Мұғалімдерді аттестациялау ережесіне өзгеріс енгізіле ме?

15 Мамыр 2023, 12:37 1267

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, жұмыс тобында осы мәселе бойынша талқылау жүргізіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Аттестациялау ережесіне өзгеріс енгізуге байланысты министрлік ішінде жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы жұмысын жалғастырып жатыр. Тестілеу тапсыруға, портфолиоға байланысты проблемалар бар. Қазір қандай шешім қабылданатыны қаралуда. Нақты шешім қабылданғанда сіздерге хабарлайтын боламыз, - деді ол.

Сондай-ақ ол журналистердің соңғы қоңырау күнін 31 мамырдан 25 мамырға өзгерту туралы сұрағына жауап берді.

Соңғы қоңырауға қатысты мәселелер шешілген. Соңғы қоңырау 31 мамырда өткізіледі. Бұл бойынша шешімдер қабылданып қойған, - деді ол.

Сонымен бірге «соңғы қоңырау салтанаты өткізіле ме?» деген сауалға жауап берді.

Соңғы қоңырау салтанатын өткізбеу туралы бұйрық шығарылған жоқ. Министрлік білім бөлімдеріне мұндай тапсырма бермеді. Соңғы қоңырау салтанатын, түлектер кешін қалай өткізетінін, мектепте немесе мектептен тыс жерде өтетінін әр мектеп жеке шешетін болады. Біз мектеп қабырғасында өткізуді ұсынамыз, - деді вице-министр.

Сондай-ақ ол оқушылар мен ата-аналар тарапынан мұғалімдерге кез келген сыйлық жасауға тыйым салынатынын еске салды.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: