Мәдениет және спорт министрлігі танымал блогер, әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жары Мөлдір Мұқанованы заңсыз онлайн-ұтыс ойындарын өткізген тұлғалар қатарына енгізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ведомствоның мәліметінше, Мөлдір Мұқанова (Instagram-аккаунты Moldir.mt, 2,3 млн жазылушы) ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ол 589 800 теңге (150 айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл төлеген.
Мұқановадан бөлек, бірқатар танымал тұлға да заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін жазаланған. Мәселен, сәуір айында блогер Дархан Жолшыбек (3,1 млн жазылушы) дәл осындай құқықбұзушылық үшін 393 200 теңге (100 АЕК) айыппұл төлеген.
Министрлік тізіміне енген өзге тұлғалар:
актер Рамазан Амантай («Мафия», «Заманback», «Бизнес по-казахски» фильмдерінің қатысушысы) – 393 200 теңге (100 АЕК);
блогер Мереке Қалбаева (merekusha.k, 1,3 млн жазылушы) – 589 800 теңге (150 АЕК);
Нұрбек Нұртаза (justking31) – 1 179 600 теңге (300 АЕК);
Әлия Байтуғаева (super.mamasita, 7 млн жазылушы) – 825 720 теңге (210 АЕК);
Амина Нұртаза (aminaxo26, 7 млн жазылушы) – 825 720 теңге (210 АЕК);
Қайсар Қамза (qais_arr, 2,4 млн жазылушы) – 1 179 600 теңге (300 АЕК);
Алмасбек Батыр (almasbek_batyr, 1,8 млн жазылушы) – 589 800 теңге (150 АЕК).
Министрліктің дерегінше, жыл басынан бері 90-ға жуық құқықбұзушылық анықталып, олардың жалпы айыппұл сомасы 40 миллион теңгеден асқан.
Еске салайық, Қазақстанда лотерея ұйымдастыру құқығы тек лицензияланған операторларға ғана берілген. Ал рұқсатсыз мұндай ұтыс өткізген жеке тұлғаларға 100 АЕК, кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға 300 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.
Жеке тұлғалар мен блогерлердің, сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің тауар не қызмет сатуды ынталандыру мақсатында лотерея түрінде ұтыс ұйымдастыруға құқығы жоқ, – деп атап өтті Туризм және спорт министрлігіне қарасты Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитеті.
Бұған дейін Мөлдір Мұқанованың әпкесі ел білмейтін шындықты айтқаны туралы жазып едік.