Мойындағы әжімді қалай кетіруге болады?

25 Шілде 2023, 18:00 2937

Адамның жасы ұлғайған сайын әжімдері де көбейе бастайды. Ал оған бірнеше факторлар себеп болады.  Мәселен, күнге күю, денедегі артық салмақ, генетика, дұрыс күтінбеудің барлығы теріге тікелей әсер етеді.

Жалпы адамның қартаюы, уақыт өте әжімдердің пайда болуы – биологиялық процесс. Біз мұны тоқтата алмағанымызбен, онымен күресудің бірнеше тәсілін ұсына аламыз.

Күннен қорғану

Ультракүлгін сәулелер мойындағы «Венера сақинасы» мен әжімдердің пайда болуының негізгі факторының бірі десе де болады. Одан қорғану үшін күн сайын, тіпті, бұлтты күндерде де күннен қорғайтын SPF кремді қолданған жөн. Теріңізді зақымданудан қорғау, жаңа әжімдердің пайда болмауы үшін сыртқа шығар алдында мойныңызға крем жағып шығуға кеңес береміз.

Мойынға арналған жаттығуларды жасау

Әжімдерден арылудың тағы бір жолы – жаттығу жасау. Осы ретте мойынға арналған жаттығу түрлерінің бірқатарына тоқтала кетейік.

Бірінші жаттығу

Тіке отырып, иегіңізді төбеге жететіндей жоғары көтеріңіз. Іштей 10-ға дейін санап, басыңызды жоғары қалыпта ұстаңыз. Содан кейін иегіңізді босатып, жаттығуды 5-10 рет қайталаңыз.

Екінші жаттығу

Бұл жаттығуды өзіңізге ыңғайлы қалыпта отырып немесе тұрып істегеніңіз дұрыс болады. Иегіңіз кеудеге тиіп тұратындай басыңызды еңкейтіңіз. Басыңызды баяу солға бұра бастап, бір уақытта оны жоғары көтеріп, бастапқы орнына оралыңыз. Кейін басыңызды оңға бұра отырып, қозғалысты қайталаңыз. Жаттығуды әр бағытта 5-10 рет қайталаңыз.

Үшінші жаттығу

Алдымен басыңызды баяу оңға бұрып, иегіңізді иығыңызға қоюға тырысыңыз. Осы позицияны 10-ға дейін санағанша ұстаңыз. Кейін басыңызды солға бұрып, дәл осы қозғалысты қайталаңыз. Әр бағытты 5-10 рет қайталаңыз.

Төртінші жаттығу

Екі қолыңыздың саусақтарын мойынның алдыңғы жағына қойыңыз. Саусақтарыңызбен мойыныңызды басып тұрып, терісін ақырын тартыңыз. Осы позицияны 10-ға санағанға дейін ұстаңыз. Сосын теріні босатып, жаттығуды 5-10 рет қайталаңыз.

Жоғарыда аталған жаттығуларды үздіксіз аптасына 2-3 рет орындап тұрыңыз.

Теріге күтіммен қарау

Адамның мойыны да беті пен қолы секілді күтімді қажет етеді. Сондықтан, мейлінше әжімге қарсы маскаларды пайдаланып, кремдерді жағып тұру керек. Назарларыңызға тері күтіміне арналған маскаларды ұсынамыз.

Картоп пен қиярдан жасалған маска

Алдымен картопты үккіштен өткізіп, оған 2-3 ас қасық қияр сығындысын қосыңыз. Дайын құрамды теріңізге жағып, сыртынан жылы орамалмен басыңыз. 15 минут өткеннен кейін масканы жуып, бетіңізге құнарландырушы крем жағып қойыңыз. Бұл процедураны аптасына 1 рет қайталап тұруыңызға болады.

Ашытқы тоник маскасы

Бұл масканы теріңіз майланған кезде қолданғаныңыз дұрыс. 10 грамм ашытқыны 2 ас қасық жылы сүтке араластырыңыз. Одан кейін 1 жұмыртқа мен 1 шай қасық лимон суын қосыңыз. Енді осы қоспаны қоймалжың, біркелкі массаға айналдыру үшін 1-2 шай қасық ұн қосыңыз. Масканы мойынға жұқа етіп жағыңыз. Шамамен 20-30 минуттан соң жылы сумен жуып тастаңыз.

Сәбізден жасалған маска

Сәбізден маска дайындау үшін алдымен оны үккіштен өткізіп, 1 ас қасық зәйтүн немесе кокос майын қосыңыз. Егер сізде мұндай қажетті майлар болмаса, оны өсімдік майымен алмастырсаңыз болады. Дайын болған масканы тазартылған мойынға дәкенің көмегімен мұқият орап, 15-20 минутқа қалдырып қойыңыз. Сәбіз маскасы тек мойынның терісін ылғалдандырып қана қоймай, сондай-ақ өлі жасушалардан арылтып, терінің мерзімінен бұрын қартаюының алдын алады.

Нәрлендіретін жұмыртқа-бал маскасы

Бұл масканы дайындау үшін 1 ас қасық балға 2 дана жұмыртқаның сарыуызын қосыңыз. Содан соң үстіне 1 ас қасық зәйтүн майы мен 2-3 ас қасық қара бидай ұнын қосып, қоймалжыңға айналғанша араластырыңыз. Дайын болған масканы дәкеге жағып, мойынға ораңыз. Жарты сағат өткеннен кейін бетіңізді жылы сумен жуыңыз.

Сұлулық салонына бару

Егер мойныңыздағы әжімдер тым көп болып, үй жағдайындағы күтім өз нәтижесін бермесе, онда сіз сұлулық салонындағы мамандардың көмегіне жүгіне аласыз. Мойындағы әжімдерді кетіруге арналған әдістердің қатарында радиожиілік, ультрадыбыстық және толтырғыш инъекциялары бар. Аталған процедуралар терінің сыртқы бөлігін жақсартуға, әжімдерді азайтуға және терінің серпімділігін арттыруға септігін тигізеді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: