Мүгедектігі бар адамдар инватакси қызметімен 2,7 мыңнан астам сапарға шықты

20 Тамыз 2023, 14:29 888

Бұл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жобасы, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету үшін такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі пилоттық жоба басталғалы Астана мен Алматы қалаларында аталған қызмет 2,7 мың рет көрсетілді.

Бұдан бұрын хабарлағандай, инватакси қызметінің сапасы мен көрсету жылдамдығын арттыру мақсатында Еңбекмині әкімдіктермен бірлесіп осы қызметтің механизміне өзгерту енгізу туралы шешім қабылдады. 

Мысалы, азаматтарға қызмет алудан бір күн бұрын телефон арқылы жазылу қажет, бұл өз сапарларын алдын ала жоспарлауға, инватакси беруді күтуге мәжбүр етеді, инватакси қызметтерін ұсыну үшін көлік құралдарының жетіспеушілігі және т. б. мәселелер бар.

Шарттарды жеңілдету үшін осы қызметті көрсетуге қатысуға тиісті сұраныс алған такси агрегаторларын тарту бойынша пилоттық жоба жүзеге асуда.

Әдетте агрегатор жасалған сапарлардың төлем ақысынан платформаларының пайдасына белгілі мөлшерде пайыз аударатын болса, мұндағы басты шарт сол пайыздың болмауы. Осы жұмысты қолдаған Яндекс компаниясы пилоттық жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірді.

Инватакси қызметін азаматтар пилоттық жоба шеңберінде Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы қолдана алады. Жобаның ерекшелігі қызметті алушы үшін көлікті тезірек таңдау, онлайн режимінде тапсырыс мәртебесін қадағалау және сапарларды бақылаудың қарапайым жүйесі. 

Бұл қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды. Өз кезегінде жүргізушілер адамды көлікке отырғызу және одан түсуде қалай көмек көрсетуге болатын секілді қажетті нұсқауларды алады.

Пилоттық жобаға алғашқы кезеңде Астана және Алматы қалаларынан мүгедектігі бар адамдардың фокус-тобы қатысады.

Осы қызметті алушылардың бірі Алматы қаласының тұрғыны Ильяс Фаткулин инватаксидің жаңа форматының ыңғайлылығын атап өтті.

«Такси қызметтерін пайдалану өте ыңғайлы әрі оңайырақ болды. Алайда, менің ойымша, ескі форматқа балама қалдыру керек, өйткені егде жастағы адамдар немесе қосымша арқылы тапсырыс бере алмайтын да адамдар бар», – деді Ильяс Фаткулин.

Ол көліктердің 15 минут ішінде өте жылдам келетінін және бұл алдыңғы инватакси қызметімен мүлдем салыстыруға келмейтінін, себебі инватакси қызметіне алдын-ала тапсырыс беріп, оны ұзақ күтуге тура келетін айтты.

«Пилоттық жоба аясында такси қызметін біз күніне 2 рет пайдалана аламыз. Мұны ыңғайлы деп айта алмас едім. Себебі, қалада бірнеше күн болмай немесе пайдаланбаған күндері маған бөлінген сапарлар жарамсыз болып, яғни «күйіп» кетеді. Ал, кей күндері аталған қызметті 5-6 рет пайдалануға тура келетін уақыттар болып қалады. Сондықтан күніне 2 сапар емес, айына 60 сапар жасау мүмкіндігі болса жақсы болар еді. Көптеген адамдарға ыңғайлы болатын еді», – дейді Ильяс Фаткулин.

Қызмет көрсетудің оң нәтижесі болған жағдайда жаңа форматта мүгедектігі бар адамдардың басқа топтарына және еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асатын болады.

Асқар Таудай
Бөлісу: