Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің құқықтарын қорғау және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету ведомство қызметінің басты стратегиялық бағыттарының бірі екенін мәлімдеді.
Мұғалім мәртебесін қорғау және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ведомствоның стратегиялық басымдығы, – деді министр.
Министр азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, білім саласындағы өзекті құқықтық және әлеуметтік сұрақтарға жауап берді. Онлайн және офлайн форматта өткен қабылдауға педагогтер, заңгерлер және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Жұлдыз Сүлейменова білім беру жүйесін толық цифрландырудың маңыздылығына тоқталды.
Білім беру жүйесін цифрландыру – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюдың және шешім қабылдау үдерісінің объективтілігін қамтамасыз етудің кепілі, – деп атап өтті ол.
Министрдің айтуынша, құжат қабылдау процесін кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіру адам факторын азайтып, меритократия қағидатын нығайтады.
Бұған дейін министр өңірлердегі басқару этикасы мен педагогтердің еңбек құқықтарының сақталуына қатысты мәселелер көтерген болатын. Кейбір аймақтарда мектеп басшылары тарапынан әкімшілік қысым көрсету және заңсыз жұмыстан шеттету жағдайлары тіркелген.
Педагогтің құқығын аяққа таптайтын кез келген бюрократиялық кедергі мен қысымға негізделген басқару әдістеріне жол берілмейді. Әрбір заңсыз шеттетілген маман бойынша тексеру жүргізіліп, әділеттілік қалпына келтіріледі, – деді министр.
Оның сөзінше, әр мұғалімнің тағдыры – мемлекеттік маңызы бар мәселе.