«Мобилографсыз бардым». Депутат Ардақ Назаров көптің сынына жауап берді

16 Қазан, 14:00 846

Әлеуметтік желіде Талғарға мобилографпен барды деген мәжіліс депутаты Ардақ Назаров өзіне тағылған сынға жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ардақ Назаров Талғарға депутат ретінде емес, азамат ретінде барғанын түсіндірді.

Өзім Алматы облысының азаматымын. Өңірде болып жатқан жағдайды Алматы облысының әкімшілігінен, Талғар ауданының ішкі істер департаментінен сұрап, біліп отырдым. Соңында істің ушығып бара жатқанын көріп, әлеуметтік желіде айтылып жатқан қорқытуларды, халықтың кейбір сөздерін естіп, азамат ретінде барып көзбен көрейін деп шештім. Қаржаубай Нұрымовтың жағдайы қалай болып жатқанын білейін дедім. Бір жағынан қайғырып отырған отбасына көңіл айтайын деген мақсатпен бардым. Ешкімнің тапсырмасынсыз бардым, - деді мәжілісмен.

Депутат Талғарға барған соң ең алдымен қылмыс болған «Қамажай» дүкеніне, сосын өртенген үйге барғанын айтты.

Үйдің жанында полиция қызметкерлері болды. Үйді қоршап, тексеріс жүргізіп жатты. Тергеу нәтижелерінің қалай болғанын өздеріңізде жақсы білесіздер. Кеше Ішкі істер министрлігі барлық мән-жайды айтты. Қасыма түсіретін адамды ертіп бармадым. Жалпы өзіммен ешкімді ертпедім. Тек спортшы досым болды. Ал желіде сынға қалған видеоны өзім салдым. Жалпы халық барсаң да ренжиді, бармасаң да ренжиді. «Осыған хайп керек пе?» деп айтады. Алматы облысының азаматы ретінде бармайтын болсам, онда халық тағы «Неге депутат ретінде бармай отыр? Неге біз оны сайладық?» деп айтады. Сондықтан мен депутат ретінде емес, азамат ретінде бардым. Шындықты көріп, өз аузынан естігім келді, - деді ол.

Ардақ Назаров Шерзаттың әкесімен кездесіп, сөйлескенін айта кетті.

Кішкентай жас баланың қыршыннан қиылғанын көрдік. Біз де әкеміз. Біздің ініміз, бауырымыз, балаларымыз бар. Қаржаубай бауырымның отбасына кірдім. Үйдің төрінде үлкен ата отыр екен. Қайғырып, құлазып, немересінен айырылып отыр. Оның қасынан әжені көрдім. «Өзім тәрбиелеген жарығым» деп жылады. Қаржаубай «Ардақ аға, мен сізбен бұрыннан танысқым келуші еді, бірақ осындай жағдайда танысқаным ыңғайсыз болды» деді. Бірақ ол үй өртенгеніне де ренжімейтінін және үй сұрамайтынын айтты. «Тек бір нәрсе сұраймын – барлығы әділ түрде заңмен шешілсе екен» деп жеткізді. Қаржаубай Нұрымовтың салқынқандылығына риза болдым. Ешқандай эмоция көрсетпеді. Өте байсалды түрде жауап берді, - деді мәжілісмен.

Депутат Ардақ Назаров Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың қысымға ұшырағаны жалған ақпарат екенін атап өтті.

Миражан Махан
Бөлісу: