Белгілі әзілкеш Тұрсынбек пен Мөлдір Мұқанова арасындағы жағдайға байланысты Мөлдірдің туған әпкесі сіңлісіне ашық қолдау білдіріп, желіде жазба жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әпкесінің айтуынша, қоғамда бұл жұп туралы түрлі пікір айтылып жатқанымен, Мөлдірдің сабырлы мінезі мен тектілігі бәрінен жоғары тұр.
Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаң, барлығы ақылды болып, Тұрсынбек пен Мөлдір жайлы пікір жазып жатыр. Көбісі Мөлдірді қолдап жатқанын көріп отырмыз. Мен бұл жерде Мөлдірдің әке-шешеміздің қанымен, тәрбиесімен келген тектілігін айтқым келеді. Ол қанша опасыздық көрсе де, Тұрсынбекті мырза ретінде сыйлап сөйледі, оның көңілдесі туралы бір ауыз жаман сөз айтқан жоқ, – деді ол.
Оның сөзінше, отбасы Мөлдірдің көрген қиындықтарын жақсы біледі, бірақ «абыройды сақтау үшін» көп жайтты жария етпеген.
Әпкесі ретінде мен де көп нәрсені білемін. Айтылуы тиіс болған небір сұмпайы тірліктер Тұрсынбектің абыройы үшін айтылған жоқ. Мөлдір жоғары тұрды, олардың деңгейіне түспеді. 14 жыл бойы бәріне шыдады, себебі біздің әулет үшін отбасы құндылығы әрқашан бірінші орында болды, – деп жазды ол.
Әпкесі сондай-ақ олардың отбасында тектілік пен сабырлықтың әрдайым басты құндылық болғанын да атап өтті.
Біз әке-шешеміздің бір-біріне дауыс көтермегенін, бәрін ақылмен шешкенін көріп өстік. Үйде әкеміздің шешесі мен анамыздың әкесі бір шаңырақ астында еш кикілжіңсіз өмір сүрді. Ал қазір туған бауырын сыйғызбай, ата-анасын үйінен қуғандарды көріп отырмыз. Міне, айырмашылық – біздің әке-шешеміздің тектілігі осында, – деді ол.
Сонымен қатар ол Мөлдірдің сұхбатында бәрі толық айтылмағанын, тек бір бөлігі ғана ашылғанын жеткізді.
Мөлдір ешкімнің аяғанына мұқтаж емес. Өмір бізді ерте есейтіп, талай сынақтан өткізді. Оның берген сұхбаты – жан дүниесінің айнасы. Өзінің де айтқанындай, көптеген нәрселердің тек шеті ғана айтылды. Енді осымен шулата бермей, Мөлдірге қолдау көрсетейік. Өзімізді, балаларымызды дамытуға, дұрыс тәрбие беруге ұмтылайық. Ұлттың болашағы – отбасы мен тәрбиеде, – деді ол.
Жазбасын әпкесі жылы сөзбен қорытындылады:
Мөлдір жалғыз емес. Оның жанында жанын берер бес бауыры, аялайтын ағайындары мен шын жанашыр достары бар. Сол себепті бәрі біз ойлағаннан да жақсы болады деп сенемін, – деп түйіндеді ол.