Мұғалім мен директорға сыйлық жасау үшін ақша жинауға тыйым салынады – Шолпан Каринова

15 Мамыр 2023, 13:30 1188

Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде аяқталып келе жатқан оқу жылының алғашқы қорытындыларын таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Министрдің орынбасары соңғы қоңырау шаралары қалай ұйымдастырылатынын айтты.

«Соңғы қоңырау өткізілген жағдайда Оқу-ағарту министрлігі бұл іс-шараны 1 маусым - балаларды қорғау күніне орайластырып, соның форматында өткізуді ұсынды. Тағы бір айта кететін жайт, 9-11 сынып түлектері бітіру емтихандарын тапсырады. Тоғызыншы сынып бітірушілер қорытынды мектеп емтихандарын 2-13 маусым аралығында өткізеді. Ал 11 сынып түлектері мемлекеттік емтиханды 5-19 маусым арасында тапсырады. Аттестат тапсыру салтанаты өткізіледі. Бұл шараларды 20,21,22 маусым күндері өткізуді ұсынып отырмыз», - деді ол.

Шолпан Каринова соңғы қоңырауға деп ақша жинау заңсыз екенін еске салды.

«Атап өтейін дегенім, сынып сағатын өткізу кезінде, аттестат тапсыру, салтанатты линейка кезінде педагогикалық этиканы сақтап, сыбайласқан заңсыздықтың алдын алу үшін ата-аналардан іс шара өткізуге, аниматорларды, мерекелік кеш ұйымдастыратын агенттіктерді, жеке студияларды жалдап шақыру үшін қаражат жинауға тыйым салынады және педагогтерге мектеп әкімшіліктеріне сыйлық жасау үшін ешбір қаражат ата-аналардан, басқа жерлерден де жинауға тыйым салынатынын қатаң түрде ескертеміз», - деді вице-министр.

Равиль Ашығали
Бөлісу: