Соңғы жылдары білім беру саласында цифрландыру, қағазбастылықты азайту және мұғалім мәртебесін көтеру бағытында бірқатар реформа қолға алынды.
Десе де мектептегі нақты жағдай қандай? Мұғалімдердің жұмысы расымен жеңілдеді ме, әлде өзгерістер тек есеп түрінде қалды ма? El.kz интернет порталының тілшісі бірнеше ұстаздан пікір алып, бұл сұрақтың жауабын іздеп көрді.
Астана қаласы Сырбай Мәуленов атындағы 37 мектеп-лицейінің директоры Гүлжан Дәрібайқызының айтуынша, соңғы жылдары қағазбастылық едәуір азайған.
Мұғалімдер артық жүктеме алмай, нақты өз қызметіне қатысты құжаттармен ғана жұмыс істейді. Электронды журналдар, цифрлық платформалар арқылы есеп беру жеңілдеді. Бұрын әр жиналыс, талдау немесе бақылау үшін жеке папка, қағаз керек болса, қазір барлығы электронды жүйеге енгізілген. Педагог өз уақытын қағазбен емес, оқушымен жұмысқа арнайтын мүмкіндік алды. Бұл – «Педагог мәртебесі туралы» заңның нақты нәтижесі, – дейді мектеп директоры.
Гүлжан Дәрібайқызының айтуынша, соңғы жылдары мұғалімдердің кәсіби еркіндігі мен шығармашылық мүмкіндігі едәуір артқан.
Бүгінгі мұғалім еркін. Бұрынғыдай дайын үлгілерге байланбай, өз тәжірибесін, әдістемесін, авторлық ізденісін енгізуге мүмкіндік бар. Мұғалім шығармашылыққа ашық болса, мектеп те, қоғам да оны қолдайды. Мысалы, біздің мектепте әр мұғалім өз сабағында жаңа тәсілдерді еркін қолдана алады. Lesson Study мен SHARE жобалары соның дәлелі – мұғалімнің зерттеуші әрі жаңашыл тұлғаға айналуына мүмкіндік берілген, – дейді.
Мектеп директорының айтуынша, ұстаздардың белсенділігі артып келеді. Бұған дәлел ретінде білім ордасында дәстүрге айналған «Үздік оқырман педагог» байқауын келтіруге болады.
Осы байқауға көбіне жас мамандардың қатысатыны қуантады. Соңғы екі жылда байқаудың жеңімпаздары жас мамандар, тіпті былтырғы оқу жылындағы жеңімпазымыз жұмысын алғаш рет бастаған мұғалім болды. Анталияға барып келгенде де өзінің шынайы қуанышымен бөлісіп, «мектепте мұғалім болып жүріп те, тегін шет елдерден тәжірибе жинақтауға болатынын, бұл жастар үшін жақсы мүмкіндік екенін айтып жүр, – дейді мектеп басшысы.
Мұғалімнің жұмысын жеңілдетудің ең тиімді жолы – сенім мен қолдау. Егер педагог өз ісіне сеніп, басшылық пен ата-анадан қолдау тапса, жұмысы да жеңілдейтінін айтады.
Әрине, цифрландыру да үлкен көмек. Сабақ жоспарлау, бағалау, талдаулардың барлығы қазір электронды форматта. Бірақ ең бастысы – артық міндеттен босату. Мұғалім тек оқыту мен тәрбиелеумен айналысқанда ғана сапа артады. Оған қосымша бюрократиялық есеп пен сыртқы қысым болмауы тиіс, – дейді Гүлжан Дәрібайқызы.
Мектеп басшысының айтуынша, педагогтердің эмоционалды қажуын азайту үшін оқу орнында ерекше бастама қолға алынған. Бұл – «Кәсіби серпін» жобасы.
Жобаның басты мақсаты – мұғалімдердің апта сайынғы шаршауының алдын алу. Мұғалім де адам, оның да қуанышы мен реніші бар. Сол эмоцияны басқару кейде қиын. Сондықтан біз әр апта сайын тренингтер мен ашық кездесулер ұйымдастырамыз, – дейді.
Бұл кездесулерге жас мамандар да белсенді қатысып келеді. Олар мектеп директоры және тәжірибелі ұстаздармен бірге идея алмасып, бірлескен жобаларды жоспарлайды.
Сол жас мұғалімдер үнемі тренингтен кейін «Бүгін өзімнің бір сатыға өскенімді сезіндім, қолдауыңызға рақмет» деп жатады. Мұндай бірлескен жұмыстар мұғалімге ауыр жүктеме емес, керісінше, олардың кәсіби деңгейін көтеру және сол арқылы қауымдастықта бірге әрекет жасау болып саналады, – дейді мектеп басшысы.
Электронды журналдар мен цифрлық платформалар алғаш енгізілген кезде мұғалімдерге біраз қиындық тудырғаны рас. Дегенмен бүгінде бұл жүйелер ұстаздар жұмысының тиімділігін арттыруға айтарлықтай үлес қосып отыр.
Біріншіден, бағалау мен кері байланысты бірден енгізуге мүмкіндік бар. Екіншіден, ата-аналар да баланың үлгерімін нақты уақытында көре алады. Үшіншіден, есептілік жеңілдеп, талдау жасау уақыты қысқарды. Жалпы үрдіс оң бағытта. Цифрлық орта мұғалімге де, әкімшілікке де тиімді құралға айналды, – дейді.
Мектеп директорының айтуынша, соңғы уақытта жасанды интеллект құралдарын пайдалану да мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге жол ашып отыр.
Бұл мұғалімдерге сабақ жоспарын әзірлеуге, презентациялар дайындауға, идеяларын жүйелеуге көп көмек беруде. Алдағы уақытта мұғалім мен мектеп әкімшілігінің жұмысын жеңілдету бағытында тағы да жаңа қадамдар жоспарланып отыр. Бұйыртса, бұл бастаманы 2026 жылдың бюджеттік жоспарына енгізуді көздеп отырмыз, – деді Гүлжан Дәрібайқызы.
Сондай-ақ жұмысты жеңілдеткен басты өзгеріс – «Педагог мәртебесі туралы» заңның нақты жүзеге асуы екенін айтты.
Мұғалімнің құқықтық тұрғыдан қорғалуы, артық міндеттерден босатылуы, еңбек демалысы мен сауықтыру жәрдемақысының төленуі, екі жүктемеге дейін жұмыс істеу мүмкіндігі – бәрі де үлкен қолдау болды. Бұған қоса, мектепішілік «ашық рейтинг» жүйесінің енгізілуі әр мұғалімге өз нәтижесін көруге мүмкіндік береді. Lesson Study, кәсіби қауымдастықтар сияқты бірлескен жұмыс формалары да педагогтің кәсіби өмірін жеңіл әрі қызықты етуде, – дейді.
Алайда мұғалім мамандығының жеңілдеуі тек техникалық не заңнамалық өзгерістермен шектелмейтінін де тілге тиек етті.
Дегенмен барлық мәселе шешіліп кетті деуге әлі ерте. Өкінішке қарай, кейбір педагогтеріміз әлі де өзгеріске, кәсіби қолдау жасап жатқанымызды сезінуге дайын емес екендіктерін көрсетуде. Жалпы, адам санасын өзгертумен жұмыс істеу өте ауыр жұмыстардың бірі, былайша айтқанда, санаға әсер ету оңай емес, – дейді.
Мұғалімнің санасы өзгерісті қабылдаған сәтте ғана оқушыларымыздың өзгеретінін ғалымдар дәлелдеп қойған.
Жұмысымыздың жеңілдеуі осындай өзгерістермен тікелей байланысты болғандықтан, бізге әлі де біршама күш жұмсау қажеттілігі сезіледі, – деді.
Мектеп басшысының айтуынша, мұғалімдердің кәсіби өміріндегі ең өзекті мәселе – психологиялық жүктеме мен эмоционалды шаршау.
Қазір білім сапасына, тәрбиеге, қауіпсіздікке, құндылықтарға бірдей көңіл бөлу қажет, бұл – үлкен жауапкершілік. Кейде жаңа платформалар мен жаңартылған есептер мектеп әкімшілігінің уақытын алады. Тағы бір мәселе – ата-аналардың талаптарының өсуі. Сондықтан бізде «Кәсіби серпін» жобасы іске қосылып, педагогтердің менталдық саулығын сақтауға бағытталған тренингтер өткізіледі. Мұғалімнің көңіл күйі – мектеп сапасының айнасы, – деді.
Директор тағы бір маңызды мәселеге тоқталып өтті.
Соңғы кезде «Адал азамат» тәрбие бағдарламасына ересек адамдарға арналған бөлім енгізілсе деген ой жиі келеді. Біз балабақша мен мектепте құндылықтарды үйретеміз, бірақ оны үйдегі ересектер әрдайым үлгі етіп көрсете алмай жатады. Кейде адамдар өз жұмысын шала атқарып, бейжай қарайды. Бұл – тек білім саласының емес, жалпы қоғамның мәселесі, – дейді ол.
Қоғамның ересек мүшелерінің санасына да құндылық тұрғысынан әсер ету керек деп есептейді.
Бұл мәселе жылдар бойы тек материалдық жағдайдың алға шығып кетуінің әсерінен болуы мүмкін. Біз адамдық қасиеттердің көбісін жоғалтып алдық, сол себепті де ересектермен нақты шаралар, курстар өткізілуі керек, – деді Сырбай Мәуленов атындағы 37 мектеп-лицейінің директоры Гүлжан Дәрібайқызы.
Ақсу қаласындағы Жамбыл орта мектебінің математика пәні мұғалімі Қуаныш Слай мұғалімдердің жұмысы жеңілдеді деуге ерте екенін айтады. Оның пікірінше, цифрландыру мен қағазбастылық азайғанымен, ұстаздың мойнындағы жүктеме әлі де көп.
