Монументалистік өнер ой тазалығын талап етеді

15 Мамыр 2019, 17:22 9155

Суретші-монументалист Аманат Назарқұлмен сұхбат

Өмірін өнерге арнаған дарын, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркемсурет академиясының академигі, танымал суретші, монументалистік кескіндеменің хас шебері Аманат Назарқұлдың елордада  жеке көрмесі өтіп жатыр. Жасы алпыстан асса да, қолынан қылқаламды бір сәтке тастамаған талант иесінің көрмесінен көпшілік назарына көп іліне бермеген туындылары да орын алыпты. Тура бір аптаға жалғасатын «суреттер мекеніне» біз де барып, талантты суретшімен сұхбаттасып қайтқан едік.

Фотода: Аманат Назарқұл

– Суретшілік-монументалистік өнерге құштарлығыңыз қалай оянды?

– Суреттерді мен ес білгеннен бері  сала бастадым. Әсіресе, 5-6 жасымда таңнан қара кешке дейін терезенің алдында отырып, ермексаздан түрлі автоматтар мен пулеметтер жасап, немістің танкілерімен қақтығысып, соғыс алаңында жүргендей ойнайтынмын. Ермексаздан одан басқа да түрлі мүсіндер жасап үйрене бастадым. Қолымнан шыққан дүниелерім өз иелеріне аса ұқсамаса да өзім мәз болушы ем. Осылайша сурет өнеріне деген қызығушылық мектеп табалдырығын аттамай тұрып-ақ ақырындап ояна бастады. Өкінішке қарай, менің өнерімді ата-анам да, жақын туыстарым да елемеді. Өзім де, келешегім осы саламен тығыз байланысты болатынына сенбегенмін. Кейін мектепте оқып жүргенде қабырға газеттеріне адамдардың бейнесін айнытпай сала бастадым. Мектепті бітірер кезде көзім жарақаттанып, ауруханаға түстім. Сол кезде көрші палатада жатқан суретшімен танысып, оған өзімнің осы уақытқа дейін салған туындыларымды көрсеттім. Ол өзінің кәсіби бағасын, өмірімді басқа арнаға бұрған ақыл-кеңестерін берді. Осыдан кейін қалайда талайды мойындатар суретші болам деп мақсат қойдым. Оның үстіне бұл менің қанымда бар қасиет. Нағашы атам әулетімен ауылдың ұстасы болған жандар. Атамның өз қолымен жасаған ағаш бесік, ыдыс-аяқтары арада 60 жылдан аса уақыт өтсе де, үйімізде әлі сақтаулы тұр. Алға қойған нық мақсатымның арқасында Мәскеудегі И.Суриков атындағы бейнелеу өнері институтына оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, өзімнің туған жерім Тараз қаласында қызмет жолымды бастадым.

Фотода: Тәуелсіздік сарайында Аманат Назарқұлдың жеке көрмесі

– Сіздіңше, суретші болу үшін не қажет?

– Негізі суретші болу үшін арнайы оқу орнын бітіру керек деп ойлаймын. Ең бастысы – өзіңнің айналысатын жұмысыңды, яғни өнеріңді сүю керек.  Мен еш уақытта суреттерді  мол пайда табам деген оймен салмаймын. Салынатын картинаның сатылып-сатылмауы мен үшін маңызды емес. Бір білетінім, жүрегіммен, таза ниетпен салынған кез келген туынды келешекте өзінің көрерменін табады. Екіншіден, суреттердің авторы ретінде философиялық тұрғыдан ойлай білудің маңызы зор. Демек, автор картинада артық не кем бөлшек болмауын, бәрі бір-бірімен үйлесім тауып тұруын жіті қадағалау керек. Үшіншіден, мүсінші ешуақытта қателеспеуі тиіс. Яғни, өзің жасап шыққан суреттің не мүсіннің ғұмыры ұзақ болуы басты орынға шығуы шарт. Меніңше, бүгін істеп, ертең көптің көзінше қирамайтындай сапалы дүниелер жасап шығарудың маңызы жоғары.

– Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан көрмеге қандай композициялар қойылған?

– Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы болды. Соған орай, 14 желтоқсан күні «Шабыт» қазақ ұлттық өнер университетінде «Мәңгілік өмір симфониясы» атты  көрме өткіздім. Онда бір жарым айдай тұрған соң, наурызда Тәуелсіздік сарайында жалғастырдым. Яғни, бұл көрме  талантты жазушы ағамыздың 90 жылдығына арналып өткізілген көрменің желісі бойынша өтіп жатыр. Мұнда бас-аяғы 30-дан аса жұмыс қойылған. Оның 27-і графикалық картина, ал қалғаны кескіндемелер. Көрмеге келушілер көне түркі әлеміне саяхаттап, ерте замандардағы сақ, ғұн сынды тайпалармен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады. Негізінен бұл тақырыпқа осыдан 2-3 жылдан бері әр түрлі картиналар салумен айналысып жүрмін. Алдағы уақытта да ары қарай жалғастырмақ ниеттемін.

Фотода: Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов

– Сонда бір картинаны салуға қанша уақыт жұмсайсыз?

– Ақ қағазға көмір қарандашпен бір туындыны салып шығуға 10 күн кетеді. Бір айта кетерлігі – мен эскизсіз 10 күн жұмсаймын. Мәселен, суретшілер эскизін салуға 1 аптадай уақыт кетіреді. Ал оны басынан соңына дейін толық аяқтап шығуға шамамен 1 не 1,5 айдай жұмсап жатады. Оның өзінде қолдарында нақты композицияның жоспары, кейіпкерлердің образдары табылып жатса ғана, осыншама уақыт кетеді.  Көрмеде өзіңіз көрген «Көкпар.Дода» атты композицияны он күнде-ақ салып бітірдім.  Егер де нені салғың келетінінді нақты білсең, құлшыныс та, жылдамдық да өте күшті болады. Бастысы қолына қылқаламды алып, сурет салуға кірісетін кезде, бейнесін қағазға түсіретін адамның кейпіне кіруің қажет. Өзіңді соның ішкі жан дүниесімен байланыстырып, оның нені айтқысы келгенін бәрін іштей сезу керексің.

Фотода: «Астана – жастар мен білім қаласы» атты монументальдық картина​

– Осы уақытқа дейін салған картиналардың ішінде қай кескіндемеңіз  көлемі жағынан өте үлкен?

– Қазіргі кезде астанамыздағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің кіре беріс залындағы қабырғалардың бірінде «Астана – жастар мен білім қаласы» және «Қасиетті билер елі» деп аталатын монументалды көлемді суреттер бар. Бұларды салуды мен 2011 жылы қарашаның 21-інде бастап, келесі жылы қазан айының басында аяқтадым. Жалпы, тоғыз ай тоғыз күн уақыт жұмсадым. Бұлар осы уақытқа дейін салған картиналардан көлемі жағынан едәуір үлкен. Әрқайсысы – 32 шаршы метр. «Астана – жастық пен білім қаласы» деп аталатын картинаның ені – 3,45 метр, ұзындығы – 8,75 метр болады.  Ол бұрынғы советтік кеңістіктегі ең үлкен кескіндемелік туынды.  Мұнда 2008 жылы бір нысанның ашылу салтанатына келген  елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ортасында тұр. Ал сол жағында сол кездегі шаһар әкімі Иманғали Тасмағанбетов және оң жағында марқұм Мақсұт Нәрікбаев бейнеленген. Олардың жанында қызыл түсті ұлттық киім киген бойжеткен ақ көгершінді қолынан ұшырып жатыр. Картинада сот төрелігі құдайының мүсіні бейнеленген. Елорданың символына айналған «Бәйтерек» монументі, «Хан шатыр» және Бейбітшілік пен келісім сарайының көріністерін де байқауға болады. Ал картинаның оң жағынан академиктер мен оқытушылардың  қатарынан түркі елінің ойшылы Жүсіп Баласағұн да орын алған. Университет холындағы осы картинаға қарсы қабырғада «Қасиетті билер елі» деп аталатын туындым ілулі тұр. Мұнда Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би және Әйтеке би бейнеленген.

Фотода: «Қасиетті билер елі» атты монументальдық картина

– Тәуелсіздік сарайында көрме залының қақ ортасында ілулі тұрған «Ұлы дала таңы» атты композициясын салуға да шамамен 7-8 айдай уақыт жұмсаған екенсіз...

– Иә, дұрыс айтасыз. Бұған шамамен осыншама уақыт кетті.  Қазір көрермен назарына жол тартқан бұл позитивті картинаны былтыр осы уақытта салып жатқан едім. Мұнда өздеріңіз көргендей, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және еліміздің бір топ жарық жұлдыздары  әнші Димаш Құдайберген,  боксшылар  Геннадий Головкин, Қанат Ислам және қазақ күресінің жұлдызы Бейбіт Ыстыбаев және тағы басқалары бейнеленген. Бәрі бір-бірімен керемет үйлесім тапқан. Суретші осының бәрін жүрек қалауымен әдемілікпен орналастыра білуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, тайға таңба басқандай тұру керек.  Мәселен,  Генадий Головкин мен Димаш Құдайбергеннің бойларының биіктігі не тым  ұзын не тым кішірейіп қалмау керек. Былай қарасаңыз, бәрі оңай дүние болып көрінгенмен, мұның артында қаншама еңбек жатыр. Мысалы, картинадағы жүгіріп келе жатқан қызды алайық... Оның жасы нешеде болу керек? Қалай тұрады? Неге дәл осы қыздың қолында көгершін болу керек? Мұның бәрін өз орнымен қойып, композицияны сәтті аяқтадым деп ойлаймын. Ал артқы жағында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, бата беріп тұрған ақсақалды қария, жақында өткен халықаралық ЭКСПО көрмесі секілді архитектуралық туындылар біздің елді бейнелеп тұр. Егер сол элементтердің біреуі салынбай қалса, композиция сол жерде өледі. Суретшінің көрерменге жеткізгісі келген айтар ойы жоғалады. Мұның көлемі шамамен 1,25*2,50 см болды.

Фотода: «Ұлы дала таңы» атты композиция

– Өзіңіз тәрбиелеп жатқан шәкірттеріңіз бар ма?

– Шәкірттерім бар. Олардың көбісі  қазір Мәскеуде білімдерін шыңдап жатыр. Оларға суретші болу үшін еліміздің ғана емес, дүние жүзінің бейнелеу өнерінен хабардар болып отырулары қажет екенін әрқашан айтып отырамын.

Фотода: «Көкпар.Дода» композициясы

– Шәкірттеріңізді сурет өнеріне қалай тәрбиелейсіз? Өзіңіздің жеке тәсіліңіз бар ма?

– Менің ойымша,  бойында таланты бар, өнерге бір табан жақын балаға бағыт-бағдар берген дұрыс. Оны ынталандыратын сөздер айтып тұрсаңыз, баланың бойында өзінің айналысып жатқан ісіне деген қызығушылық пайда бола бастайды. Мысалы, мен оларға сурет салдырамын. Кейін солардың ішінен ең жақсысын таңдап алып, барлығына көрсетемін де: «осылай салсаңдар, сендерден болашақта мықты суретші шығады», - деп демеп қоямын. Балалар өздерінің кемшіліктерімен жұмыс істеп, түзетіп, келесі де одан да жақсырақ етіп салуға ынталанады.

– Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай туған жеріңіз Тараз  қаласына  қойған монумент жайында айта кетсеңіз...

– Иә, осыдан үш жыл бұрын, яғни 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Тараз қаласында «Гүлденген Қазақстан» деп аталатын монумент қойдым. Бұл туындым қалаға әдемі сән беріп, архитектуралық жағынан жақсы жұмыс болып шықты. Сәулетті туындым шаһардың шамамен жарты гектар аумағын алып жатыр. Монументтің сәтті шығуына жергілікті үш сәулетші қол ұшын созды. Биіктігі 16 метр болатын оған мәңгілік сүйіспеншілік белгісі травертин тасынан арқа ретінде қаланды. Оның жоғары жағында киелі шаңырақ бейнеленген. Жібек жолы бойында орын тепкен монументтің айналасы тұрғындар мен қала қонақтарына тынығып, серуендеуге таптырмас орын. Менің ойымша, мұндай құнды мұра жұртшылық көңілінен шығады деп ойлаймын.

– Сұқбатыңызға рақмет. Шығармашылық табыс тілеймін.

(Суреттер Аманат Назарқұлдың жеке мұрағатынан)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: