдық «Толық жинағын» баспаға әзірлеу.