Ең алдымен оқушының жеке іс қағаздарын толтырудан бастаймыз. Одан кейін әр баланың әлеуметтік жағдайы, отбасы құрамы, ата-ананың жұмыс орны сияқты мәліметтерді көрсететін әлеуметтік паспорт дайындаймыз. Бұған қоса, қай оқушыға мектеп тарапынан көмек қажет екенін қағаз жүзінде баяндау қажет. Бұл өз алдына біраз уақыт алады, – дейді ол.
Сондай-ақ әр дүйсенбі сайын өтетін тәрбие сағаттарына арналған жоспар (ҚМЖ), көрнекілік және презентация да мұғалім уақытын алатын көрінеді.
Бір тәрбие сағатына кемінде 2-3 сағат дайындаламыз. Ал дайын материалды сатып алсақ, бағасы 3 мың теңгеден басталады. Мұғалімнің әр іс-шараға кететін уақыты мен қаражаты есепсіз, – дейді Қуаныш Слай.
Мұғалімнің айтуынша, сынып жетекшілігі үшін берілетін төлем де әділ бөлінбеген.
Егер сыныпта 14 оқушыдан асса, 10 мың теңгеден асады. Ал 14 оқушыдан аз болса, 5 600 теңге ғана. Бірақ атқаратын жұмыс көлемі бірдей. Ең тиімді шешім – негізгі сабақтарға ассистент беру. Мысалы, мұғалім сабақ түсіндіріп, негізгі тексеру мен талдау жұмыстарын ассистент жүргізсе, жұмыс әлдеқайда жеңілдер еді, – дейді ұстаз.
Қуаныш Слайдың айтуынша, тоқсан соңындағы бағалау кезеңі – мұғалім үшін ең ауыр уақыт.
4-сыныпқа сабақ берсеңіз, әр сыныпта 20-ға жуық оқушы бар. Сонда 80 оқушының БЖБ мен ТЖБ жұмыстарын жеке тексеріп шығу керек. Өз басым осы тоқсанда таңғы сағат 6-ға дейін үйде отырып, жұмыстарды қарап шықтым, – дейді ол.
Мұғалім электронды журнал туралы да айта кетті.
Электронды журналды «заман талабы» деп қабылдасақ та, оның нақты пайдасы аз. Көп ата-ана жұмыстан келіп, күнделікке кіріп баласының балын қарамайды. Тоқсан соңында ғана «неге 3, неге 4» деп мұғалімді кінәлайды. Бұрынғы қағаз журнал әлдеқайда дұрыс па еді деп ойлаймын. Өйткені мұғалім бағаны оқушының көзінше қойып, бала өз нәтижесін көріп отыратын, – дейді Қуаныш Слай.
Педагогтің пікірінше, соңғы жылдары мұғалімнің жұмысы тек сабақ берумен шектелмей, фото және видео есеп тапсыруға, әлеуметтік желіде белсенді болуға дейін кеңейіп кеткен.
Әр өткізілген іс-шарадан фото, видео сұрайды. «Сағат 12-ге дейін жүктеу керек» деген есептер толып жатыр. Мұғалім сабақ өте ме, әлде мобилограф па, соны түсінбей қаламыз кейде. Егер мемлекет шынымен рухани тәрбиеге мән бергісі келсе, бұл жұмыстарды халықпен, қоғаммен бірге жүргізуі керек. Ал мұғалімге, ең бастысы, оқыту мен тәрбиелеу міндетін атқаруға мүмкіндік беру керек, – деді.
Қуаныш Слайдың пікірінше, білім сапасын арттыру үшін ең әуелі мұғалімнің әлеуметтік жағдайы мен материалдық тұрақтылығы шешілуі тиіс.
Егер мұғалімнің еңбекақысы ішіп-жемі мен киіміне уайымсыз жететіндей болса, жүйкесі тозған ұстаздар болмас еді, сабақтың сапасы да артары сөзсіз. Ал қазір оқушыға бір қатты сөз айтуға да болмайды, «2» қойсаң, ата-анадан шағым түседі. Осы да үлкен проблема, – дейді ұстаз.
Астана қаласы М.Мақатаев атындағы 74 мектеп-гимназиясының информатика пәні мұғалімі Гүлжанат Күшайқызының айтуынша, бүгінде мұғалімдердің есеп-қисап жұмысы бұрынғыға қарағанда едәуір жеңілдеген.
Электронды журнал енгізілгелі мұғалімдердің қағазбастылығы азайды. Бір рет журналды толтырсаң, қажетті есептің бәрі автоматты түрде дайын болады, – дейді.
Дегенмен информатика пәні мұғалімдері үшін жүктеме көп екенін айтады.
Электронды журнал мен базаны толтыру, техникалық мәселелерді шешу бәрі біздің мойнымызда. Сондықтан бұл іспен айналысатын арнайы менеджер немесе команда қажет. Ал егде жастағы ұстаздар үшін электронды жүйелерді меңгеру біраз қиындық туғызатыны рас, – дейді М.Мақатаев атындағы 74 мектеп-гимназиясының информатика пәні мұғалімі Гүлжанат Күшайқызы.